Жаңалықтар

Сығанақ – Ұлы дала елінің саяси орталығы

Орда Еженнен Керей мен Жәнібек хандар тараса, Шайбаннан Әбілқайыр хан негіз алады. Демек бұлар Жошының тікелей ұрпақтары.
Сығанақ – Ұлы дала елінің саяси орталығы
Фото: egemen.kz 17.10.2022 18:12 3940

Иран, Израиль, Египет, Грекия, Италия және т.б. елдер тарихи ескерткіштеріне ерекше мән беріп, көзінің қарашығындай қорғайды. Израильдің ашық аспан астындағы музейді арнайы көру үшін туристер ағылады. Еврийлердің көне орталықтарын өрнектейтін макеттерді көруге қызығушы жұрт көп. Иранда да көне қалаларды қайта қалпына келтіріп, әлем елдеріне өзінің тарихын танытуға әрі туристерді тартуға талпынып отыр. Ұлы Дала елі әлемдік өркениеттің бір бөлшегі десек, Еуразияның жарты шарына әмірі жүрген Түрік қағанаты, Алтын Орда дәуірінде ірі-ірі сауда орталықтары дамыды. Соның бірі – Сығанақ шаһары. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан ортағасырлық шаһарда археологиялық қазба жұмыстарын жүйелеп, қайта қалпына келтірсе, туристерді көптеп тартуға әбден болады. Екінші жағы ата-бабаларымыздың қала өркениетін дамытқаны туралы әйгілеуге жол ашылар еді.   

Біз Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Сығанақ шаһарына Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяғанмен бірге бардық. Жол үстінде тарихшыдан ортағасырлық қаланың Ұлы Дала еліндегі саяси-экономикалық, рухани-мәдени орнын білдік. 

Елдің тағдырлы кезеңіндегі тарихын топыраққа жұтқан Сығанақ шаһары Қыпшақ мемлекеті мен Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығы мен Қазақ хандығының астанасы болды. Мұны тарихи дәректер әйгілейді. Бірнеше ғасыр бойы көшпелі халықтың саяси орталығы болған қаланың тарихын танып, маңызын әйгілеуге асықпай отырмыз. Ғалым сөздің басын осыдан бастап:

– Үкімет Түркістан қаласының екінші танысын ашып, қайта жаңғыртып, туристер үшін тартымды қалаға айналдыруға мән беруде. Кезінде Еуропа мен Азияны жалғаған Ұлы Жібек жолы елдер мен қалалардың негізгі экономикалық қуат көзі саналды. Сол себепті Жетісудан Жайыққа дейінгі жүздеген қалалардың дамуы сауда-саттыққа тікелей байланысты болды. Алтын Орданың (Ұлық Ұлыс) құлдырауының бірден-бір себебі құрлықтағы сауда жолы теңізге ауысуынан орын алды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзинтік жолы Жібек Жолының бүгін баламасы деуге толық негіз бар. Теңіз жолына қараған құрлықтағы жол 8-10 күнді қысқартып, тауардың сапасын сақтауға мол мүмкіндік береді. Бүгінде Қытайдан басталып Еуропаға жалғасатын жолда жүздеген жүк көлігі ағылып жатыр. Соларға қызмет көрсететін орталықтар керек-ақ. Түркістан қаласы осындай міндетті атқаруда маңызды рөлге ие. Біріншіден, қаланың тарихи мәні зор. Екіншіден, тоғыз жолдың тоғысқан тұсында тұр. Үшіншіден, бұл қала елдің сауда-экономикалық, сервистік қызмет көрсететін орталығының бірі.

Енді осы жолдың бойында жатқан Сығанаққа да мемлекеттік деңгейде мән берсе, көне қала түлеп, түрленіп, тарихи мәні ашылып, үлкен туристік орталыққа айналар еді, – деді.

Топыраққа көмілген көне шаһардың бүгінгі кейпін көрген тарихшы-ғалым сөзін ары қарай сабақтап:

– Сығанақ шаһары туралы деректар ІХ-Х ғасырда парсы, араб елдерінен көруге болады. Мәселен, X ғасырдағы «Худуд әл-Әлемде» деген парсы шығармасында 982 жылы түзілгені жазылады. Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси Сығанақты Отырармен кіндігі егіз қала деп көрсетеді. Ибн Хальдун, Мұхаммад Хайдар Дулати, Муншидің еңбектеріне қарағанда, бір кездері Сығанақ шаһары Самарканд, Бұхараға қарағанда әйгілі болғанға ұқсайды.

