Жаңалықтар

Су тасқынынан кейін эвакуацияланған 600-ден астам тұрғын үйлеріне оралды

Су тасқынынан кейін эвакуацияланған 600-ден астам тұрғын үйлеріне оралды
Фото: ТЖМ 11.04.2024 18:00 377

Су тасқынына байланысты еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Екі апта бойы қазақстандықтар қызыл сумен күресіп келеді. Мамандар су тасқынының екінші кезеңі басталуы мүмкін деп болжам да жасап отыр. Дегенмен бүгінгі таңда судың беті қайтқан аймақтың тұрғындары үйлеріне қайта бастады, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

600-ден астам тұрғын үйлеріне оралды

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов Жангелдин ауданындағы эвакуациялық пунктерде тұратын 600-ден астам адам өз ауылдарына қайтқанын мәлімдеді. Бұған дейін облыстағы еріген қар суы басқан аймақтардан 9 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Халық азық-түлік және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.

«Біржолғы әлеуметтік төлемдер төлеу басталды, сондай-ақ демеушілік және гуманитарлық көмек көрсетілуде. Бүгінгі таңда 686 отбасына 126,6 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек төленді, - деді Арман Әбенов өңірдегі жаңдай туралы брифинг барысында.

Тобыл және Қостанай қалаларында жағалауды нығайту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тәулік ішінде 2000-нан астам инертті материал салынған қапшықтар төселген.

Су деңгейі төмендеді

Атырау облысы Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында Жем өзенінің су деңгейі 92 см-ге төмендеді. Тәулік төтенше жағдай департаментінің мамандары, полиция департаментінің қызметкерлері мен ұлттық ұлан әскери бөлімдер, еріктілер және ауыл тұрғындары су тасқынына қарсы әлі де күресіп жатыр. Эвакуацияланған тұрғындарға шұғыл көмек көрсетіліп жатыр.

Қызыл судан зардап шеккен өңірлерден тұрғындар ғана емес, үй жануарлары да эвакуацияланып жатыр. Бүгінгі күнгі дерек бойынша құтқарушылар Ақмола облысындағы халыққа көмек көрсетіп жатыр. Ақмола облысында егістіктен еріген қар суының Жолболды өзеніне ағуына байланысты Ивановка ауылында өзен суы арнасынан шығып, 45 үй су астында қалды. Мамандар тікұшақпен 52 адамды, 160-қа жуық жануарды және 520 үй құстарын құтқарған.

Бүгінгі дерек бойынша, еліміздің су басқан аймақтарында авариялық-құтқару жұмыстарына 30 мыңға жуық адам, 3 мың техника жұмылдырылған.

Су тасқыны басталғалы 98 мыңнан астам адам, оның ішінде 33 мың бала қауіпсіз жерге жеткізілді. Уақытша орналастыру пункттерінде 7 мың адам, оның ішінде 3 364 бала орналасқан.

Су басу қаупі бар аймақтар қоршауға алынды

ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдайдың күрделенуіне, өзендердегі су деңгейінің жоғарылауына байланысты тұрғындарды алдын ала эвакуациялау, сондай-ақ жағалауды нығайту жұмыстары, суды сору, халықты хабардар ету және ақпараттандыру жұмыстары, сондай-ақ өзендер деңгейіне мониторинг жүргізілді.

Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысы су басу қаупі бар аймақта орналасқандықтан елді мекендерді қорғау шаралары күндіз-түні жалғасып жатыр.

Бүгінде елді мекендерді қорғау үшін ұзындығы 38 км жерге, су объектілерінің жағалауында 18 км, 5 км қорғау бөгеттер салынып, нығайтылған, 2 млн текше метрден астам су сорылды, 150 мыңнан астам қап инертті материал төселді, 200 км астам каналдар мен арықтар тазартылып, тереңдетілді және 1442 су өткізу құрылыстары тазартылған.   

Қазіргі таңда облыстың бес ауданында су тасқыны жағдайы біртіндеп тұрақтанып жатыр. Атап айтқанда, Степногорск қаласында, Біржан сал, Ерейментау, Ақкөл және Егіндікөл аудандарында су тасқынының белсенді кезеңдері аяқталды.

Дегенмен ТЖД бастығының орынбасары Әсет Жақсылықов өңірде су тасқыны Есіл, Шортанды, Жарқайың, Целиноград, Аршалы, Бұланды, Астрахан және Атбасар аудандарында күрделі жағдайда болу қаупі бар екенін алға тартты. Бұл жерлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені толық жүргізілуде, оның ішінде мұз жару жұмыстары да бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға