Жаңалықтар

Сұлтан Байбарыс мұрасы

Байбарыс сұлтанның сәулетшiлiк саласында қалдырған iзi орасан зор
Сұлтан Байбарыс мұрасы
Фото: facebook.com 17.11.2022 12:36 1857

Мысыр мен Шамда Байбарысқа арнап орнатылған ескерткiштер жоқ болғанымен, оның атын мәңгi өшiрмейтiн материалдық мұрасы қалған. Сан миллион халық тұратын Каир қаласының ортасындағы iрi аудандардың бiрi аз-Заһир деп аталады. Қарапайым каирлықтан сұрасаң, бұл сөздiң сұлтан Байбарысқа қатысы бар екендiгiн де бiлмейдi. Ол түсiнiктi де, тiлдегi экономия құбылысы бұл жерде айқын көрiнiп тұр. «Сұлтан аз-заһир Байбарыс» сөз тiркесiнiң аз-заһир жеңiмпаз деген жұрнағы ғана қалған. Оның үстiне жергiлiктi диалект бойынша ол сөз ад-даһир деп айтылады. Бұл ауданның олай аталу себебi осы ауданда Байбарыс кезiнде Каир қаласының сыртында салған қорған-мешiтi әлi күнге дейiн тұр.

Байбарыс сұлтанның сәулетшiлiк саласында қалдырған iзi орасан зор. Ол басып алған немесе қайтарып алған елдi мекендер мен қалаларда кем дегенде бiр мешiт салдырып отырған. Ол сонымен қатар Мысыр мен Шам арасындағы кең иелiктерiнiң қалалары мен ауылды жерлерiнде мешiт, ғибадатханалар, салтанатты сарайлар, тұрғын үйлер көтерген. Хулагу шапқыншылары қиратқан қамалдар мен бекiнiстердi қайта қалпына келтiрген.

Сұлтан Байбарыс өзiнен бұрынғы сұлтандар секiлдi Нiлдiң күншығыс жақ бетiндегi Каир қаласына төнiп тұрған жалаң, сұр Муқаттам тауының сiлемдерi Нiл дариясына ұмсынып жатқан тұсындағы дөңдерiнiң бiрiнде орналасқан бекiнiсте тұрды. Ол көптеген тарихшылар атап өткендей, өзiнiң иелiгiнде қалалар мен бекiнiстердi көркейту үшiн көптеген күш-жiгер жұмсады. Cұлтан 1265 жылы Каир қаласында, кейiн Медресе заһирия деп аталған, үлкен оқу орнын тұрғызды. Құрылыс жұмысында құл еңбегiн пайдалануға тыйым салып, жұмысшылардың еңбек ақылары уақытында төленуiн жеке өзi қадағалап отырады.

Медресе құрылысы бiткен соң ислам дiнiнiң төрт мазһабының төрт қазысын осы бағытта әдейi жобалап салынған төрт бөлiгiне отырғызды. Атап айтқанда, шафиғи қазысын  қыбла жағына, ханафи қазысын батыс жағына орналастырады. Әр мазһабтың жеке оқытушысын тағайындайды. Медресенiң кiтапханасы ғылымның сан түрлi бағыттарындағы кiтаптарға өте бай едi.

Сұлтан Байбарыс медресе құрылысымен шектелмей, оның жанында жетiм балаларға Құран оқытатын арнайы мектеп ашады. Ол жерде оқитын балаларға күнделiктi тамақ, қыс пен жазда екi рет киiм-кешек берiп тұрды. Сұлтанның жетiм балаларға қамқорлық жасауы Байбарыстың өз заманының озық ойлы билеушiсi екендiгiн көрсетедi.

Сұлтан өз атынан Каирде мешiт соғуға ниеттенiп, Ақтай мен Фахруддин деген бектерге лайықты орын табуға жарлық бередi. Бектер инженерлермен бірлесіп, түйе қоралары орналасқан жердi таңдайды. Сұлтан Байбарыс оларға: «Түйе тұрған жерге мешiт салмаймын», деп, мешiтке лайықты жердi өзi таңдайды. Нәтижесiнде сұлтан мешiттi Қарақұш майданына салуға, бiр бөлiгiн сол мешiттi ұстап тұруға қажеттi табыс көзi болатын уақыпқа беруге және мешiт құрылысына қажеттi гранит, ағаш және басқа қажеттi заттарды әкелуге бұйрық бередi.

Байбарыс мешiтi Каир қаласының сыртында орналасқан ашық майданда салынған. Қақпасы Байбарыс медресесiнiң есiгiндей, михрабында Шафиғи күмбезiндей күмбез тұрғызылуын талап етедi. Сұлтандықтың тараптарына гранит бағаналар жеткiзуге хат жазады. Елдiң түкпiрлерiнен, түйе, қодас, сиыр, темiр құрал-аспаптар, мешiттiң есiктерi мен төбесiн жабуға сапалы таңдаулы ағаш жеткiзуді бұйырады.

1265 жылы сұлтан Байбарыс Шам елдерiне сапар шегедi. Жолда христиандар аманатқа берген Яффа бекiнiсiне соғады. Бекiнiстiң тұрғындарын уәлайяттарға таратып, бекiнiстi қиратуға бұйрық бередi. Бекiнiстiң мұнараларын бектерге бөлiп бередi. Қаланы қирату, әсiресе биiк орналасқан қамалды қирату оңайға соқпайды. Бекiнiстiң негiздерi тереңге кеткен өте сапалы салынған екен. Соған қарамастан қамалды құлатуды сұлтан өзiнiң нөкер, мәмлүктерiмен, үй қызметшi балалармен өзi бастайды. Әскерлер қамалды күндiз-түнi тынбай қиратып, ағаш, граниттерiн Яффа портында тұрған кемелерге тиеп, Мысырға жөнелтедi. Ағашты Байбарыс мешiтiнде мақсура салуға пайдалануға, граниттен михраб салуға мiндеттейдi. Сұлтан Байбарыс Яффа, Триполи, Антакия және басқа христиан иелiктерiн бағындырған жорығынан қайтып келгенде мешiтке келiп, құрылысының тез аяқталғанына таң-тамаша қалады. Құрылысшыларға мол сый-сияпат көрсетедi.

Байбарыс мешiтi Наполеонның Мысырға жасаған жорығы кезiнде француз әскерi оны қорғаныс ретiнде, Мұхаммед Әли деген уәлидің тұсында әскери казарма етіп, ал ағылшындар наубайхана ретiнде пайдаланған.

Байбарыстың Египет жерiндегi құрылыс саласында қалдырған iздерi өте көп. Оның iшiнде Каир қаласының төрiнде орналасқан қамалда салдырған құрылыстарды айтқанда, екi бастырма және әйелдерге арналған бөлiктен тұратын Алтын үйдi атап өтуiмiз керек. Осы үйдiң қасынан мәмлүктер тұратын бiрнеше казарманы қайта жөндеуден өткiзедi. Ең қызықтысы, Ибн Шаддад қамалдың iшiндегi Хабаридж ауласында: «Байбарыс түрлi-түстi граниттен жасалған он екi бағаналы орасан зор күмбез орнатты. Оның iшiн өрнектеп, өзiнiң, нөкерлерiнiң және барлық бектерiнiң шеру шегiп келе жатқан түрде суреттерiн салғызады», – дейдi. Өкiнiшке орай, бұл сәулет туындылары бiздiң заманымызға жетпедi.

Қамал қақпасының жанындағы мұнараның үстiн жауып, iшiн өрнектеп, одан жаңбыр мен күннен пана бастырма жасайды. Бектер күтiп отыратын орынға қаратып мәмлүктердiң бiрнеше казармаларын салады. Қашалған тастан қызыл мұнараны көтереді. Қамалдың зират қақпасының iшiнен үйленген мәмлүктерге арнап, кiшiгiрiм залдардан тұратын екi қабат үй салады. Баласы Беркеханға арнап қамал қақпасының iшiндегi үлкен ашық алаңда терезелерi соған қарайтын үлкен үй тұрғызады. Ол жердегi шұңқырдың үстiнен он алты арка салады да, қамалдың сыртынан су тасушылар әкелiп толтыратын хауыз жасайды. Үйдi соның үстiне салады. Оның жанынан сұлтанның киім-кешегіне жауап беретін бас жамадарларға арналған кiшiгiрiм залдар болған. Хулагуден алдыртқан Сұңқар бектің жобасымен мәжiлiс бөлмесi мен iшкерi бөлмелерден тұратын үй тұрғызады. Алаңның ортасына төртбұрышты үстiнде күн мен жаңбырдан қорғайтын бастырмасы бар үлкен тапша орнатады. Онда сұлтан орынбасары мен уәзiр әдiлдiк iздеген халықты қабылдайтын. Оның жанында Бiлiк әл-Хазандараға арнап өрнектелген төрт бағаналы галереясы, үлкен айуаны бар үй тұрғызады. Байсары бекке арнап, үш залы бар үлкен үй қостырған.

Каир қаласының iшiнде жатқан Рауда аралының Нiл өзенiнiң ағысына қарсы мүйiсiнде тұрған су деңгейiн өлшейтiн күмбез салдырып, iшiн өрнектейдi. Күмбез осы күнге дейiн сол қалпында жеткен. Өзен жағалай созылған тас жолдан көрiнiп тұрады. Дар Нуххаста  үлкен тұрғын үй салады, алайда сұлтан қаза тапқанда оның тек өзен жақ бетiнiң құрылысы ғана аяқталған едi. Оның орнында бұрын Аққұш бектің қонақ қабылдайтын жерi және бағы тұрған.

Байбарыс Каир қаласында бiршама ғимараттар тұрғызған. Сир қақпасының қасынан өзiнiң мiнiс аттары үшiн күндiз-түнi жұмыс iстейтiн үстi жабық үлкен атқора салдырады. Жылқылар көлеңкелейтiн бастырманы қоса көтередi. Зират жаққа шығатын қақпалардың арасына баласы Беркехан мен мәмлүктерiнiң жылқылары тұратын атқора тұрғызады. Сол жерде өткен-кеткендерге арнап құдық пен қауыз орнатады. Су жиналатын орын салып, оның айналасын дуалмен қоршайды да, оның үстiне алтын әрiппен жаздыртқан. Оған су Сейф Ислам бағының алдындағы Дар Бақар құдығынан келетiн. Бұл құдық туралы әл-Мақризи: «Бұл құдық ғажап құрылыс: үстiндегi сиырлар айналса, ортадағы шығырдың суы ағады, ортадағы сиырлар шығырды айналдырса, су көтерiледi. Оның суға апаратын жолы бар. Сиыр су көзiне дәлiзбен түседi. Барлығы қашалған тастан жасалған. Құдықтың түбiне дейiн шамамен үш жүз дәреже», – дейдi. Су алдымен Силсила  қақпасының қасында құдыққа барады да, одан соң, қамалдағы құдыққа қарай ағады. Қарратин қақпасының (кезiнде Байбарыс бiр топ қыпшақтармен өртеп қаладан шығатын қақпа) қасынан нөкерлерiнiң аттарын қоятын әрқайсысында құдық және шығыр бар төрт атқора болған.

Жылқы базарының қасына баласы Беркеханның атынан монша салады. Баласы Беркеханға арнап әдiлет үйiнiң алдынан әскери музыкалық аспаптар сақталатын дабылхана тұрғызады. Нiл өзенінiң тармақталып барып қайтадан өзенге қосылатын өзегiнiң үстiнен үлкен көпiр және акведук салады. Буржи майданында жалпы көлемi 141 феддан алаң жасатады. Оны дуалмен қоршатады да, ол жерге екi ай iшiнде Мысырдың түкпiрлерiнен құрма ағаштарын әкелiп отырғызады. Қонақ қабылдайтын орындар жасалады. Онда ұзындығы отыз алты шынтақ төртбұрышты дастарханы бар үй орнатады. Оның терезелерi аталған алаңға қарап тұратын. Ортасында төрт бағаналы күмбез орналасқан. Оның төрiне баласы Беркехан отыратын биiк тапша, оның қасына бектер мен елшiлер отыратын арнайы жерi бар. Жеңiс залы деп аталған бұл залға дастарханы бар залдан кiретiн. Ол залдан бiр-бiрiне қарама-қарсы екi айуан мен мәжiлiс бөлмелерiнен тұратын Бақыт залы жалғасып жатады. Залдардың бiрiнiң төбесiн алтын және лазуритпен көмкередi. Ортасында биiктiгi алты шынтақ, енi бес шынтақ граниттен жасалған фонтан болған. Бұл залда Каир жағынан ұзындығы қырық шынтақ енi жиырма бес шынтақ қонақасы залы орналасады. Барлық аталған залдардан арнайы моншаға жол апаратын.

Байбарыс Шам мен Дамаскiде бiрсыпыра құрылыс жұмыстарын жүргiзген. Хулагу хан әскерi қиратқан Дамаск бекiнiсiнiң дуалдары мен мұнараларын қайта қалпына келтiредi. Тарихшылар Байбарыс қалпына келтiру жұмыстарына мыңдаған дирхам жұмсады деп көрсетедi. Камалдың iшiндегi көпiр мен Темiр қақпа арасында баласы Беркеханға арнап көптеген қосалқы бөлiктерден, моншалардан және т.б. тұратын сарай тұрғызады. Алаң мен жылқы базары алақандағыдай көрiнетiн Зауия мұнарасының үстiне төбесi күмбез тәрiздi сұлтан отыратын, iшiнде үлкен ас дастарханы бар үлкен ағаш үй жасалады.

Қамалдың шығыс және Наср қақпаларының сыртына моншалар салады. Үш атқораны қайта жаңалайды. Қамалдың Майдан қақпасынан жылқы базарына қарай ағаш көпiр орнатады. Жол бойында дүкендер ашылады. Пошта қызметiнiң үйiн салып, оны сумен жабдықтайды.

Байбарыстың бұйрығымен Дамаск қаласының ортасындағы алаңның батыс жағындағы ескi қорғаны қиратылып, оның орнына жаңа үш қақпалы бекiнiс дүниеге келген. Барди өзенi жаққа шығатын қақпадан көпiр орнатып екi жағына орындықтар қояды, үстiне жауын-шашын, күн сәулесiнен қорғайтын бастырма салдырады. Қорғанның iшiнде сұлтан мен оның мәмлүктерiне арналған залдар, басқа да қажеттi құрылымдар бар едi. Қорғанның дуалдары қара және сары тастардан қаланады, сондықтан бұл қамал Аблақ, қазақша ала қорған деген мағынаны бiлдiредi. Байбарыстың бұйрығымен 1267 жылы бой көтерген бұл қорғанды Ақсақ Темiр 1401 жылы Дамаскiнi алғанда қиратып жiбередi.

Байбарыс Иерусалимдегi Қубба ас-Сахра – Жартас күмбезi мешiтiнiң тозығы жеткен жетi бағанасын ауыстырады. Оларды темiрмен қаптап, үстiнен қорғасынмен жабады да үстiне өзiнiң аты-жөнiн жазады. Күмбездiң iш жағынан айналдыра алтын және лазуритпен жұмыстың атқарылған уақыты және сұлтанның бұл iске қаншалықты мән бергендiгi жөнiнде жазба iстейдi. Силсила күмбезiн жөндеп өрнектейдi. Мешiттiң күмбезiнiң төрт белтемiрiн ауыстырып, оған өзiнiң атын жазып қалдырады.

Осы қалада жолаушыларға арнап керуен сарай қонақ үй салады. Мысырдағы өзiнiң резиденциясынан Той қақпасы деп аталатын қақпаны алдырып арнайы осы жерге орнатады.

Керуен сарайдың қасынан биiк орасан зор сарай тұрғызады. Оның iшiнде мешiт, диiрмен, наубайхана орналасады. Жанында үлкен бағы бар едi. Келген-кеткен және Құдыс қаласында тұратын әр кедей-кепшiкке үш шелпек нан тиесiлi етедi. Осы үйдiң iшiнде етiкшi және мал дәрiгерi қызмет көрсетедi.

Байбарыс онымен шектелмей христиан, иудаизм һәм ислам дiндерiнде дәрiптелетiн діни кейіпкер Мұсаның Иерихон қаласының түбiндегi моласының басына күмбез орнатып, жанына мешiт соғады. Имам мен азаншы және зиярат етушiлерге напақа бөледi.

Халил (Хеврон) қаласында Ибраһим пайғамбардың мешiтiн жөндеу жұмыстарынан өткiзедi. Есiк-терезелерiн түзейдi, еденге тас төсейдi. Азаншы, имам және басқа күтушiлердiң жалақысын көтередi.

Қазiргi Иорданияның жерiнде орналасқан Карак бекiнiсiнiң екi кiшi мұнараларын бұзып, қайтадан биiктетiп ұлғайтып салады да, оның айналасына ор қаздыртады. Қаланың шығыс қақпасынан екiнiшiсi орналасқан мұнараны қайта жөндейдi. Дауаба, Баб ар-Рахма мұнараларын жөндейдi. Басқа да мұнараларды жөндеп қаланың бекiнiсiн күшейтедi. Солтүстiк жақтан төнiп тұрған Саумаға тауының етегiн кесiп жерін үлкейткен. Сол жердегi Жағфар бин Аби Талиб ат-Таййар моласының үстiндегi ғимаратты кеңейтедi.

Ислам дiнiнiң үш қасиеттi орындарының екеуiнiң осы күнге дейiн жеткенiне, атап айтқанда, Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) Мәдинадағы күмбезi мен Меккеден бұрын бiрiншi қыбыла саналған Құдыстағы (Иерусалим) Қубба ас-Сахра мешiттерiн күрделi жөндеуден өткiзген Байбарыстың еңбегi бар. Сонымен қатар Халил (Хеврон) қаласындағы Ибраһим пайғамбардың мешiтiне де оның қол ұшы тиген.

Байбарыс ислам дiнiне қарудың күшiмен ғана қызмет етiп қоймай қасиеттi жерлердегi зиярат орындарын тозып-бүлiнуiне жол бермейдi. Мәдинадағы пайғамбар күмбезi өртенiп кетiп, Бағдат халифасы жөндеу жұмыстарын бастағанмен, Хулагу әскерлерiнiң қолынан қаза табады да, бұл iс аяқсыз қалады. Байбарыс таққа отырғанда пайғамбар зиратын тәртiпке келтiрiп, сыртына арнайы қоршау орнатады. Дуалдарын, төбесiн жауып, алтын араластырылған бояумен әрлейдi. Ауруханаға қажеттi дәрi-дәрмек, аспаптарды әкелдiредi, Мысырдан дәрiгер алдыртады. 

Байбарыс сұлтан ислам әлемiндегi, мүмкiн дүниежүзiндегi, танымал дiни оқу орны саналатын әл-Әзһар, бүгiнгi күнде барлық мұсылман халықтардың, оның iшiнде қазақ жастары оқып жатқан мешiтiн қалпына келтiрiп, құтпа орнатқан.

Мәмлүктерден екi жүз жыл бұрын Мысырды билеп төстеген, шыққан тегi түркi Ахмад ибн Тулунның қирап жатқан ат шаптырым мешiтiн толық қайта қалпына келтiрген. Мысырды жаулап алушы, Фустат қаласының негiзiн салушы бiрiншi мешiт салған Амр ибн әл-Астың мешiтiнiң бiздiң заманымызға жетуi де – Байбарыстың арқасы. Қазiр осы мешiттi Мысыр жерiнде соғылған бiрiншi мешiт ретiнде туристердi арнайы алып барып көрсетедi. Тарихшылар Байбарыстың қол ұшы тиген одан басқа орындар көп дейдi. Олардың көбiсi бiздiң уақытымызға бүтiн жетпегенiмен қалдықтары қалған. Орта ғасырларда жаңа сұлтан өзi жоспарлаған құрылыстарды жүргiзу үшiн ескi орындардың тастарын және т.б материалдарын пайдалана беретiн. Ол дәстүрдiң бұрыннан келе жатқандығын әл-Мақризидiң өзi Мысырда тастан, балшықтан жасалған, негiзiнен, тастан жасалған iрiлi-ұсақты пирамидалар көп болғанын, Салах ад-Диннің қолбасшысы Қарақұш олардың көбiсiн қиратып, Каирдегi атақты қамалды, қала айналасындағы қабырғаны және Гизадағы су шлюздерiн салғанын жазады.

Мысырда өткен ғасырдың 60-70 жылдары туризмдi дамыту мақсатында Көне Мысыр ескерткiштерiне ерекше көңiл бөлiп, мұсылман, әсiресе мәмлүк мұрасына немқұрайды қарауы олардың бастапқы қалпын сақтап қалуына орасан зор зардап әкелді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға