Жаңалықтар

Спартакиада: Қарағанды облысы қол добынан өз атағын қорғап қалды

Спартакиада: Қарағанды облысы қол добынан өз атағын қорғап қалды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 29.06.2023 04:24 601

Қарағанды қаласында қол добынан ерлер арасында VI жазғы Спартакиадасы мәресіне жетті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бір апта бойы кеншілер астанасында 6 өңірдің командасы (Астана, Шымкент қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе және Алматы облысы) айналмалы жүйе бойынша кім мықтыны анықтады.

Шешуші турда бірден 3 команда – Қарағанды, Ақтөбе мен Шымкент гандболшылары бас жүлдеден дәмелі болды. Жарыс қожайыны Астана қаласының командасын ұтып (38-30), ұпай санын 8-ге жеткізді. Осыдан кейінгі Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысының арасындағы матчта алғашқысы 33-22 есебімен жеңді. Осылайша, 3 команда да бірдей 8 ұпайдан жинады. Жүлдегерлер доп айырмашылығы бойынша ғана анықталды. Қарағанды облысы жеңімпаз атанса (57-53), Шымкент қаласы күміс (56-55), Ақтөбе облысы (51-56) қола медальге ие болды.

Осыған дейінгі V жазғы Спартакиада осында, Қарағанды қаласында өткен. Сол кезде 4 команданың арасында (Қарағанды, Астана, Павлодар мен Атырау) кеншілер чемпион атанған. Астана қаласы күміс, Павлодар облысы қола алған. Биылғы жарыстың деңгейі бір саты болсын көтерілген. Соңғы турда 3 команданың бірдей ұпай жинап, тең түсуі соның көрсеткіші, - деп еске алады Астана қаласы командасының бапкері Владимир Березин.

Небәрі 2 рет жеңіске жеткен елордалықтар бұл жолы 4-орынмен шектелді. Жазғы Спартакиадаға қатысып жатқан жаңа облыстың бірі Алматы 5-ші, ал Маңғыстау облысы 6-сатыдан көрінді.

Біз бүгін қола медальды місе тұттық. Қалағанымыз бас жүлде еді. Бүгін Шымкент қаласымен нашар ойнадық. Әсіресе, алғашқы айналымда. Тым көп гол соққызып алған соң айырмашылық көбейіп кетті. Неге бұлай болғанын білмеймін. Демек, әлі дайындықты күшейтіп, тағы жұмыс істеу керек. Енді Ұлттық құрамамен Азия ойындарына дайындық күтіп тұр. Құраманың жуырда жасақталғанына қарамастан жақсы нәтиже көрсетуге барымызды саламыз, - деді ұлттық құрама қақпашысы Асылхан Набиев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Қазақстан ерлер құрамасы алда Қытайдағы Азиада мен Қатар астанасында өтетін Париж Олимпиадасының іріктеу турниріне қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға