Жаңалықтар

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 5 мыңнан астам волонтер қатысуда

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 5 мыңнан астам волонтер қатысуда
Фото: t.me/qr_tjm 31.03.2024 01:21 380

Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында еріктілер зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру, жинау, халыққа эвакуация пункттерінде уақытша тұру сияқты шараларды ұйымдастырумен айналысуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, олар гуманитарлық көмек пункттерін ашып, сақтық шаралары туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр.

Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шараға 50-ге жуық волонтер қатысып жатыр. Олар 150-ден астам тұрғындарды су басқан жерлерден эвакуациялап, қауіпсіздік және құтқару қызметтерінің өкілдеріне ыстық шай мен тамақ үйлестіріп көмек қолын созды. Ақтөбе облысында 4 мың ерікті жұмылдырылды. Қостанай облысындағы Амангелді ауданы мен Арқалық қаласында арнайы пункттер мен волонтерлік штабтар ашылды, - делінген мәліметте.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерінен жинақталған 400-ден астам ерікті тартылды. Волонтерлер суға кетуі мүмкін аулалардан қар шығарды.

Министрлік су тасқынынан зардап шеккендерге көмектескісі келетіндерге жергілікті ұйымдарға немесе аймақтық төтенше жағдай кезінде еріктілердің қызметін үйлестіретін фронт-кеңселерге хабарласуды сұрайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға