
СҚО-да туристер саны жылына 280 мың адамға дейін жетпек
Солтүстік Қазақстанда облыс Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында өңірдің туристік саласын дамыту мәселесі қаралды. Негізгі назар республикалық маңызы бар басым туристік аймақтар тізіміне кіретін Имантау-Шалқар курорттық аймағын одан әрі ілгерілетуге аударылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әкімдік ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда курорттық аймақта 4 мың орынға арналған 46 орналастыру нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 9 демалыс базасы жыл бойы қызмет көрсетеді. Туристерге арналған бос уақытты әртараптандыру үшін 13 туристік маршрут әзірленіп, сәтті іске асырылуда.
Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда 20 шақырым болатын 9 жол учаскесі жөнделді. Демалыс орындарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралардың арқасында туристер саны жылына 150 мың адамға дейін өсіп, төсек-орын қоры 800 орынға артады. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жыл сайынғы туристік ағын 280 мың адамға дейін жетеді деп күтілуде.
Туристерді тарту және өңірге қызығушылықты арттыру мақсатында биыл «Drive Forum Imantau-Shalkar» фестивалін өткізу жоспарланған. Іс-шара аясында аймақтың көрікті жерлеріне автоэкспедиция, шеберлік сағаттары, дәрістер мен музыкалық бағдарлама өтетін көрме алаңы ұйымдастырылады.
Өңірде мәдени туризмді дамытуға да ерекше мән берілуде. 2025 жылғы тамызда «Ботай – Ұлы Даланың мәдениеті» атты бірегей археологиялық ескерткішті насихаттау аясында III Халықаралық суретшілер симпозиумы өтеді.
Аймақ басшысы Солтүстік Қазақстан облысының табиғи және мәдени ерекшеліктері мол екенін атап өтті. Туризмді дамыту – өңір экономикасының жаңа драйверіне айналып, жұмыс орындарын ашуға, халық табысын арттыруға және шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беруі тиіс.