Стартаптан телекоммуникацияға дейін: AI & Digital Bridge форумының екінші күні жасанды интеллект экономикасының болашағына арналды

Стартаптан телекоммуникацияға дейін: AI & Digital Bridge форумының екінші күні жасанды интеллект экономикасының болашағына арналды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

AI & Digital Bridge 2026 форумына 25 мыңнан астам адам келді. Іскерлік бағдарламаға 300-ден астам спикер, соның ішінде 90-нан астам шетелдік сарапшы қатысып, 60-қа жуық панельдік сессия өтті. Көрме алаңында Startup Alley аймағында 90-нан астам стартап, 49 IT-компания және 50 жеке стенд пен павильон ұсынылды. Сондай-ақ технология, инвестиция, білім беру және халықаралық ынтымақтастық салаларында 40-тан астам меморандумға қол қойылды, деп жазады Еl.kz интернет порталы. 

Форумның екінші күні жасанды интеллект экономикасы, технологиялар мен капитал үшін жаһандық бәсеке, мемлекеттің цифрлық трансформациясы, инфрақұрылымды дамыту, адами капитал және технологиялық кәсіпкерлік сияқты қазіргі заманғы жасанды интеллект күн тәртібінің негізгі бағыттарын қамтыды.

Бұл ұстаным AI & Digital Bridge 2026 форумының «Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» тұжырымдамасына толық сай келеді. Форум халықаралық сараптаманы, технологиялық бизнесті, инвесторларды, мемлекеттік институттар мен стартаптарды Қазақстанның цифрлық экономикасы мен технологиялық экожүйесін дамыту мақсатында бір арнаға тоғыстырады.

AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтуде. 2 қазанда бағдарлама бір мезгілде жеті түрлі алаңда — Eurasian Hall, Steppe Hall, Shanyraq Hall, Vision Hall, Connect Hall, VC Hall және Pitching Zone залдарында жалғасты.

Көрме бағдарламасы Robotics, Art, GameDev және Vibe Coding атты төрт тақырыптық аймаққа бөлінді, ал Startup Alley стартаптардың өнімдері мен әзірлемелерін таныстыратын жеке алаңға айналды.

Екінші күннің басты талқылауларының бірі «The New Economy: Powered by AI» сессиясы болды. Онда жасанды интеллекттің жаһандық экономиканы қалай өзгертіп жатқаны және өсудің жаңа модельдерін қалай қалыптастыратыны сөз болды. Пікірталасқа Премьер-Министрдің орынбасары — Жаслан Мәдиев, Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов, 01.AI негізін қалаушы әрі бас директоры, Sinovation Ventures төрағасы Кай-Фу Ли, Sherpa Capital бірлесіп негізін қалаушы Шервин Пишевар және «Қазахтелеком» АҚ басқарма төрағасы Багдат Мусин қатысты. Модератор қызметін Financial Times журналисі Элеанор Олкотт атқарды.

«The New AI World Order» сессиясы жаһандық күн тәртібінің жалғасы болып, технологиялар мен есептеу қуаттарынан бастап капитал мен халықаралық ықпал орталықтарына дейінгі жасанды интеллекттің жаңа әлемдік архитектурасының қалай қалыптасып жатқанын талқылады. Пікірталасқа Cambrian Futures негізін қалаушы әрі бас директоры Олаф Дж. Грот, Цинхуа университетінің профессоры Яцинь Чжан және Mastercard атқарушы вице-президенті Иэн Слейтер қатысты. Модератор ретінде тағы да Элеанор Олкотт сөз сөйледі.

Жеке инвестициялық блок «Capital for the AI Era» сессиясымен жалғасты. Kraken бірлескен бас директоры Дэвид Рипли, Revolut атқарушы директоры Павел Нестеров, Әсел Төлеубаева мен Ғазиз Сейлханов қандай жасанды интеллект бизнесінің ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыра алатынын талқылады. Пікір алмасудың түйіні — инвесторлар үшін жасанды интеллекттің тек қолданылуы маңызды емес, жұмыс істейтін өнім, жеке деректер базасы, нақты тұтынушылар және істің ауқымын кеңейту мүмкіндігі әлдеқайда маңыздырақ. Модератор міндетін Елизавета Осетинская атқарды.

«Who Will Power the AI Economy» сессиясында адами капитал тақырыбы жалғасын тапты. NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, Цифрлық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Дима Аль-Яхья, Арменияның жоғары технологиялық өнеркәсіп министрінің орынбасары Татев Асланян және Oxford Insights негізін қалаушы Ричард Стирлинг жасанды интеллект экономикасында қандай дағдылар сұранысқа ие болатынын және білім беру, мемлекет пен технологиялық бизнес қалай өзара әрекеттесуі тиіс екенін талқылады. Модератор қызметін Пол Ким атқарды.

Мемлекеттің практикалық цифрлық трансформациясына «Digital Qazaqstan 2029: стратегиядан экономика мен мемлекетті трансформациялауға дейін» сессиясы арналды. Талқылауға жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев, қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов, денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, BCG басқарушы директоры әрі серіктесі Михаил Волков және «Halyk Bank» басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев қатысты. Модератор ретінде Цифрлық үкіметті қолдау орталығы бас директорының бірінші орынбасары Арай Уразова сөз сөйледі. Басты назар цифрландыру стратегиясынан нақты өлшенетін нәтижелерге көшуге аударылды.

Жасанды интеллект дәуіріндегі телекоммуникация инфрақұрылымы тағы бір маңызды бағытқа айналды. Бұл пікірталасқа Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков, Kcell бас директоры Асқар Жамбакин, Tele2/Altel бас директоры Александр Бабичев, Beeline Қазақстан бас директоры Жаббор Каюмов және Freedom Telecom Holding бас директоры Қайрат Ахметов қатысты. Қатысушылар жасанды интеллект жүктемелерінің артуы байланыс желілеріне, есептеу инфрақұрылымына және телеком нарығына қойылатын талаптарды қалай өзгертіп жатқанын талқылады.

Сондай-ақ екінші күннің бағдарламасында eGov 3.0, медициналық деректермен қауіпсіз алмасу, цифрлық дамуды құқықтық реттеу, AI-native қалалар, киберқауіпсіздік және GPU инфрақұрылымы негізінде жасанды интеллектті қауіпсіз енгізу тақырыптарына арналған сессиялар өтті.

Жекелеген бағыттар венчурлық инвестицияларға, стартаптарға, халықаралық деңгейге шығуға және жаңа технологиялық өнімдерге арналды.

Форумның нақты нәтижесі ретінде жасанды интеллект, инвестиция, білім беру, технологиялар трансфері, цифрлық денсаулық сақтау, киберқауіпсіздік және технологиялық инфрақұрылымды дамыту салаларында 41 меморандумға қол қойылды.

Қол қойылған құжаттардың қатарында «Қазахтелеком» АҚ мен Network School компаниясының жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы келісімі, Astana Hub пен United Ventures меморандумы, BGlobal Ventures пен PanDev арасындағы инвестициялық серіктестік, сондай-ақ XAG технологияларын Қазақстанға трансферт жасау, денсаулық сақтауды цифрландыру, KazHackStan шарасын өткізу және экологиялық мониторинг бойынша уағдаластықтар бар.

3 қазанда AI & Digital Bridge 2026 форумының бағдарламасын іскерлік және технологиялық сессиялар, стартаптардың тұсаукесерлері, креативті индустриялар бағдарламасы және Astana Hub Battle байқауының финалы жалғастырады. Сол күні AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және Astana AI Film Festival кинофестивалінің жабылу шарасы өтеді.

AI & Digital Bridge 2026 форумы туралы

AI & Digital Bridge 2026 1–3 қазан аралығында Астанадағы «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр.

Биылғы форумның негізгі ұстанымы – елдің өзіндік технологиялық экожүйесін дамыту, халықаралық тәжірибе мен инвестиция тарту, кадрлар даярлау және жасанды интеллект компанияларының өсуіне қолайлы жағдай жасау бағытын айқындайтын «Kazakhstan is the Eurasian AI Hub».

Форумды ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі.

Форумның хедлайнерлері – Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, Higgsfield AI компаниясының негізін бірлесіп қалаушы әрі бас директоры Алекс Машрабов және Crimson Education компаниясының негізін бірлесіп қалаушы әрі бас директоры Джейми Битон.

AI & Digital Bridge 2026 форумын ұйымдастыру жұмыстары серіктестер мен демеушілердің қолдауы арқасында жүзеге асты. Форумды өткізудің барлық шығындары демеушілік қаражат есебінен өтеледі.

Алтын серіктестер — Freedom Банкі, Kaspi Bank, «Самрук-Қазына» АҚ және «Қазахтелеком» АҚ. Күміс серіктес — Halyk Bank. Бизнес-серіктес — Beeline Қазақстан. Қола серіктес — Yandex Qazaqstan. Телеком-серіктес — «Freedom Telecom Operations» ЖШС. Технологиялық серіктестер — «Транстелеком» АҚ, ресми әуе серіктесі (Official Airline Partner) — Air Astana.

Оқи отырыңыз