Жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа қазақ театры ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа қазақ театры ашылды
19.11.2022 19:30 1806

Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты, деп хабарлайды El.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Құрметті қонақтар қатарында Қазақстанның Халық артисі Айман Мұсақожаева, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, Канн кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова, генерал-лейтенант Абай Тасболатов және зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері болды. 

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Өнер ордасының қабырғасынан әлемге танымал киноактриса Самал Ісләмова, режиссер Фархат Молдағали сияқты дарынды жастар түлеп ұшты. Қазақ мәдениеті өнердің барлық саласында ғаламдық мәдени мұраның танымал бөлігі болуы тиіс. Сіздерге осы бағытта мол шығармашылық табыс, жарқын ізденістер, сәтті жобалар және көрермендердің махаббатын тілеймін», - деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.

Солтүстік қазақстандықтар үшін көптен күткен және елеулі оқиға болғаны анық. СҚО-да бірегей архитектурасы бар тағы бір нысан пайда болды. Алдағы уақытта жаңа қазақ театры қаланың басты көрікті жеріне айналатыны сөзсіз.

«Театр-рухани, мәдени және тарихи орталық. Қоғамды дамыту үшін экономикамен қатар өнер саласын да дамыту керек. Елде білімді, мәдениетті және еркін ойлы азаматтарды қалыптастыру үшін жағдай жасау маңызды. Бізге рухани құндылықтарға негізделген қоғам қажет. Өнерге жақын адам әркез жоғары стандарттарға ұмтылады», - деді Құмар Ақсақалов.

Ресми бөлімнен кейін арнайы шақырылған қонақтар мен өнерсүйер қауым Сәбит Мұқановтың повесі негізінде қойылған «Шоқан» спектаклінің премьерасын тамашалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға