Соғыс туралы жазған қазақ жазушылары

Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде қару мен қаламды қатар ұстаған қазақ қаламгерлері аз болмады. Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов сынды жазушылар қан майданда жүргенде де қаламдарын суытқан жоқ. Елдегі қарты жырау Жамбыл да соғыс даласындағы сарбаздарға жалынды жырымен сәлем жолдап жатты. Біз бүгінгі жазбамызда дүниені дүр сілкіндірген соғыс тақырыбында жазылған шығармаларды бір шолып шығуды жөн санадық.
Бауыржан Момышұлыының «Москва үшін шайқас» романы
Бауыржан Момышұлы Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы болған кісі. Оның «Москва үшін шайқас» романы – қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбына жазылған алғашқы шығарма, әскери мемуар. Өзінің соғыс жылдарындағы естеліктері мен жеке байқаулары негізінде жазылған. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқас туралы жазғаны нақты деректерге толы.
Бұл роман қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбына жазылған алғашқы шығармалардың бірі болып саналады. Автор өз көзімен көрген, өз басынан кешкен оқиғаларды баяндаушы ретінде қатысады. Шығармада соғыс кезіндегі адамдар мен табиғаттың қасіретті суреттері шынайы көркемдікпен жеткізіледі.
Александр Бек — «Арпалыс» немесе «Волоколам тас жолы» («Волоколамское шоссе») повесі
Александр Альфредович Бек - кеңес дәуіріндегі жазушы, журналист, публицист. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери тақырыптағы шығармаларымен танымал. Ең танымал еңбегі — «Арпалыс» немесе «Волоколам тас жолы» («Волоколамское шоссе») повесі. Бұл туынды арқылы ол бүкіл Кеңес Одағына танылды.
«Арпалыс» шығармасы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі нақты тарихи оқиғаларға негізделген деректі повесть. Бұл шығарма Мәскеу түбіндегі Волоколам бағытында 1941 жылы болған шайқастарда ерекше көзге түскен панфиловшылар дивизиясының ерлігіне арналған. Басты кейіпкері - Бауыржан Момышұлы. Ол – аңызға айналған қазақ батальон командирі, кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған қазақтың біртуған азаматы. Туынды деректі прозалық повесть жанрында жазылған, яғни көркемдік элементтері бар, бірақ нақты деректерге негізделген шығарма. Орыс тілінде жарық көрген. Кейін көптеген тілге, соның ішінде қазақ тіліне де тәржімаланған. Басты ерекшелігі шығарма Бауыржан Момышұлының өз аузынан жазылып алынған естеліктерге сүйенеді.
Повесть неміс фашист басқыншыларына қарсы шайқастарды, соның ішінде Момышұлы басқарған батальонның Мәскеуді қорғаудағы ерлігін баяндайды. Шығармада командирдің соғыс жүргізудегі шеберлігі, сарбаздарды жігерлендіру тәсілдері, тактикалық ойлау қабілеті және ерлік пен отансүйгіштікке толы әрекеттері суреттеледі.
Туынды әскери-патриоттық әдебиеттің классикалық үлгілерінің біріне айналды.
Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы
Қасым Аманжолов - майдангер жазушы, қазақтың кесек ақыны.
Ақын 1941 жылы ақын әскер қатарына шақыртылады. Сол кезеңде ол «Мазасыз музыка», «Қоштасу», «Бейсекештің бес ұлы» сияқты терең тебіреніске толы өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста қызмет еткен Қасым 1943 жылы соғыстың батыс майданына ауыстырылып, соғыс біткенше ауыр шайқастардың бел ортасында болады.
Сол 1943 жылғы сұрапыл соғыс жылдарында Қасымның мәңгілікке айналған ерекше туындысы – «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы дүниеге келеді. Бұл шығарма оның шығармашылық шеберлігін айшықтап, ақын ретінде даңқын арттырып, үлкен биікке көтерді. Поэма майданда жау қоршауында ерлікпен қаза тапқан жас ақын әрі Қасымның жан досы жас ақын Амангелді Жұмағалиевке арналған.
Поэмада батыр ақынның өмірі мен өлімі арқылы соғыстың қасіреті, жауға деген өшпенділік пен Отанға деген шексіз сүйіспеншілік жырланады.
Шығармада жас ақын жау қоршауында қалады. Ол ауыр жараланса да, соңғы демі қалғанша жаумен шайқасып, елі үшін жанын пида етеді. Оның ерлігі, рухының биіктігі поэманың негізгі өзегіне айналған. Ақын жаудың қолына түспей, туған жердің намысы үшін жанын қиятын батыр бейнесінде суреттеледі. Бұл поэмада Қасым тек досының ерлігін ғана емес, соғысқа қатысқан бүкіл қазақ жастарының қайсарлығын, ерік-жігерін, отансүйгіштігін бейнелейді.
Ақынның өлімі – жеке бір адамның емес, бүкіл елдің рухани жеңісі ретінде көрсетіледі. Ол өлімімен тірілерге үлгі болып, мәңгілік символға айналады.
Мәлік Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым», «Майдан очерктері», «Ел намысы – ер намысы» еңбектері
Мәлік Ғабдуллин – педагогика және ғылым саласында еңбек еткен ірі тұлға, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры.
Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында генерал И.В. Панфилов басқарған әйгілі 28-гвардиялық дивизия құрамында соғысқа қатысып, жауынгерлік ерлік көрсетті. Соғыста 1-автоматшылар ротасының саяси жетекшісі, 2-атқыштар батальонының комиссары және полк үгітшісі қызметтерін атқарып, Мәскеу түбіндегі шайқаста ерекше ерлігімен танылды.
1944–1946 жылдары КСРО Қорғаныс министрлігінің Жоғарғы саяси басқармасында үгіт-насихат бөлімін басқарды.
Соғыстан кейін 1946–1951 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында директордың орынбасары, кейін директоры қызметін атқарды. 1951–1963 жылдары Қазақ педагогикалық институтын басқарды. 1963 жылдан өмірінің соңына дейін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімін басқарды.
Сонымен қатар, Мәлік Ғабдуллин екі мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Мәлік Ғабдуллиннің соғыс тақырыбына арналған кітаптарының қысқаша мазмұны:
«Менің майдандас достарым» әңгімелер мен очерктер жинағында автор Ұлы Отан соғысында бірге жауға қарсы шайқасқан қарулас достарының ерлігі мен батырлығын, солдаттар арасындағы достықты, рух биіктігін шынайы әрі әсерлі тілмен суреттейді.
«Майдан очерктерінде» майдандағы оқиғалар негізінде жазылған қысқа очерктер мен естеліктер жинақталған. Кітаптан сол кездегі жауынгерлердің батылдығы мен адамгершілік келбеті көрінеді.
«Ел намысы – ер намысы» еңбегінде қазақ жауынгерлерінің патриотизмі, ұлттық намысы, ел үшін ерлікпен шайқасқан азаматтар туралы кеңінен баяндалады. Автор майдан шындығын халықтық рухпен байланыстыра отырып жеткізеді.
Бұл кітаптар арқылы Мәлік Ғабдуллин соғыс шындығын көркемдікпен өрнектеп, болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен болатын.
Қасым Қайсеновтың «Жас партизандар», «Партизан соқпақтары», «Илько Витряк», «Ажал аузынан» еңбектері
Қасым Қайсенов — Қазақстанның Халық қаһарманы (1995), Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті. Ол соғыс жылдарындағы ерлік істері мен сол кездегі серіктестерінің өмірін бейнелейтін бірқатар көркем шығарма жазған-тын.
1954 жылы орыс тілінде «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Одан кейінгі кездерде:
«Илько Витряк»
«Переяслав партизандары»
«Ажал аузынан»
«Жау тылындағы бала»
«Днепрде»
«Жау тылында»
«Партизан соқпақтары», тағы басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді.
Мазмұны:
«Жас партизандар»
Бұл повесте Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде партизан қатарында соғысқан жасөспірімдердің ерлігі баяндалады. Автор өзі қатысқан Украина мен басқа да майдандардағы оқиғаларды суреттейді. Жас партизандардың батылдығы, тапқырлығы мен Отанға деген сүйіспеншілігі көркем тілмен бейнеленген. Шығармада соғыс шындығы, ауыр тағдырлар мен ерлікке толы сәттер шынайы көрсетіледі.
«Партизан соқпақтары»
Бұл кітап — Қайсеновтің өз естеліктеріне негізделген ең танымал шығармаларының бірі. Мұнда автордың Украина, Молдавия, Чехословакия жерлерінде партизан ретінде жасаған ерлік істері баяндалады. Партизан қозғалысының қиындықтары, сатқындықтар, халықтың көмегі, фашистермен шайқастар — барлығы дерлік деректі оқиғалар негізінде берілген. Автор сол бір ауыр кезеңдердегі адамдардың рухани күшін, күрескерлік қасиетін ашып көрсетеді.
«Илько Витряк»
Бұл — Қайсеновтің украин партизаны Илько Витряк туралы жазған шығармасы. Витряк — соғыс кезінде ерекше ерлік көрсеткен тұлға. Кітапта оның партизандық әрекеттері, тактикалық шеберлігі және жауға қарсы күрестегі табандылығы бейнеленеді. Шығармада Витряктың ғана емес, бүкіл партизан отрядының өмірі, жанқиярлық ерліктері көрініс табады. Бұл туынды достық, ынтымақтастық, патриотизм идеяларын насихаттайды.
«Ажал аузынан»
Бұл шығармасында Қасым Қайсенов соғыс кезіндегі ең қиын сәттерді — өлім мен өмір арасындағы тайталастарды, ажалмен бетпе-бет келген сәттерді шынайы әрі әсерлі түрде суреттейді. Кітаптың мазмұны автордың өз өмірінен алынған. Шығармада батырлықпен қатар, адам психологиясы, қорқыныш пен үміт, достық пен сатқындық та көрініс табады.
Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы
Әзілхан Нұршайықов - жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстанның халық жазушысы. А.А.Фадеев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы.
«Ақиқат пен аңыз» – Әзілхан Нұршайықовтың батырлық рухтағы көрнекті туындыларының бірі. Бұл роман-диалог алғаш 1978 жылы, кейін 1980 және 2009 жылдары жеке кітап ретінде жарық көрген.
Шығармада Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының азаматтық болмысы мен ерлік бейнесі көркем әрі деректі негізде сомдалады. Автор оның балалық шағынан бастап, Кеңес армиясында шыңдалған кезеңі мен соғыс жылдарындағы ерлігіне дейінгі өмір жолын нақты деректер негізінде қызықты әрі тартымды етіп баяндайды.
Шығарма құрылымы – әдеттегі көркем шығарма формасынан бөлек: оқиға автор мен кейіпкер арасындағы сұхбат түрінде өрбиді. Әзілхан Нұршайықов Бауыржан Момышұлынан өмір жолына, ерлік істеріне байланысты түрлі сұрақтар қойып, оқырманға батырдың тұлғасын жан-жақты танытады. Шындық пен көркемдік қатар өріледі. Қарапайым оқырман үшін жеңіл, мазмұны терең.
Мазмұны:
Бұл шығармада Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігі туралы журналист пен батыр арасындағы сұхбат түрінде баяндалады. Баукеңнің өмір жолы, соғыс жылдарындағы ерлігі, азаматтық тұлғасы баяндалады. Жазушы Бауыржан Момышұлымен бірнеше жыл бойы кездесіп, сұхбат жүргізіп, оның бастан өткерген оқиғаларын хатқа түсірген.
Шығармада:
- Батырдың балалық және жастық шағы;
- Кеңес армиясында шыңдалған әскери жолы;
- Мәскеу түбіндегі шайқастардағы ерлігі;
- Адами қасиеті, ұлтқа, Отанға деген сүйіспеншілігі;
- Әскери стратегиясы мен командирлік дарыны;
- Соғыстан кейінгі өмірі мен көзқарастары баяндалады.
Дулат Исабековтің «Тіршілік» повесі
Дулат Исабеков - кеңестік және қазақстандық жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері.
Дулат Исабековтің «Тіршілік» шығармасы — соғыс жылдарындағы ауыл өмірін, халықтың тұрмыс-тіршілігін, қиындыққа төтеп берген адамдардың тағдырын терең суреттейтін әңгіме. Повестьте соғыс кезіндегі әлеуметтік ауыртпалықтар, аштық, жоқшылық, еңбекке ерте араласқан балалар мен әйелдердің ауыр халі бейнеленеді.
Қысқаша мазмұны: Басты кейіпкер — Тектіғұл есімді қарапайым ауыл адамы. Ол соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, күнделікті ауыр тіршілікпен өмір сүреді. Соғыстың салдарынан ер-азаматтар майданға кеткен, ал ауылда қалған қарттар, әйелдер мен балалар елдің тіршілігін жалғастыруға тырысады.
Тектіғұлдың басынан өткен қиындықтары бүкіл халықтың басындағы ауыртпалықтың символы ретінде көрсетіледі. Ол жүк тасиды, жер жыртады, аш-жалаңаш күйде күн көреді. Шығармада Тектіғұлдың баласы аштықтан көз жұмады, бұл — соғыс пен жоқшылықтың ең ауыр көрінісі.
«Тіршілік» — соғыс кезіндегі қарапайым адамдардың өмірі арқылы тарихи кезеңнің ауыр шындығын бейнелейтін әсерлі шығарма. Дулат Исабеков адамның жан-дүниесін, өмірге деген құштарлығын терең психологиялық деңгейде суреттейді.
Нағи Ілиясовтың «Жауынгер жолы» атты естелік-мемуары
Нағи Ілиясов — Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Будапешт қаласын азат етуде көрсеткен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атанған жауынгер. Оның құрметіне Венгрия астанасында көше атауы берілген болатын.
«Жауынгер жолы» атты мемуарлық шығармасы 2011 жылы Алматы қаласындағы «Б. о. ж.» баспасынан жарық көрген. Бұл еңбекте Нағи Ілиясов Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өзінің барлаушы ретінде қатысқан танкіге қарсы артиллериялық дивизиондағы жауынгер достарымен бірге бастан кешкен жорықтары туралы баяндайды. Әсіресе қалмақ даласында, Сталинград түбінде, Дунай өзенінен өту сәттерінде көрсеткен ерліктері әсерлі әрі шынайы түрде суреттеледі.
Кітаптың оқиғалары оқырманды баурап алады, ал мазмұны жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Бұл — автордың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік жолын бейнелейтін құнды естелігі.
Сәуірбек Бақбергеновтің «Белгісіз солдат» атты деректі повесі
Сәуірбек Бақбергенов – Қазақстанның халық жазушысы. «Белгісіз солдат» — Ұлы Отан соғысының батырлыққа толы сәттерін сипаттайтын көркем-публицистикалық шығарма. Бұл туындыда автор майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің ерліктерін, олардың есімдері мен тағдырларын іздеу арқылы тарихтағы көмескі қалған деректерді ашуға тырысады.
Мәселен, жазушы Псков қаласындағы белгісіз жауынгердің қабірін тауып, оның жеке басын анықтауға әрекет жасайды. 1944 жылы Великая өзені маңында шайқас кезінде қаза тапқан солдаттың құжаттары болмағандықтан, аты-жөні беймәлім болып қалған. Автор оның ерлігін ұмыт қалдырмай, есімін есте қалдыру үшін түрлі ұсыныстар білдіреді. Сонымен қатар бұл шығармада майданда мерт болған жауынгерлердің жақындарының мұңы мен оларды іздеу жолындағы жанкешті еңбегі де бейнеленеді.
«Белгісіз солдат» кітабы — әскери тарихты баяндап қана қоймай, сонымен бірге адамгершілік, патриотизм және ұрпақтар сабақтастығы жайлы терең ой қозғайтын туынды. Бұл шығармасы арқылы Сәуірбек Бақбергенов белгісіз қалған қаһармандардың ерлігіне тағзым етіп, оны болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен.
Әди Шәріпов «Партизан қызы» повесі
Әди Шәріпов – Ұлы отан соғысы жылдары өмірін жорықпен өткізген жауынгер жазушы. Филология ғылымдарының докторы , Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі.
Оның «Партизан қызы» романын оқырман жылы қабылдады. Орыс, украин, литван, қырғыз тілдеріне аударылған.
«Партизан қызы» повесі — Ұлы Отан соғысы жылдарындағы партизан қозғалысы мен жауынгер қыздардың ерлігін баяндайтын көркем шығарма. Бұл туындыда автор майдандағы әйелдердің қаһармандығын, олардың күрес жолындағы қиындықтары мен жеңістері арқылы патриотизм мен адамгершілік құндылықтарын дәріптейді. Шәріповтің шығармалары жиі тарихи тақырыптарға арналып, қазақ халқының ерлік дәстүрін көрсетуге бағытталған.
Қаламгер қаламынан ғана емес, автордың өзі, қарулас достары басынан кешкен жайттар негізінде туған «Ормандағы от», «Тон», «Арбасу» секілді көптеген повесі бар.
Баубек Бұлқышевтың майдан туралы жазған публицистикалық шығармалары
Баубек Бұлқышев – Ұлы Отан соғысы жылдарында елге танылған жауынгер-жазушы. 1940 жылы әскерге шақыртылып, Мәскеудегі саперлік училищеде білім алады. Мәскеуді қорғауға арналған шайқастарға белсене қатысып, Украина жерін жаудан азат етуге атсалысады. 1944 жылдың басында майданда ерлікпен қаза табады.
Соғыс кезінде ол көптеген өлең мен мақала жазып, олар республикалық басылымдарда жарияланған болатын. Жазушылық дарыны әсіресе соғыс жылдарында айқын көрінді. 1942 жылы 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде оның «Өмір мен өлім туралы» атты патриоттық публицистикалық мақаласы жарық көрді. Ол өз әскери очерктері мен мақалаларын орыс тілінде жазып, жиі осы газетте жариялап отырды. Оның «Мен өмір сүргім келеді», «Өмір біздікі», «Қу кек пен махаббат», «Шығыстың ұлына хат», «Кавказ, тыңда» сынды еңбектерін Ғабит Мүсірепов қазақ тіліне аударып, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жариялады.
1946 жылы Мәскеуден шыққан «Жауынгердің өмірі» жинағына Баубек Бұлқышевтың майдан туралы жазған публицистикалық шығармалары енді. Ал 1948 жылы оның әдеби еңбектері М.Иманжановтың редакциясымен жарық көрген «Өмір біздікі» және «Жауынгер мәңгілігі» жинақтарына енгізілді.
