Мәдениет және ақпарат министрлігі

БҚО-да қазақ киносының онкүндігі «Қара қыз» фильмімен басталды

03.05.2025 00:20 1027

Батыс Қазақстан облысында қазақ киносының онкүндігі басталды. Іс-шара аясында өңір тұрғындарына отандық киноның үздік туындылары мен қазақстандық режиссерлердің жұмыстары ұсынылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бағдарламаға енген әр кинокартина мемлекет тарихындағы негізгі кезеңдерді баяндап, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірін сипаттайды.

Онкүндіктің алғашқы күнінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қазақтың қайсар қыздары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың туған жерінде «Қара қыз» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Режиссер Талғат Теменовтың фильмі соғыс жылдарының шындығымен қатар қан майдан ортасында жанкешті ерлік көрсеткен батырларымыз бен тылда жүріп қыруар еңбек еткен азаматтардың адами құндылықтарын баяндайды. 

Іс-шара аясында түрлі жанрдағы 14 фильм көрсетіледі. Атап айтсақ, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» фильмдері арқылы көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын көруге болады. Ал «Бауырына салу» деп аталатын кинода қазақтың дәстүрі анық көрсетіледі. Кішкентай көрерменге «Тайқазан» деп аталатын анимациялық туынды ұсынылады. Фильм көрсетілімдерінің арнайы кестесі жасалып, тек облыс орталығында ғана емес, аудандар мен ауылдарда да көрсетіледі.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақ киносының онкүндігі Қарағанды облысында өтіп, кейін Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалғасты. Алдағы уақытта бұл бастама еліміздің басқа қалалары мен ауылдық жерлерінде де ұйымдастырылатын болады.