Жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккен Есіл өңірінің тұрғындарына үй 100 күнде салынды

Су тасқынынан зардап шеккен Есіл өңірінің тұрғындарына үй 100 күнде салынды
Фото: gov.kz 13.09.2024 03:31 310

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Есіл қаласында су басу аймағында қалған отбасыларға пәтер кілттері табыс етілді. Шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

«Біз қуанышты оқиғаның куәсі болдық – 21 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Өкініштісі, су тасқыны Есіл өңірін де аямады. Облыста да, ауданда да су тасқынының зардабын жою жұмыстары қызу жүргізілді. «Асар Ақмола» қорының пәтер сатып алуының арқасында қазірдің өзінде 16 отбасы жаңа баспанаға қоныстанды. Ал, бүгін жаңадан келген тұрғындар кең, жарық, жылы үйлердің кілтін алады. Жұмыстың барысы мен сапасын бақылауды мемлекеттік органдар ғана емес, Есілдіктердің өздері де жүргізді. Бұл көше бүтін бір шағын аудан құрылысының бастауы болмақ. Алдағы уақытта жаңа пәтерлерде тек қуанышты оқиғалар бола берсін», - деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, жаңа тұрғын үй құрылысын «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізді. Әр үйдің ауданы 85 шаршы метрді құрайды. Су басуға жатпайтын жерлерде құрылыс салуға жер учаскелері бөлінді. Барлық үйлер тұрмыстық техникамен, электр қуатымен, сумен және кәріз желісімен жабдықталған.

Жаңа баспана иелері өз әсерлерімен бөлісті.

«Мен көптен күткен үйімнің кілтін алғаныма қуаныштымын. Мемлекет басшысына және бізге көмек пен қолдау көрсеткендердің баршасына шын жүректен алғысымды білдіремін. Су тасқынынан зардап шеккен біз үшін бұл шын мәнінде айтулы күн», - деп бөлісті Есіл қаласының тұрғыны Наталья Орехова.

Айта кетейік, осыған дейін Атбасар және Бұланды аудандарының тұрғындары жаңа үйлерге ие болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға