Жаңалықтар

Судағы қайғылы жағдайлар азаймай тұр

Судағы қайғылы жағдайлар азаймай тұр
Фото: El.kz 06.06.2023 11:24 737

Биылғы жаздың ыстық болатынын айтқан премьер-министр Әлихан Смайылов әсіресе еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық көпке дейін сақталатынын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Яғни суға барып демалатындардың саны да арта түсетіні сөзсіз. Жаз енді басталды. Ал еліміздің су айдындарында қаза тапқандар саны ұлғайып барады. ТЖ министрлігінің мәліметі бойынша, жаздың бірінші күнінде 4 адам суға кетіп мерт болды. Екі күн бұрын бір күнде 9 адам суға батып, үш адамның денесі әлі табылмай жатыр. Кеше тағы 4 адам суға кетті. Қайғылы жағдайдың бәрі шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде болып отыр, – деді премьер-министр.

Сондай-ақ ол бұл алаңдатарлық жағдай екенін айтты. Бүгінде шомылу маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірлерде шомылуға қажетті арнайы орындар жабдықталып, жаңадан жағажайлар салынуда.

Қауіпсіздік шараларын сақтауға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Соған қарамастан судағы қайғылы жағдайлар азаймай тұр. Жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп қайтыс болады. Олардың 100-ге жуығы балалар. Бұл қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді, – деді Әлихан Смайылов.

Осы уақытқа дейін Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында рұқсат етілген орындардың тізбесі бекітілмеген. Ал Қызылорда облысында өңір халқы үшін арнайы шомылуға белгіленген төрт-ақ орын бар екен. Осыған байланысты премьер-министр өңір әкімдері ТЖ-мен бірлесіп, суға шомылуға арналған жұмыстарды күшейту қажеттігін тілге тиек етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға