Спортшы жалақыны қайдан алады?

Спортшы жалақыны қайдан алады?
Фото: Al көмегімен жасалды

Мамыр айынан бері қоғам спортшылардың жалақысы туралы қызу талқылау жүргізіп жатыр. Михаил Шайдоровтың бірнеше ай бойы жалақы ала алмағаны туралы мәлімдемесі тақырыпқа тұздық болды. Кейінірек шахматшы Бибісара Асаубаева жалақысы қысқарғаны туралы айтты. Осыдан кейін жұрт спортшылардың айлығы қалай есептелетініне қызықты. Олар бір жерден жалақы ала ма, әлде бірнеше табыс көзі бар ма?
 
Шын мәнінде, спортшылардың табысы көпшілік ойлағандай қарапайым жүйемен есептелмейді. Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мейрам Сапарғалидың айтуынша, спортшылармен еңбек келісімшартын басқармалар емес, арнайы мамандандырылған спорт ұйымдары бекітеді. 

«Нақты қанша төленетінін айта алмаймын. Өйткені келісімшартты спортшылармен біз жасамаймыз. Арнайы мекемелер бар», - деді ол.

Дегенмен кез келген спортшы жалақыға ілінеді деп ойлап қалмаңыз. Бұл нағыз «табан ет, маңдай тердің жұмысы». Мысалы, спортшы 4-5 жасынан спорт гимнастикасына барды делік. Оның кәсіби жолы 9-12 жас аралығында аудандық, облыстық турнирден басталады. Одан ары қарай республикалық, әлемдік додаларда бақ сынайды. Нақты нәтижеге жетем дегенше 17-18 жасқа толады. Айтпағымыз, құрамаға іліне алмасаң, қандай да бір нәтижеге жеткенше, өз қалтаңнан ақша шығарасың.

«Егер спортшы республикалық деңгейде болса, ұлттық құрама сапына енгеннен кейін, ал өңірлік спортшы облыс құрамасына қабылданған соң стипендия алады. Еңбек келісімшарты мамандандырылған спорттық мекемелермен жасалады», - дейді Мейрам Сапарғали.

Одан бөлек, түрлі біліктілік санаты бар. «ҚР спорт шеберіне үміткер», «Спорт шебері», «Халықаралық спорт шеберіне үміткер», «Халықаралық спорт шебері», «ҚР еңбегі сіңген спортшы» және тағы басқасы. Мұндай атақты босқа арқалап жүр деп ойласаңыз, қателесесіз.

Біліктілік санаттары пайыздық мөлшермен жүреді. Мысалы, жалақының 10 немесе 20 пайызы көлемінде үстемеақы қосылады. Сонымен бірге еңбек өтілі де ескеріледі, - деді Мейрам Сапарғали.

Иә, халықаралық деңгейге жеткен спортшы құралақан қалмайды. Бірнеше жерден жалақы алуға, жарнамадан табыс табуға мүмкіндігі бар. Жалпы, шетелде спортшылар мемлекеттен қаржы тарта алуы қиын. Көбінесе демеушінің, жарнаманың арқасында күн көреді.

Бір спортшы бірнеше мекемемен келісімшарт жасай алады, – дейді ол.

Демек, елімізде спортшылар бірнеше жерден айлық ала алады. Бірнеше мекемемен келісімшартқа отырады.
 
Спортшы неше жерден табыс табады?

Ал енді төлемнің қай жерден келетінін болжап көрелік. Алдымен, еңбек келісімшарты бойынша жалақы алады. Екіншіден, ұлттық не өңірлік құрама құрамына кіргенде ай сайын стипендия алады. Халықаралық, республикалық жарыстың жүлдесі бар. Қандай да бір клубпен келісімшарт жасай алады. Әрине, осындайда демеушілердің қолдауын да естен шығармаған дұрыс.

 

Демек, спортпен кәсіби түрде айналыссаң, барыңды салсаң, ақша табуға болады. Ары қарай Олимпиада чемпионы, әлем не Азия чемпионы болып жатсаң, оған да мемлекет ай сайын төлем төлейді.
 
Елімізде халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға арнайы ай сайынғы төлем қарастырылған. Оның мөлшері жарыстың деңгейіне, спортшы алған орынға және есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді.

Мысалы, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада жеңімпаздарына (алтын) ай сайын 250 АЕК ( 1 млн 81250 тг) төленеді.
Әлем чемпиондарына 130 АЕК (562 250 тг) береді. Азия чемпионы болсаңыз, 120 АЕК (519 000 тг) аласыз. Айта кетерлігі, төлем мөлшері Олимпиадалық, Олимпиадалық емес спорт түрімен айналысқаныңызға қарай өзгереді. Мұндай төлем жасөспірімдер, жастар арасында әлемдік додада топ жарғандарға да қарастырылған. Соның ішінде ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары да шет қалмайды.

Айтпақшы, бұл төлем түрі өмір бойы алмайсыз. Бір циклдан келесі циклға дейін төленеді. Сол аралықта спорттағы жолыңызды жалғастырып, кәсіби шұғылданғаныңыз маңызды.

 
Жалақы неге түрленеді?

Әр олимпиадалық цикл басталғанда спортшылардың келісімшарты мен қаржыландыру жүйесі қайта қаралады. Осы аралықта кей спортшы жаңа келісімшарт жасауға міндетті. Соның рәсімдеу жұмысы біткенше төлем кешігуі Не мөлшері өзгеруі мүмкін.

Жоғарыда айтқан, Михаил Шайдоровтың жағдайында Туризм және спорт министрлігі мәселенің жаңа келісімшарттың рәсімделуіне байланысты болғанын түсіндірді. Кейін спортшымен келісім жасалып, төлем мәселесі шешілгенін растады.
 
Ал Бибісара Асаубаева жалақысының азайғанын айтқаннан кейін министрлік оның Спортты дамыту дирекциясы арқылы қаржыландырылатынын, ал төлем көлемі қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес есептелетінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз