Жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалды

Ол бұған дейін Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі қызметін атқарып келді
Солтүстік Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалды
Фото: kapital.kz 01.12.2022 11:15 1263

Айдарбек Сейпілұлы Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Тиісті жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.

Айта кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Петропавл қаласына келіп, Солтүстік Қазақстан облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысты.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының өңір әкімі лауазымына Руслан Анбаев және Айдарбек Сапаровтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Дауыс беру нәтижесі бойынша 153 депутаттың 118-і А. Сапаровтың кандидатурасына дауыс берді, 35 депутат Р. Анбаевты таңдады.

Айдарбек Сейпілұлы 1966 жылы 12 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Омбы ауылшаруашылығы институтын (1992), Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2006) зооинженер мамандығы, мемлекеттік басқару бакалавры бойынша тәмамдаған.

Бұған дейін 2019 жылдың наурызынан бастап Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі қызметін атқарып келді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға