Жаңалықтар

Су тасқынымен күрес: Майор Асхат Сейіловтің экипажы Торғай халқын құтқарды

Су тасқынымен күрес: Майор Асхат Сейіловтің экипажы Торғай халқын құтқарды
Фото: Қорғаныс министрлігі 21.04.2024 08:53 422

Еліміздегі алапат cу тасқынымен күреске Әуе қорғанысы күштері әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері алғашқы күннен қатысып келеді. Армиялық авиацияның тікұшақ экипаждары елді мекендер мен қыстақтарда қалған тұрғындарды эвакуациялауға қатысты. Сонымен бірге дағдарыс аймақтарына күштер мен құралдарды, мамандарды тасымалдаумен және гуманитарлық көмек жеткізумен де айналысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Алғашқы су тасқыны 25 наурызда Қостанай облысының оңтүстік аудандарында тіркелді. Арқалық қаласына жақын орналасқан Қызыл жұлдыз, Екідің ауылдары су астында қалды. Келесі күні қарғын су Амангелді ауданының орталығына қауіп төндіре бастады. Төтенше жағдайға жергілікті биліктің күші жеткіліксіз еді. Осы кезде тұрғындарға көмекке алғашқы болып әскери қызметшілер келді.

Астанадағы 19132 әскери бөлімінің Ми-171Ш, Ми-17 және Ми-8 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарының экипаждары 2024 жылғы 27-30 наурыз аралығында Қостанай облысының оңтүстік аудандарындағы тасқын суға қарсы іс-шараларға қатысты.

Әскери тікұшақтарды ұшқыштар – полковниктер Қайрат Түгелов, Владимир Семенов, подполковник Миршат Сағындықов, майор Асхат Сейілов және аға лейтенант Ерсін Жұманов басқарды. Ондағы борт жүйелерінің жарамдылығын капитандар Владимир Литовченко мен Асхат Ізмағамбетов бақылады.

Әскери ұшқыштар Қызыл жұлдыз, Екідің, Ақкісі, Қабырға, Жаңа қала, Боқы, Қылышбай, Үрпек, Аянбай, Оспан, Ықылас елді мекендерінен және жақын маңдағы су басқан қыстақтардан 455 адамды, оның ішінде 221 баланы эвакуациялады. Зардап шеккен азаматтар Арқалық қаласына жеткізіліп, онда оларға қажетті көмек көрсетілді.

Тікұшақ экипаждары 130-150 шақырым қашықтыққа, оның ішінде түнгі уақытта ұшулар жасады. Ұшу аралығы 130-150 шақырымды құрады. Қараңғы кезде ұшу түнгі көру құрылғысы арқылы жүзеге асырылды. Осы жерде түнгі уақытта құтқару жұмыстарын жүргізуге тек Әскери-әуе күштерінің ұшқыштарына ғана рұқсат етілгенін атап өткен жөн.

Торғай өңіріндегі құтқару жұмыстарында 19132 әскери бөлімі армиялық авиация эскадрилиясының штурманы майор Асхат Сейіловтің экипажы табандылық пен салқынқандылық көрсетіп, өздерінің иығына түскен жауапкершілікті жан-тәнімен сезіне білді. Өйткені, әр адамның өмірі олардың шешімі мен іс-әрекетіне байланысты болатын.

Асхат Сейілов екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институттың түлегі.

Бала күнінде ұшқыш болуды бәрі армандайды. Әйтсе де есейе келе әркім әр салаға бет бұрып кетеді. Бірінің денсаулығы жарамай жатады. Ал Асхат кішкентай күнінен «Мен ұшқыш боламын» деп алдына мақсат қоя білді. Бұған өзін психологиялық және физикалық тұрғыдан барынша дайындады. Жоғары сыныпта оқып жүргенде болашақта әскери авиация саласында қызмет етуге түбегейлі шешім қабылдады.

Асхат Сейілов тікұшаққа әдбен жаттыққан. Әуе кеңістігінде қырағылық, қорғаныс пен әскери ұшақтың техникалық жағдайы да маңызды.

Ұшқышқа қойылатын басты талап – байқампаздық пен сақтық. Сосын кез келген қиын жағдайда шешім қабылдай білуі қажет. Ұшқыш есепке де жүйрік болуы шарт. Өйткені, арақашықтықты, оған кететін уақытты, кординаталарды, желдің жылдамдығын, жанар-жағармайдың мөлшерін есептеу сынды жұмыстар авиацияда маңызға ие. Кейде метеорологтардың берген болжамы сәйкес келмей жатады. Сондай қиын уақытта авиациялық жанар-жағармайды әуеде отырып есептей алу керек. Тағы бір керекті дүние, ұшқыш физикалық тұрғыда мықты болуы тиіс. Тікұшақты басқарып отырған соң келесі қандай әрекет жасайтынын іштей бағамдап, психологиялық тұрғыдан әзір болуы шарт. Жиі көкке көтерілген соң бұған Асхаттың еті үйренген.

Су басқан аудандардың үстінен ұшып өткенде ол апаттың ауқымы орасан зор екенін көрді. Көз алдындағы картина жер бетін топан су басқандай әсер қалдырды. Тіпті үйлер мен ғимараттардың үстін паналап, жан сақтаған адамдарды көру жаныңды ауыртатын еді.

 Осы бір ауыр жағдай өмірімде өшпес із қалдырды, – дейді майор Асхат Сейілов. – Су басқан ауыл тұрғындарының жүзін көру, олардың қандай қиын жағдайға тап болғанын түсіну өте ауыр болды. Қарт кісілер, әйелдер мен балалар күрделі метеорологиялық жағдайда жаңбыр мен желдің астында қалды. Елді мекендерде байланыс пен жарық үзілді. Баспанасын жоғалтқан адамдардың көз жасын көру оңай болған жоқ. Енді мұндай апаттар қайталанбаса екен деп тілеймін.

Ұшқыштар адамдарды қыстаулар мен фермалардағы үйлердің шатырларынан тікелей эвакуациялады. Төтенше жағдай уақыт пен жанармай лимитімен күрделене түсті. Көптеген адамдар депрессияға ұшырап, кейбірі есінен танып жатты. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге тура келді.

Тәуекел түбі жел қайықы, өтесің де кетесің деген. Біз әр ұшу алдында тапсырманың күрделілігін түсіне білдік. Өз жұмысымызды экстремалды жағдайларда, соның ішінде түнде орындадық. Қону мүмкіндігі жоқ жерлерде эвакуациялануы керек адамдарды су бетінен ілулі режимде қабылдадық, – дейді экипаж командирі.

19132 әскери бөлімі армиялық авиация эскадрилиясының штурманы майор Асхат Сейіловтің экипажы бүгінде елордаға оралған. Олар кез келген уақытта жаңа тапсырма алып, алыс сапарға шығуы әбден мүмкін. Сол себепті сақадай сай сайыпқырандарға босаңсуға негіз жоқ. Тікұшақ экипажы ұшуға дайын!

Бүгінде Асхаттың өзге әріптестері еліміздегі су тасқыны қаупі жоғары аймақтарда жұмысын жалғастыруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға