Жаңалықтар

Сурет өнеріндегі алғашқы феминист

Әр өнер туындысының өзегінде өмір жатыр.
Сурет өнеріндегі алғашқы феминист
26.06.2018 09:54 5416

 

Өзге де өнер түрлері сияқты сурет салу да әуелден тек ер адамдардың ермегі саналғаны белгілі. Тіпті Италияның өзінде әйел затына суретшілер гильдиясының есігі жабық еді. Содан болса керек, суретке қызығатын арулардың жанры натюрморт, портреттен әрі аспайтын. Ал суретті натурадан салу болса, шамамен “жо-жоқ, бұл итальян қызына тән емес, Рим папасы қайда қарап отыр?” дейтін реакция тудырған деседі.

Десе де қыз бала суретші әулетінде дүниеге келген болса, оның сурет өнерімен айналысуына айтарлықтай қарсылық болмаған. Ал ренессанс дәуірінде қолына қылқалам алып “әу” демейтін, кешіріңіз, сурет салмайтын итальян аз болмағаны анық. Сонда да ол кезгі көп итальян әкелердің ұстанымы “қызым маған қымбат, ал әулеттің абыройы одан да қымбат” болғандықтан, олар қыздарына тек сурет өнерінің негізін үйретіп, әрі қарай өз алдына суретпен айналысуды құптамайтын болған.

Артемизия Джентилескидің әкесі Орацио да қызына сурет өнерінің қыр-сырын үйретіп бақса да, өзінен екі елі алыстатпауға тырысты. Бірақ уақыт өте келе қызының талантына тамсанған Орацио оның суретші досы Агостиа Тассиден сабақ алғанын жөн көреді. Осы әке шешімінен Артемизияның сурет өнеріндегі ұзақ жолы басталады. 

 

 

 

“Ғасырдан да ұзақ сот”

Рим сотында Орацио Джентилескидің арызы бойынша іс қаралуда. Шәкірті Артемизия Джентилескиді зорлады деп айыпталушы Агостиа Тасси өз кінәсін мойындайтын түрі жоқ. Тіпті он тоғыз жасар Артемизияның жеңіл жүрісті екенін куәлайтын еркектер де табыла кеткен. Суретші қызға өз атын ақтап шығудың бір ғана жолы қалды. Ол - көптің көзінше жүргізілетін гинекологиялық тексерістер мен жәбір көргенін растайтын азаптау амалдары. Заң бойыншы азаптау арқылы жауап алу кезінде өз сөзінен айнымаған адамның өтірік айтуы мүмкін емес-тін. Осылайша жылға созылған соттың шешімі бойынша, Агостиа Тасси ақыры айыпты деп саналып, бір жылға түрмеге қамалады. Мұның бәрі Артемизияның шығармашылығына әсер етпей қоймайды. Осы оқиғадан кейін ол “Олоферннің басын алып жатқан Юдифті” салады. 

 

Қылқаламмен кек алу

Артемизияның әкесі әйгілі суретші Караваджоның шәкірттерінің бірі болған, өз кезегінде ол да ұстазынан көріп-білгенін қызына үйретсе керек. Караваджо стилінде жазылған “Олоферннің басын алып жатқан Юдиф” Артемизия Джентилескидің ең танымал туындысы. Тіпті Артемизияның кейіпкерлер эмоциясын бейнелеуі Барокко дәуірінің белді өкілінен әлдеқайда асып түскендей.

 

 

Иә, Караваджоның туындысы яһудилік аңыз кейіпкерінің бейнесін анық берген. Жесір Юдиф өз халқын құтқару үшін ассирия қолбасшысының басын алып жатыр. Қанша жерден елін ойлап, ерлік іс жасады десе де, адам өлтіру оңай ма? Караваджо сол сезімді сенімсіз, секем тартқан көздер арқылы керемет жеткізген. Тек Олоферннің тамағынан шашыраған қанды бейнелер кезде суретшінің шабыты қашып кетсе керек.

Ал Джентилескидің Юдифі аяушылықтан ада. Ол ерлік жасап жатырмын демейді, ол кек алып жатыр. Жанары Олоферннің шарасыз хәлінен ләззат алып тұрғандай. Зерттеушілер айтқандай-ақ, “адам емес, қоян бауыздап жатқандай” міз бақпайды. Аққан қанның шынайылығы сонша, Караваджо темекі іздеп кетеді.

 

Артемизия Юдиф пен Олоферн кейпінде өзі мен Тассиді бейнелеп, жан жарасын осылай емдемек болған шығар. Өнердің тілі - тілсіз тіл…

 

Академияға қабылданған алғашқы әйел

Сот аяқтала салысымен әкесі қызын флоренциялық суретші Пьерантонио Стиаттезиге ұзатады. Тұрмыс құрған Артемизия жұбайымен Флоренцияға көшіп, сол кезгі әйгілі суретшілермен танысады. Герцог Козимо ІІ Медичидің қамқорлығына алынып, Галилео Галилеймен жақын араласа бастайды (бірнеше хаты сақталған). Кейін Галилейдің кеңесі бойынша Козимо ІІ “Олоферннің басын алып жатқан Юдифтің” жаңа нұсқасына тапсырыс береді. Алайда ол туындыны адамның зәресін ұшырады деп көзге түспейтін жерде сақтаған деседі.

Осылайша, атағы шыққан Артемизияның шығармашылығына қызығып, оны бағалаушылардың саны артады. Өнері жоғары бағаланған ол Флоренция көркем өнер академиясына қабылданған алғашқы әйел болып тарихта қалады.

 

Жазылмаған жара

Өмірі өзгеріп, өнері өрге жүзсе де Джентилескидің қылқаламынан шыққан туындылар ескі жараның жазылмағанын аңғартады. Ол салған суреттің бірінде ер адамнан күші мен мысы басым бикеш (“Сусанна мен қариялар”, “Иаиль мен Сисара”), ал бірінде қорлыққа көнбеуге бекініп, өмірден баз кешкелі жатқан әйел (“Клеопатра”, “Лукреция”). Лукрецияны саларда Артемизия “Мен оның өзіне-өзі қалай қол жұмсағанын емес, бұл шешімге қалай келгенін бейнелейтін боламын” деген деседі. Егер аталған туындыларға көз жүгірткен болсаңыз, суретші салған сұлулардың жанайқайын сезген боларсыз…

 

 

Флоренция-Рим-Неаполь-Англия

Артемизия төрт құрсақ көтерсе де екі баласынан ерте айырылады. Герцог Медичи дүние салғаннан кейін, оның суреттеріне сұраныс та төмендей түседі. Күйеуімен ара-қатынастары бұзылып, ақыры екеуі ажырасып тынады.

Джентилески тағдырды өз қолынға алмаққа бекініп, Римге оралады. Рим Орационың “масқара болған” қызын шебер суретші ретінде қарсы алады. Сонда да ол туған жерінде ұзақ тұрақтамай, бар жиған-тергенін алып Неапольге аттанады. Мұнда Артемизия өз мектебін ашып, жас өрендерге сурет өнерінің қыр-сырын үйрете бастайды. Кейін қартайған әкесінің шақыруымен Англияға келіп, патшайым Генриетта Марияның Гринвичтегі сарайын әсемдеуге көмектеседі. Бұл әкелі-қызды Джентилескилердің алғашқы және соңғы ортақ жұмыстары болатын. Екі жылдан соң, Артемизияны сурет өнеріне әкелген әкесі дүниеден озады.

 

300 жыл ұмыт болған тағдыр

Әкесін жер қойнына тапсырып Неапольге оралған оның да жұлдызы өше бастаған еді… Өнерін бағалайтын жандардың қарасы азайып, тапсырыс сирегелі қашан. Тіпті оның қалай, қашан дүниеден өткені беймәлім. Бейне тарихта болмағандай. Тек ХХ ғасырда ғана ұмыт болған есім қайта жаңғырады. Туындыларындағы доминант, асқақ әйелдердің бейнесі үшін оны сурет өнеріндегі алғашқы феминист атады. Анығы бізге белгісіз, алайда әр өнер туындысының өзегі өмір екені сөзсіз.

 

(Суреттер artsy.net сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға