Жаңалықтар

СҚО-да мектептер аязға байланысты қашықтан оқытуға көшіп жатыр

СҚО-да мектептер аязға байланысты қашықтан оқытуға көшіп жатыр
Фото: ©El.kz/Марина РУЗМАТОВА/ChatGPT 18.02.2024 23:55 481

Солтүстік Қазақстан облысында қатты аязға байланысты кей мектептер хабарлама таратып, 19 ақпан сабақ қашықтан оқытылатынын ескертіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ге сілтеме жасап. 

СҚО білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық төтенше жағдайлар департаментінен аязға байланысты ескерту келді. Алайда әр мектеп қашықтан оқуға көшуді өздігінен шешеді. 

Облыста 458 мектеп бар, оның 7-уі - интернат. Ауа райының температуралық режимі бойынша -25 градуста 0-4 сыныптар, -27 градуста 0-9 сыныптар және -30 градус аязда 0-11 сыныптар мен колледжердің 1-2 курс студенттері қашықтықтан оқуға ауыстырылады. Температуралық режим туралы ақпарат білім басқармасының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында және барлық білім беру бөлімдерінің парақшаларында жарияланып отырады. Сабақтың қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылғанын сынып жетекшілері оқуышлар мен ата-аналарды дер кезінде ескертіп отырулары қажет, - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева. 

Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп ертең таңертең сағат 7.00-де -30 градус болатынын ескеріп, бірінші ауысымның 0-11 сынып оқушыларын қашықтан оқуға көшірді.

СҚО-да 15 ақпаннан бері аяз. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, қатты суық 23 ақпанға дейін сақталмақ. Петропавл қаласын бойынша түнде сынап бағанасы -28 градустан -32 градусқа дейін төмендемек. Облыс аумағының кей аудандарында -35 градусқа дейін суытады деген болжам бар. Күндіз Петропавлда -15, -23 аралығында болса, облыста -25-ке дейін суытпақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға