Жаңалықтар

СҚО-да 15 адам шетелдіктердің еңбегін заңсыз пайдаланған

СҚО-да 15 адам шетелдіктердің еңбегін заңсыз пайдаланған
Фото: © Polisia.kz 26.06.2023 15:15 559

Солтүстік Қазақстан облысында «Заңсыз келуші» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Нәтижесінде, өңірдің бірнеше ауданында заңсыз жұмыс істеген шетелдіктер анықталды. Оларды жұмысқа тартқандар да жазасыз қалмады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19-25 маусым аралығында өңір полицейлері «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеді.

Көші-қон қызметінің мамандары учаскелік инспекторлармен және өзге бөлімшелермен бірлесіп, ауыл шаруашылықтарына, құрылыс және сауда нысандарына рейдтер жүргізді.

Нәтижесінде Есіл ауданында медициналық мекемені жұмысқа орналасуға рұқсатсыз жөндеп жатқан Өзбекстанның 6 азаматынан тұратын бригада анықталды.

СҚО-да 7 күн ішінде ел аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін 212 шетелдік жазаланды. Сондай-ақ, өңірдің 80 тұрғыны үш күндік мерзімде органдарға шетелден келген қонақтары жайында хабарламағаны немесе елде болу мерзімі өткен шетелдіктердің уақтылы кетуі бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапқа тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 15 жұмыс беруші айыппұл төледі. Адамдардан заңнама талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз. Рейд жалғасады, - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Ал Шал ақын ауданында мектепті жөндеуге Тәжікстанның 10 тұрғыны тартылған. Олар да заңсыз жұмыс істеген.

Екі жағдайда да ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша материалдар жиналды.

Заңды айналып өту мақсатымен шетелдік жұмыс күшін пайдаланған мердігерлер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға