«Астана Тазалық» мекемесі

Студенттер «Астана Тазалық» базасында ақылы өндірістік тәжірибеден өте алады

25.06.2025 15:39 2693

«Астана Тазалық» мекемесінің бастамасымен елорданың экологиялық күн тәртібіне арналған ерекше блог-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шараның басты мақсаты қала тазалығын сақтаудағы коммуналдық қызметтердің ашықтығын көрсету, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру болды. Экскурсияға журналистер, қоғам белсенділері, экологтар және танымал блогерлер қатысты.

Қатысушыларға заманауи тазалық техникалары мен арнайы көліктер көрсетіліп, «Астана Тазалық» мекемесінің өндірістік нысандары таныстырылды.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Астана қаласының тазалығына 31 мекеме жұмылдырылған. Соның ішінде қаланың 40 пайыз аумағын санитарлық талапқа сай ұстауды «Астана Тазалық» ЖШС қамтамасыз етеді. 2008 жылы құрылған серіктестікте ресми түрде 1664 қызметкер еңбек етуде. Маусымдық жұмыс кезінде бұл көрсеткіш артады.

Мекеме қызметкерлерінің жұмыс күні де өзгелерден ерекше ерте басталады. Жаздың аптабы мен қыстың қаһарлы аязында, көктемнің өкпек желі мен күздің қара суығында қажымайтын қызметкерлер таңғы сағат 3-те тұрып, мекеме көлігімен жұмыс орындарына жеткізіледі. Сағат 5:40-та өз учаскелерінде тазалық жұмыстарын бастайды.

Жұмыстың үздіксіз жүруі үшін мекеменің 440-тан астам арнайы техникасы бар. Барлығы заманауи GPS-навигациямен жабдықталған. Әрбір жұмысшыға жайлы жатақхана, тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық тексеру кабинеттері қарастырылған.

Техникалық бақылау бөлімінің басшысы Дастан Мұсабеков арнайы көліктердің қозғалысын бақылайтын цифрлық GPS жүйесінің артықшылықтарын атап өтті:

Бұл жүйе техниканың нақты орнын ғана емес, жүргізушілердің жұмыс тәртібін де бақылайды. Соның арқасында жұмыс сапасы мен қауіпсіздік деңгейі арттырылды.

Шара аясында Кәсіби технологиялар колледжімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Енді студенттер «Астана Тазалық» базасында ақылы өндірістік тәжірибеден өтіп, болашақ маман ретінде шыңдалмақ. Мекеме басшылығы бұл бастама арқылы коммуналдық қызмет саласындағы мамандықтардың мәртебесін көтеруді көздеп отыр.

Кенжеғұл Құдірет, студент-жұмыскер:

Мамандығым – техник-механик. Осы Астана қаласындағы кәсіптік-техникалық колледждің 3 курс студентімін. «Астана Тазалық» мекемесіне 3 айлық практикамен келіп, жұмыс атқарып жатырмын. Біз сияқты жас мамандарға бұл жерде практикадан өту ғана емес, қосымша еңбекақы да қарастырылған. Болашақта оқуымды тәмамдап, осы мекемеге жұмысқа орналасуды көздеп отырмын. 1500-нан астам жұмыскері бар «Астана Тазалық» жұмыскерлеріне толыққанды жағдай жасаған. Заманауи жатақхана, медициналық орталық, жақсы жалақы дегендей. Сондықтан әрбір кәсіптік маман түлектерін «Астана Тазалық» мекемесіне жұмысқа шақырамын.

Авторы: Алтынбек Құмырзақұлы