Жаңалықтар

Сүт безінің қатерлі ісігі: Қазақстанда жылына 1200 әйел қайтыс болады

Сүт безінің қатерлі ісігі: Қазақстанда жылына 1200 әйел қайтыс болады
Фото: iStock 31.03.2023 18:00 2559

Омырау ауруы, сүт безі ісігі әйел адамдарда ең жиі кездесетін аурудың бірі. Көбінесе орта жастағы әйелдер де кездеседі. Оның алғашқы белгілері қандай және аурудың қалай алдын алу керек, жалпы бұл ауру неден туындайды? Бұл жөнінде маммолог мамандармен кеңесіп, пікірін білдік.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы 1993 жылы 1 қазан күнін халықаралық сүт безі қатерлі ісігімен күрес күні ретінде бекіткен. Ең өкініштісі әлем елдерінің басым көпшілігі сүт безі қатерлі ісігі дерегі бойынша алдынғы қатарда. Орта есеппен Қазақстанда жыл сайын 5000-ға жуық сүт безі қатерлі ісігімен ауыратын науқас анықталып, 1200-ге дейін әйел қайтыс болады.

Әйелдер омырауы шаншып, ауырсынуды сезген жағдайда бұны көбінесе суық тию деп түсінеді. Дегенмен омырауға суық тиген күннің өзінде де маммолог маманның тексерілуінен өткен абзалырақ.

Аурудың алғашқы белгілері қандай?

Келесі белгілер пайда болған жағдайда міндетті түрде маммолог маманның кеңесіне жүгініңіз:

– Кеуделеріңіздің пішіні өзгеруі (кенеттен үлкейіп немесе асимметриялы болып кеткен жағдайда);

– Кеуде ісінуі және қызарып кетуі;

– Сіз етеккір цикліне қатысы жоқ тұрақты кеуде ауырсынуын сезінген жағдайда;

– Сіз емізікшелерден әдеттен тыс ағуды байқайсаңыз;

– Сүт безінің терісінде жаралар пайда болған жағдайда;

– Емізіктердің пішінінің өзгеруі;

– Қолтық асты лимфа түйіндері ұлғайған жағдайда.  

Бұл – омырау ауруларының алғашқы белгілері. Сондықтан мамандар көп уақытты жоғалтпай маманның көмегіне жүгінсе, түрлі аурулардың алдын алуға болатынын айтады. Дегенмен әйел күтінбей, уақытында маман кеңесіне жүгінбесе, қатерлі ісіктің туындауына да апарып соғады.

Сүт безінің қатерлі ісігі ең жиі кездесетін ауру. Дүниежүзінде бірінші орында. Қазақстанда жыл сайын 5000-нан астам жаңа жағдайы анықталады. Себептеріне тоқталсақ, біріншіден – жасы. Сүт безінің ауруы 40 пен 60 жас аралығында жиі анықталады.  Барлық жағдайлардың шамамен 50%-ы осы аралықта тіркеледі. Екіншіден,  тұқым қуалаушылықтан да болап жатады. Дегенмен, бұндай жағдай науқастардың  15%-ында ғана тіркеледі. Үшіншіден, етеккірдің 12 жасқа дейін басталуы және 55 жастан кейін тоқтауы, кеш босану және оның болмауы, сүт бедерінің жарақаттары, емізу болмағаны. Сондықтан әрдайым маманның кеңесіне жүгініп отыру қажет, - дейді маммолог Гүлжан Мирманова.

Маммолог маман әйелдер 25 жастан бастап ультрадыбыстық тексерілуден өтіп отыруы тиіс, әсіресе босанған әйелдер дейді. Әрине, егер ерте шағымдар болып жатса оған бей-жай қарамау керек.  Ал 40 жастан бастап скрининг бойынша 2 жылда бір рет міндетті түрде цифрлық маммографиядан өтуі қажет. Себебі бұл (маммография) сүт безінің қатерлі ісік ауруын ерте анықтаудың жалғыз жолы.

Омырау ауруларының алдын алу маңызды. Дәрігер Гүлжан Мирманова әйел адамдарға күтінудің жолын айтты.

Ең алдымен әйел көп түсік жасаудан қашу керек.  Қалыпты салмақ сақтау маңызды. Себебі семіздік сүт безінің ауруының қауіпін 40% арттырады. 30 жасқа дейінгі бірінші босануда емізуден бас тартпау керек. Өкінішке орай, сүт безі ауруларының нақты белгісін айту қиын. Егер әйел немесе дәрігер сүт безінде ісік тапса, көп жағдайда ол кем дегенде 2-ші сатысы болады. Сондықтан 2 жылда бір рет скринингтен өту ұсынылады, - дейді маман.

Омырауды емдеу қанша уақытқа созылады? Бұл бір мезетте емделе салмайтынды. Ұзақ күтім мен ем шараларын және аурудың денгейіне де байланысты екенін ескеру керек.

Оны емдеу көптеген факторларға байланысты: жасы, аурудың сатысы, ісіктің биологиялық ерекшеліктері. Кейде операциямен шектей аламыз, бірақ көбінесе емдеу бірнеше айларға кешіктіріліп жатады.  Маммолог маманға жүгінгенде, осы уақытқа дейінгі барлық тексерілген анализдерді көрсетіп және қайта тексеруден өту артықтық етпейді, - дейді маммолог.

Елімізде соңғы 10 жылда сүт безі қатерлі ісігінің диагностикасы айтарлықтай жақсарды. Халықтың да бұл ауру туралы хабары артты. Қазақстандық әйелдерге маммографиялық зерттеулер, биопсия, иммуногистохимиялық және молекулалық зерттеулер қолжетімді болды.

Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт бойы сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша әйелдерге арналған Ұлттық скрининг жүргізіліп келеді. Тегін скринингті тұрғылықты жері (тіркелген жері) бойынша емханаларда 40-70 аралығындағы әйелдерге өтуге болады.

2021 жылы сүт безі қатерлі ісігінің скринингі бойынша 787 619 әйел тексерілген. Тексеру қорытындысы бойынша сүт безі қатерлі ісігі 1403 әйелде анықталды. Онкологтар әйелдерге гинеколог пен маммологтан кемінде жылына бір рет тексерілу керектігін ескертеді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға