«Соншалықты мықты болсаңдар, осында келіңдер». Асу Алмабаев сын айтқандарға жауап берді

«Соншалықты мықты болсаңдар, осында келіңдер». Асу Алмабаев сын айтқандарға жауап берді
Фото: әлеуметтік желі

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев Катарда өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригучиден жеңілгеннен кейін мәлімдеме жасады.

Спортшы жанкүйерлеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, өзінің жеңілісін пайдаланып, атын шығарғысы келетіндерге жауап берді.

Алмабаев бұл жеңілісті ауыр қабылдағанын жасырмады. Өйткені ол жекпе-жекке ұзақ уақыт дайындалып, чемпиондық белбеуге таласу мүмкіндігіне бір қадам жақындаймын деп үміттенген.

«Мені таңғалдырғаны – кейбір бауырларымыз менің жеңілісім арқылы атын шығарғысы келеді. Қазақта "Біреудің қайғысынан өзіңе бақыт құра алмайсың" деген сөз бар. Егер соншалықты мықты болсаңдар, осында келіңдер. Үздік бестікке, ондыққа, жиырмалыққа кіріп, өздеріңді көрсетіңдер. Біреудің жеңілісі арқылы атақ жинау – өте ұят нәрсе», – деді Алмабаев.

Сондай-ақ қазақстандық спортшы төрешілердің шешіміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әр раундтан кейін бұрышындағы бапкерлері оның басымдық танытып жатқанын айтқандықтан, ол өзін жеңіске жеттім деп ойлаған.

«Мен бұл жекпе-жекке қатысты ақталып отырған жоқпын. Мен жеңдім деп ойладым. Әр раундтан кейін бапкерлерім: "Сен жеңіп жатырсың", – деп айтып отырды. Өздеріңіз де көрдіңіздер, жеңімпаз жарияланған кезде Хоригучидің өзі де таңғалды», – деді файтер.

Еске салайық, Асу Алмабаев Кёдзи Хоригучиге төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен есе жіберді. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы қарсыласын бірнеше рет партерге түсіргенімен, жапониялық файтер қиын жағдайлардан сәтті шығып, тік тұрып айқасуда нәтижелі соққылар жасады.

Бұл Алмабаевтың UFC-дегі екінші жеңілісі болды. Осылайша оның қатарынан үш жекпе-жекте жеңіске жеткен сериясы үзілді.

Дияр Нұрғожай 100 мың доллар бонус алды

Айта кетейік, осы турнирде тағы бір қазақстандық спортшы, жартылай ауыр салмақ дәрежесінің өкілі Дияр Нұрғожай да өнер көрсетті. Ол америкалық Алик Лоренцті жеңді.

Әсерлі нокауты үшін Нұрғожай «Кештің үздік өнері» номинациясы бойынша 100 мың доллар көлемінде бонус алды.

Оқи отырыңыз