Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Алматыда өткен халықаралық «Денис Тен мемориалы – 2026» турнирінде қола медаль иеленді. Спортшы екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 204,36 ұпай жинап, үздік үштікке енді.
8 қазанда Алматыдағы Halyk Arena мұз айдынында басталған халықаралық жарыс ISU Challenger Series 2026/2027 маусымының сегізінші кезеңі саналады.
Самоделкина қысқа бағдарламада 69,45 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Ал еркін бағдарламада 134,91 ұпай алып, жалпы есептегі орнын сақтап қалды. Қазақстандық спортшы еркін бағдарлама барысында қос аксель, үштік флип пен тулуп каскадын, сондай-ақ үштік лутц пен риттбергер секірулерін орындады. Алайда лутц элементтерінің бірінде қателік жіберді. Соған қарамастан, ол өнерін сәтті аяқтап, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда ресейлік Александра Игнатова (Трусова) жеңімпаз атанды. Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері қысқа бағдарламада 77,39, ал еркін бағдарламада 148,62 ұпай жинап, жалпы 226,01 ұпаймен алтын медаль жеңіп алды.
Екінші орынға Оңтүстік Корея өкілі Ким Ю Чэ жайғасты. Ол екі бағдарламаның қорытындысында 209,20 ұпай жинады. Софья Самоделкина күміс жүлдегерден 4,84 ұпайға, ал жеңімпаздан 21,65 ұпайға қалып қойды. Төртінші орынды беларусьтік Виктория Сафонова 198,80 ұпаймен иеленсе, ресейлік Мария Захарова 187,77 ұпаймен үздік бестікті түйіндеді.
Жарыстан кейін Софья Самоделкина өз өнеріне баға беріп, Алматыдағы жанкүйерлердің қолдауына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мұз айдынындағы атмосфера спортшыларға қосымша күш пен жігер сыйлаған.
«Екінші күн қатарынан таңғалып жүрмін. Адамдар қолдап, айқайлап жатыр. Мұз айдынына шыққанда ерекше күш-қуат сезінесің. Көрермендердің қолдауы спортшылар үшін өте маңызды. Бұл керемет мотивация береді», – деді Самоделкина.
Сонымен қатар қазақстандық спортшы еркін бағдарламада жіберген қателіктеріне тоқталып, әсіресе лутц секіруін жетілдіру қажет екенін айтты. Ол бапкері Рафаэль Арутюнянмен бірге аталған элементтің техникасын өзгерту бағытында жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Қандай дайындық жасасам, соған сай өнер көрсеттім. Лутцпен әлі де жұмыс істеу керек. Бұл өте қарапайым қателік болды. Енді оны жүз емес, жүз екі рет қайталауым керек шығар. Жалпы, маусымдағы алғашқы жарыс үшін жаман нәтиже емес», – деді мәнерлеп сырғанаушы.
Самоделкина алдағы Гран-при кезеңіне дейін бағдарламасына үштік аксельді қосуды жоспарлап отырғанын да мәлімдеді.
Ал турнир жеңімпазы Александра Игнатова жарысқа дайындық кезінде бапкерлері, анасы және ұлы Михаилдің қолдауы ерекше көмектескенін айтты. Спортшының сөзінше, отбасының жанында болуы жарыс алдындағы қобалжуды жеңілдеткен.
Биылғы Денис Тен мемориалында әйелдер арасындағы жекелей сырғанауға барлығы 19 спортшы қатысты. Қазақстан атынан алты мәнерлеп сырғанаушы өнер көрсетті. Олардың арасында Нурия Сулеймен 122,40 ұпаймен 14-орын, Алика Халимова 120,56 ұпаймен 15-орын, Амира Ирматова 117,00 ұпаймен 16-орын иеленді. Зере Сарбалина 108,73 ұпаймен 18-орынға тұрақтаса, Амина Алексеева 98,20 ұпаймен 19-орыннан көрінді.
Осылайша, Софья Самоделкина қазақстандық спортшылар арасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, Алматыдағы халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанды.