Спорттың пайдасы бұлшықетті шынықтырып, денедегі артық майды азайтумен ғана шектелмейді. Тұрақты дене белсенділігі терінің күйіне де оң әсер етіп, оның серпімділігін арттырып, өңін жақсартуға көмектеседі.
Жаттығу кезінде қан айналымы жанданып, тері жасушаларына қажетті қоректік заттар мен оттегі көбірек жеткізіледі. Соның нәтижесінде тері біртіндеп тегіс, балғын әрі шымыр көріне бастайды.
Терінің ылғалын сақтауға көмектеседі
Терінің жақсы ылғалдануы үшін оның табиғи қорғаныш қабаты – гидролипидті мантияның қалыпты жұмыс істеуі маңызды. Бұл қабат теріні сыртқы әсерлерден қорғап, ылғалды сақтауға көмектеседі.
Қарқынды жаттығу кезінде тер бездері мен май бездерінің белсенділігі артып, тер мен тері майы әдеттегіден көбірек бөлінеді. Осы табиғи бөлінділер терінің қорғаныш қабатын қолдап, ылғалды ұстап тұруға ықпал етеді.
Тері қоректік заттармен жақсырақ қамтамасыз етіледі
Теріге күтім жасауда оның қоректенуі де маңызды рөл атқарады. Тер мен тері майының құрамында терінің қалыпты қызметіне қажет бірқатар пайдалы компонент бар.
Сонымен қатар спорт кезінде қан айналымы күшейіп, терінің төменгі қабаттарына қоректік заттар, дәрумендер мен минералдар көбірек жетеді. Бұл терінің тығыздығы мен серпімділігін сақтауға көмектеседі.
Дене белсенділігі тұрақты болған жағдайда тері тартылып, сырт көзге жас әрі балғын көрінуі мүмкін.
Оттегімен қанығуы артады
Терінің тыныс алу қызметі бар. Жаттығу кезінде ағзадағы қан айналымы мен тыныс алу белсенділігі күшейіп, терінің сыртқы келбетіне де әсер етеді.
Бет, мойын және дененің басқа бөліктеріндегі тері біртіндеп тегістеліп, жарқырай бастауы мүмкін. Терінің реңі жақсарып, бет сопақшасы айқынырақ көрінеді.
Бұл әсіресе ірі қалада тұратындар мен темекі шегетін адамдар үшін маңызды. Өйткені мұндай жағдайда тері өңі уақыт өте күңгірттеніп, сұрғылт немесе солғын тартуы мүмкін.
Қан айналымын жақсартып, бет өңін ашады
Кардио жаттығулары қан айналымын жандандырады. Қан ағысы күшейген кезде тіндерге қажетті қоректік заттар көбірек жеткізіледі. Соның нәтижесінде терінің серпімділігі артып, бет өңі жақсарады.
Жаттығудан кейін адамның беті қызарып, реңі ашыла түсетіні бекер емес. Бұл – қан айналымының күшеюімен байланысты табиғи құбылыс.
Көз айналасындағы тері де жаттығудың әсерін сезінуі мүмкін. Көз астындағы көгеру, ісіну мен қапшықтардың байқалуы азайып, көз жанары ашыла түскендей көрінеді.
Артық май азайып, бет әлпеті айқындала түседі
Дене белсенділігі тері астындағы май қабатының көлемін азайтуға көмектеседі. Ағза энергияны қажет еткен кезде май қорларын пайдаланады. Бұл үдеріс тек дененің белгілі бір бөлігінде емес, жалпы ағзада жүреді.
Сондықтан спортпен тұрақты айналысу екінші иек, беттегі салбыраған жұмсақ тіндер және май көлемі шамадан тыс жиналған басқа аймақтардың азаюына ықпал етуі мүмкін.
Бет бұлшықеттерін арнайы жаттықтырмаса да, жалпы дене белсенділігі мен салмақтың төмендеуі бет пішініне әсер етеді. Нәтижесінде бет сопақшасы айқынырақ көрініп, келбет жинақы бола түседі.