– Орта ғасырлың қалалардың ішінде Сығанақтың әйгілі болуының сыры неде?

– Оның бір себебі – 2 мың жылға жуық Ұлы даланың саяси-мәдени орталығы болды. Қыпшақ хандығы (ХІ-ХІІ ғғ.), Ақ Орда (ХІІІ-ХІV ғғ.), Әбілқайыр хандығы (ХV ғ.), Қазақ хандығы (ХVІ ғ.) ел орталығы етті. Екіншіден, Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда-экономикалық орталыққа айналды. Бұған Фазлах ибн-Рузбиханның «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды» деген сөзі дәлел болады. Үшіншіден, Сығанақ – рухани-мәдени және діни-ағартушылық орталық ретінде танылды. Мұндағы мектеп-медреселер, мешіттер, кітапханалар шаһардың даңқын асырды. Тіпті арап-парсы деректерінде Берке хан ислам дінін Сығанақта қабылдағанын білеміз.

Сондай-ақ ортағысырлық өнеркәсіп орындары қалыптасты, қолөнер жақсы дамыды, егін және мал шаруашылығымен әйгіленді. Қаланың маңында жүзім, алма бақтары болды және жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpдi. Мұны Фазлах ибн-Рузбиханның еңбегінен табуға болады.

Еуропалық көпестер, саяхатшылар, дипломаттар Ұлы Далаға көптеп келіп, Сығанақ қаласына арнайы тоқтады. Олардың қатарына Марко Поло, Рубрук Вильгений, Плано Карпиниды жатқызу керек. Гетун деген армян патшасы Қарақорымға бара жатқанында Сығанаққа тоқтап, шаһарда болғаны жазылады.

Қала үшін Ақ Орда хандары мен Темір ұлысы арасында, қазақ хандары Бұрындық, Қасым мен көшпелі өзбек ханы Мұхаммед Шайбани соғысты. Осыдан-ақ уақытында қаланың саяси мәні зор болғанын пайымдауға болады.

– Әсіресе, Қазақ хандары мен Көшпелі өзбектің басшылары Сығанаққа қатты таласты. Неге?

– Орда Еженнен Керей мен Жәнібек хандар тараса, Шайбаннан Әбілқайыр хан негіз алады. Демек бұлар Жошының тікелей ұрпақтары.

Орда Еженнің ұрпағы Ұрыс хан Ақ Орданың саяси тәуелсіздігін нығайтуға мейлінше күш салып, 1361-1376 жылдары Сығанақта билік етеді. Одан кейін Барақ хан Сығанақты қайта қалпына келтіріп, Ақ Орданы саяси күшке айналдырады. Барақ қайтыс болғаннан кейін, Темір әулетінің толассыз шабуылдарынан мейлінше әлсіреп, ондағы билік Шайбан ұрпағынан шыққан Әбілқайыр ханның қолына өтеді. Іс жүзінде Ақ Орда өмір сүруін тоқтатып, оның орнына Әбілқайыр хандығы пайда болды.

Ұрыс хан мен оның ұрпақтары Ақ Орданы билеушісі ретінде, Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақтың билеушісі ретінде Сығанаққа иелік етеді. Яғни қазақ хандары да, шайбанилер де Сығанақ қаласына таласуы заңдылық. Олар бабасының билік еткен қаласы ретінде қарап, өз иелігіне қайтаруға тырысты.

Сығанақ үшін Барақ хан Әмір Темір ұрпақтарымен, Қасым хан Шайбан ұрпақ­тарымен соғысып, өліспей-беріспейтінін көр­сеткені соңын себебі. Сығанақта Бұрын­дық хан, Хақназар хан және т.б билік құрғаны белгілі.

Кейінгі жылдары тарихшылар Ұрыс хан Сығанақта жерленген деген деректік келтіре бастады. Бұл туралы Қасым хан туралы көркем фильмінде да айтылады.

Қазақ ата-бабасының әруағын ерекше құрметтейтін халық. Бұл жерде Ұрыс хан мен Әбілқайыр хан жерленген болса, оның ұрпақтары өліспей-беріспей соғысатыны түсінікті болар. Әсересе, қазақ хандары Сығанаққа ерекше құрмет көрсетуінің сыры осында.

– Ғасырлар тоғысында Сығанақ қаласы саяси орталық болғандықтан, мұнда хан-сұлтандарды жерлейтін арнайы орын болуы мүмкін ғой! Айтқым келгені, көне шаһардың маңында пантеон болуы тиіс…

– Фазлаллах ибн Рузбиханның жазуынша, Дештінің атақты хандарының мәйіті міндетті түрде Сығанаққа жерленіп, қабірінің үстіне кесене (мавзолей) тұрғызылды. Әрі орнын Сығанақтан Сырдарияға қарай 5-6 шақырым жерде деп көрсетеді. Бұл – бүгінгі Жаңақорған ауданындағы Қожамберді ауылының іргесіндегі көне қорымға дәл келеді. Ұрыс (Орыс) хан, оның ұрпақтары Керей, Хақназар және т.б хандар сонда жатуы әбден мүмкін.

1468/69 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болып, Көккесенеге қойылды. Бұл – нақты дерек. Демек Көккесенеде Ақ Орда, Қазақ хандары мен шайбандардың көне мазараты болуы тиіс.

– Осында баға жетпес тарихи орынға мемлекеттік деңгейде мән беруге не кедергі? Жалпы Сығанақтың зерттеуле кезеңдері жайлы не дейсіз?

– Сығанақтың зерттелуін үш кезеңге бөліп қарастырған жөн. 1867 жылы Петр Лерх, 1901-1902 жылы Василий Каллаур, 1906-1907 жылы Иосиф Кастанье ежелгі қаланың орнын барлап, картаға түсіріп, сипаттап жазды. 1927 жылы Ресей ғылым академиясының жанындағы материалдық мәдениет институтының тапсырмасы бойынша Александр Якубовский Сығанақ қаласын тыңғылықты қарап шығады. Ол қаланың топографиялық жағына көңіл бөліп, сақтаулы тұрған ғимараттардың суретін түсіріп алады. Мұны бірінші кезеңге жатқызу керек.

Екінші кезеңге ХХ ғасырдың 40-70 жылдарын қарастыруға болады. Александр Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициялық зерттеу жұмысын жүргізді. Ғалымдар Кемел Ақышев, Карл Байпақов орта ғасырлық қалалар жайлы кітап жазды. Ерболат Смағұлов экспедициялық зерттеу жұмысын жүргізді.

Үшінші кезеңі Тәуелсіздік жылдардың алғашқы кезеңімен тұспа-тұс келеді. Сығанақ қаласының аумағын қоршауға алып, оны аспанасты мұражайға айналдыру керектігін көтерген профессор Сәйден Жолдасбаев және т.б ғалымдардың еңбегін ерекше атау керек.

Жалпы Сығанақ қаласын зерттеуде Кеңес кезеңінде қалыптасқан «орта ғасырлық қала» деген көзқарастан арылып, Ұлы даланың саяси һәм мәдени орталығы ретінде танып, зерттеу маңызды. Ол үшін мемлекеттік сана салтанат құрып, тарихи құндылықтарды қадірлей белетін рухани-мәдени кемелдене түсуіміз тиіс.

Әлі де болса Сығанақтың саяси мәнін анықтап, жан-жақты зерттей түсу қажет. Иран, Қытай, Түркия, Ресей, Иран, Италия және т.б. елдердегі архивтен Сығанақ қаласы жайлы тың жаңалықтар табатынымыз анық. Осыған мән берілсе, көне қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жаңа сатыға шығарып, археолог С.Жолдасбаев айтқандай, ашық аспан астындағы музейге айналдырса деген ой бар. Сонда ғана Сығанақ шаһарының ұлт дамуындағы орнын насихаттауға жол ашылады.

–      Сұхбатыңызға рахмет!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға