Солтүстік Қазақстан облысында Сурдлимпиаданың жеңімпазына пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Олимпиада чемпионы, ҰОК бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиевпен бірге ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.

Облыста олимпиадалық қозғалысты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Келесі жылы төртжылдықтың басты жарысы - Олимпиада Парижде өтеді. Біздің велошабандоз Алексей Луценко екі лицензия жеңіп алды. Оған қоса, 7 спортшымыз үміткер мәртебесіне ие. Солтүстікқазақстандықтар атлеттеріміз Олимпиада ойындарында биіктен көрініп, еліміздің қоржынына жүлделерді салады деп сенеді.

Шарада марапаттау рәсімі де өтті. Сурдлимпиаданың чемпионы Фархад Қыстаубаевқа өңір басшысы алғыс пен пәтер кілтін табыс етті. Әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткені үшін Аманғали Бекболатов пен қазақ күресінен әлем кубогының жеңімпазы Алтынбек Аусағитов және олардың бапкерлері алғыс және естелік сыйлықпен марапатталды.

Серік Сәпиев өңірдің спорт саласының өкілдеріне ҰОК мерейлі медалдарын және алғыс хаттарын табыс етті.