Жаңалықтар

Студент жастар ауылшаруашылық өндірісті бірегей электронды платформаға біріктіру жобасын ұсынды

Жастар жылының ашылуы аясында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы көшбасшыларының Self-made жастар форумында студент жастар ауылшаруашылық өндірісті бірегей электронды платформаға біріктіру жобасын ұсынды. 
Студент жастар ауылшаруашылық өндірісті бірегей электронды платформаға біріктіру жобасын ұсынды
30.01.2019 06:06 2073

Жастар жылының ашылуы аясында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы көшбасшыларының Self-made жастар форумында студент жастар ауылшаруашылық өндірісті бірегей электронды платформаға біріктіру жобасын ұсынды. 

Гүлүзім Климент, Дәулет Алтынбеков – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің үшінші курс студенттері: «Біз жеті студенттен құралған топ Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын «Ғылыми-зерттеушілік жобалық-конструкторлық бюросымен» бірге жобамызды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Қазақстан – халықтың басым бөлігі ауылшаруашылығымен айналысатын агроиндустриалды мемлекет. Ауылдық елді мекендерде халықтың елу пайыздан астамы тұрады. Сол себепті ауылшаруашылық өндірістің дамуы ауылдық елді мекендердің жағдайын арттырумен қатар, осы саламен айналысатын немесе байланысы бар мамандардың да жұмыс деңгейін жаңа сапаға көтермек.

Ауылшаруашылығымен айналысатын (мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, бақташылық және бақ өсіру) әрбір фермер немесе шаруа қожалығы өз өндірісін арттыру үшін өзіне белгілі сомадағы қаражаттың қажеттігін біледі. Мемлекет елдің ауылшаруашылығын қолдау мақсатында осы салаға қомақты қаражат бөледі. Алайда түрлі себептерге орай әрбір фермер бұл қаражатты алудың жолдарын біле бермейді. Оның үстіне кез келген фермердің күнделікті туындайтын мәселелері бар: мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарда уақытылы вакцинация, жүн қырқу, жүн өңдеу, оны өткізу. Егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтарда қажетті мөлшердегі тыңайтқыштарды уақытылы жеткізу, жемістерін жинау науқаны және тағы басқалары.

Әрбір шаруашылық үшін өнімін терең өңдеуден өткізіп, үлкен қосымша құн қосып сату, айналымға жіберу маңызды. Бұл жағдайда қожалық алдында өзге шаруашылық иелерімен біріге отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуден өткізетін өндірістік құрал-жабдықтарды сатып алу мәселесі туындайды. Яғни, тұшпара, шұжық жасау, жеміс-жидек қоймаларын салу және тағы да басқа өндірістік құрал-жабдықтарының пайда болуымен бірге өзіндік аймақтық ауылшаруашылық кластері туындайды.

Осы орайды шаруашылық пен мемлекеттің мақсат-мүдделері тоғысады. Мемлекет тарапынан жалғыз жолдаушы мен қолдаушы рөлін жергілікті аудандық ауылшаруашылық басқармалары атқарады.

Аудандық ауылшаруашылық басқармалары әрбір жергілікті шаруа қожалықтарына қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуші рөлін атқарады. Мәселен, ветеринарлық және өзге де аудандық бөлімшелердің қызметін ұйымдастырады, қожалыққа мемлекеттен бөлінетін қолдау қаражатын алу мақсатында аудандық қаржы басқармасымен тығыз байланыс орнатады, ірі қара малды вакцинациялау шараларын жүргізеді, егін егу мен орақ ору науқанын және тағы да басқа шаралардың жүргізілуін ұйымдастырады, қадағалайды және ақпарат жинақтайды, оны талдайды.

Ал енді осы тараптардың барлығын Бірегей Электронды Платформаға біріктіретін болсақ, аталған жұмыстардың тиімділігі мен жылдамдығы артатыны сөзсіз. Бұл міндеттерді біздің топ әзірлеп жатқан Платформа өзіне жүктеп, электронды база өз платформасында еліміздің барлық аймақтарындағы аудандық ауылшаруашылық басқармаларын бір жүйеге біріктірмек.

Сонымен қатар біз жасап отырған платформа ауылшаруашылық басқармасымен бірге шаруа қожалықтарын да ақпаратпен қамтамасыз ететін болады. Осы база негізінде барлық қожалықтардың жұмысы мен өндірістік өнімдері турасында есеп жүргізіледі. Осылай аудандық ауылшаруашылық басқармасы түрлі бағыттағы шаруашылықтардың кластерлеріне дейін қадағалау жүргізе алады. Сонымен қатар аталмыш жобаны жүзеге асыру арқылы еліміздің барлық аудандарындағы ауылшаруашылық саласындағы шағын және орта бизнестің дамуына үлкен септігін тигізбек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекетіміз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізінде жаңа электронды цифрландыру дәуіріне қадам басуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – цифрлық технологияларды пайдалану мен бизнеспен күнделікті өмірімізге ендіру арқылы Қазақстан Республикасы экономикасының даму көрсеткіштерін үдету.

Біздің жоба ауылшаруашылығын басқару үдерісін цифрландыру қызметіне бағытталған. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы ақпараттың түрлі тараптарға тез арада жетуі мен талдану тиімділігі артпақ, тіпті министр жергілікті аудандық шаруа қожалығының жетістігі мен қажеттілігін тікелей бақылай алады.

Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы жемқорлық жасалу тетіктерін кемітуге, ауылдағы жергілікті шағын бизнестің өркендеуіне, ауылшаруашылық өнімдерінің артуына және импорттық өнімдерге деген сұраныстың төмендеуіне алып келмек, ал ол өз кезегінде ауылшаруашылық өнімдерін өндірудегі тәуелсіздік пен азық-түлік өнімдерінің бағасының төмендетеді. Ең бастысы – бұл жоба жергілікті шаруа қожалықтарына өнім өндіру кезінде түрлі жағдайларға тез икемделу мен бейімделу көрсеткішін арттырады. Бұл шағын және орта бизнестің бәсекелі нарықта өмір сүре білуі мен дамуына мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғындары көбіне ауылшаруашылығымен айналысатындықтарынан бұл кәсіпте қандай қиыншылықтар мен кедергілердің кездесетіндігін білеміз. Сондықтан да септігімізді тигізсек деген ниеттеміз.

Бүгінгі таңда ел жастары түрлі салаларда қызмет етуде, алайда біз ауылшаруашылығана ден қоюымыз қажет. Әлбетте, жоба ел экономикасының негізгі бір саласын түгел қамтуы үшін бізге агротехникалық университеттермен және министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен жұмыс атқару қажет болады. Ортақ мақсат пен мүдде болғандықтан, бағынар асу алыс емес деп сенеміз. Оның үстіне Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Біздің жобамыз жастардың атынан орынды жауап болмақ».

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға