Әсем Орынбай әлем чемпионатында үздік бестікке еніп, Қазақстанға алғашқы Олимпиада жолдамасын сыйлады.
Қазақстан құрамасының өкілі Әсем Орынбай Катардың Доха қаласында өтіп жатқан стенд атудан әлем чемпионатында үздік бес спортшының қатарына қосылып, Қазақстан қоржынына алғашқы Олимпиада жолдамасын салды.
Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, шешуші кезеңде қазақстандық спортшы 24 нысананың 20-сын дәл көздеп, қорытынды есепте бесінші орынға тұрақтады. Қытай қыздары Цзян Итин мен Че Юйфэй алтын мен күмісті өзара бөлісті. Словакия өкілі Моника Стибраваға қола жүлде бұйырды.
Айта кетейік, Әсем Орынбай - стенд атудан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі. Оның еншісінде 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарының алтын медалі, сондай-ақ 2022 жылы Осиек қаласында өткен әлем чемпионатында командалық микст сайысында жеңіп алған қола жүлдесі бар.
Дохадағы нысана көздеу және стенд атудан әлем чемпионаты 14 қарашаға дейін жалғасады.