Жаңалықтар

Сон Паскаль

Музыканттың ойлары
Сон Паскаль
01.02.2017 15:20 6502

Мен Қазақстанға не мақсатпен келдім? Ең алдымен, бұл жерде жақсы өмір сүруге болатынын түсіндім. Мұнда өзімнің шығармашылығымды шыңдап, өзіндік мәнерімді қалыптастырдым. Сонша керемет әншіге айналып үлгердім деп айтпаймын. Бірте-бірте өсіп келе жатқан музыкантпын.

Ең алғаш мұнда мені бір қыз қонаққа шақырған еді. Шығармашылығымды осында жалғастыру туралы идея маған кейінірек келді.

Егер, адамдар мені көшеде танып, қолдау білдіріп жатса, бұл маған Құдайдың жіберген сыйы деп білемін.

Қазақстанға алғаш келген кезде ақшадан қатты қиналдым. «Englishman in Shymkent» әнін жарыққа шығарғаннан кейін жағдайым түзелді. Абай ақын «Еңбек етсең, ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген ғой. Еңбектің арқасында бәріне қол жеткізуге болады. «Әке-көкелердің» көмегін күтудің қажеті шамалы.

Қазақ тіліндегі ең ұзақ сөздердің бірін жаңылмай айта аламын: «қанағаттандырылмағандықтарыңыздан». Ал, ең жақсы көретін сөзім – «айналайын».

Абай Құнанбаевтың өлеңдерін ерекше жақсы көремін. Себебі, ол қоғамның жайын терең түсінген. Халықтың болмысын шынайы суреттеп кеткендей. Шығармаларында тек қана мақтау сөздермен шектелмеген, қажет жерінде сынап отырған.

«Қара сөздерді» ағылшын тілінде оқыдым. Оны оқып отырып, өзімді көргендей болдым. Меніңше, адамдардың өзін-өзі ұстау мәнері, мінез-құлқы сонау Абай заманынан бері еш өзгермеген сияқты.

«Паскалистан» – менің Қазақстандағы өмірім туралы бағдарлама. Ол жарыққа шыққаннан кейін менің Италиядағы танымалдылығым арта түсті. Аз уақыт ішінде 15 миллион аудитория жинады. Бағдарламаны Италия телевизиясындағы көңілді, жаңа формат деуге болады. Осы реалити-шоу арқылы отандастарымның Қазақстанның табиғатына деген қызығушылығы оянды.

Жалпы, мен саяхатты жақсы көремін. Бойымда көшпенділердің рухы бар секілді. 2014 жылы экспедициямен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап шықтым. Барған жерімде мені жалпы саны 11 мыңға жуық студент қарсы алды.

Өзімді экспат не турист емес, жергілікті тұрғын ретінде сезінемін.

Бас-гитара, барабан, аздап домбыра мен пианинода, шаңқобыз бен қылқобызда ойнаймын. Білесің бе, Италияның оңтүстігінде орналасқан Сицилия қаласында қазақтың шаңқобызына ұқсайтын музыкалық аспап бар. Өзім сол аспапты алдымен қазақтар ойлап тапқан болар деп топшылаймын. Кейінірек оны Италияға Марко Поло апарған болуы мүмкін. Бұл – жай ғана менің жорамалым.

Қазақ тілі өте жұмсақ естіледі, әуезді тіл.

Ата-анам және екі қарындасым бар. Терезаның мамандығы – заңгер. Ал, Федерика ат спортымен айналысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға