24 қазанда елордада күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады. Байрақты бәсекеде әлемнің 135 елінен 900-ден астам балуан бақ сынап, Олимпиада чемпиондары мен әлемдік додалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары бозкілемге шығады. Жанкүйерлер үшін бұл жарыстың жөні бөлек. Ұлттық құраманың өкілдері әлемдік жұлдыздармен елордада белдесіп, жүлде үшін күреседі.
Әлемнің үздіктері Астанаға келеді
Күрес түрлерінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өтеді. Жарысты «Барыс Арена» кешені қабылдайды. Бұған дейін мұндай дода 2019 жылы елордада өткен.
Бастапқыда әлем чемпионатын Бахрейн астанасы Манамада өткізу жоспарланған. Алайда Біріккен күрес әлемінің шешімімен жарыс Астанаға ауыстырылды. Осылайша, Қазақстан тағы да әлемдік күрестің орталығына айналмақ.
Турнирдің басты ерекшелігі – бірнеше салмақта Олимпиада чемпиондары, әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жүлде алып жүрген спортшылардың өзара мықтыны анықтауы. Әлем чемпионатында еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі бойынша медальдар сарапқа салынады. Ал Қазақстан құрамасы үшін өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсету үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.
Снайдер мен Садулаевтың текетіресі
Еркін күрестегі ең тартысты салмақтардың бірі 97 келіге дейінгі дивизион болмақ. Бұл жерде әлемдік күрестің ең танымал есімдері – америкалық Кайл Снайдер, ресейлік Абдулрашид Садулаев, Бахрейн атынан өнер көрсететін Ахмед Тажудинов, ирандық Хасан Яздани кездесуі мүмкін.
Төрт балуанның еншісінде Олимпиада ойындарының бес алтын медалі мен әлем чемпионаттарының 14 алтын жүлдесі бар. Сондықтан көпшілік осы салмақтағы бәсекені күтіп жүр.
Кайл Снайдер – әлемдік күрестегі ең беделді спортшылардың бірі. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Олимпиада чемпионы атанып, 2022 және 2025 жылдары әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Ал Абдулрашид Садулаевты күрес жанкүйерлері «Ресей танкісі» деген лақап атымен жақсы біледі. Ол Рио-де-Жанейро мен Токио Олимпиадаларында алтын медаль иеленіп, әлем чемпионаттарында да бірнеше мәрте топ жарған. 2024 жылы өзінің алтыншы әлемдік титулын жеңіп алған балуан биыл 97 келіге дейінгі салмаққа қайта оралып, Еуропа чемпионатында жеңіске жетті.
Енді жанкүйерлер Снайдер мен Садулаевтың кезекті текетіресін асыға күтеді. Екі балуанның да тәжірибесі мол, халықаралық аренада бір-біріне лайықты қарсылас бола алатынын талай мәрте дәлелдеген.
Бұл салмақтағы тағы бір фаворит – Ахмед Тажудинов. Бахрейн атынан күресетін спортшы 2023 жылы әлем чемпионы атанып, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Ол биылғы маусымда да жоғары деңгейін көрсетіп, Будапешттегі рейтингтік турнирде топ жарды.
Ал Хасан Яздани үшін Астанадағы жарыстың орны ерекше болуы мүмкін. 2016 жылғы Олимпиада чемпионы әрі әлемнің үш дүркін чемпионы бұған дейін негізінен 74 және 86 келіде күрескен. Енді ол алғаш рет әлем чемпионатында 97 келіге дейінгі салмақта бақ сынамақ.
Ризабек Айтмұхан әлемдік жұлдыздармен белдеседі
97 келіге дейінгі салмақта ел намысын Ризабек Айтмұхан қорғайды. Жас балуанның әлеуеті жоғары екенін оның бұған дейінгі нәтижелері де көрсетіп отыр.
2023 жылы Ризабек Айтмұхан еркін күрестен әлем чемпионы атанып, Қазақстан тарихындағы маңызды жетістіктердің біріне қол жеткізді. Биыл жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Албаниядағы рейтингтік турнирде қола жүлдеге ие болды.
Дегенмен елордадағы бәсеке оңай болмайды. Қазақстандық балуанның қарсыластары арасында жоғарыда аталған әлемдік жұлдыздармен қатар, жапониялық Араш Ёсида да бар.
Екі балуан бұған дейін Аичи-Нагояда өткен Азия ойындарында кездескен. Сол жолы жапониялық спортшы 11:1 есебімен басым түсті. Енді Ризабекке өз жанкүйерлерінің алдында қарсыласына жауап беріп, әлемдік деңгейдегі әлеуетін көрсететін кез жетті.
Қазақстан құрамасының тағы бір үміті – Азамат Дәулетбеков. Ол 92 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Дәулетбеков биыл Азия чемпионатында қола медаль иеленіп, Албаниядағы рейтингтік турнирде де үшінші орын алды. Ал Моңғолияда өткен жарыста күміс жүлдеге қол жеткізді.
Бұл салмақтағы негізгі фавориттердің бірі – америкалық Трент Хидлей. Қазіргі әлем чемпионының қатысуы Дәулетбеков үшін бәсекені күрделендіре түседі.
Ал 74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов бақ сынайды. Қазақстандық балуан биылғы Азия ойындарында қола жүлде иеленіп, Будапешттегі рейтингтік турнирде күміс медаль жеңіп алған. Бұл салмақта қазіргі әлем чемпионы жапониялық Кота Такахаси мен өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Чермен Валиев қатыспайды. Демек, жаңа әлем чемпионы анықталады.
Айдос Сұлтанғали титулын қорғай ала ма?
Грек-рим күресінде жанкүйерлердің назары Айдос Сұлтанғалиға ауады. Ол өткен жылғы әлем чемпионатында топ жарып, әлем чемпионы атанған еді. Енді отандасымыз елордадағы бозкілемде осы жетістігін қайталауға тырысады.
Айдос өткен жылғы әлем біріншілігінің финалында өзбекстандық Алишер Ганиевті жеңіп, алтын медаль иеленді. Енді Ганиевтің қарымта қайтаруға мүмкіндігі бар. Азия ойындарының күміс жүлдегері үшін Астанадағы жарыс әлем чемпионы атағына қол жеткізу жолындағы маңызды сынақ болмақ. Бұл салмақта ирандық Али Ахмади Вафа, жапониялық Кото Гоми және сербиялық Георгий Тибилов та жүлдеге таласады.
Ал 72 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Алматбек Аманбек өнер көрсетеді. Ол биыл Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Германияда өткен Гран-при турнирінде күміс жүлдеге ие болды.
Алайда оның қарсыластары да осал емес. Әзербайжандық Ульви Ганизаде – екі дүркін әлем чемпионы. Ол Астанада үшінші рет әлем біріншілігінің алтынын жеңіп алуға ниетті. Бұған қоса, Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Парвиз Насибов, ирандық Сейед Даниал Сохраби және қырғызстандық Амантур Исмаилов та медаль үшін күресуі мүмкін.
Қазақстан құрамасының грек-рим күресіндегі тағы бір үмітті өкілдері қатарында Исхар Курбаев, Ислам Евлоев және Нұрсұлтан Тұрсынов бар.
Әйелдер күресі: Юи Сусаки бастаған жапон жұлдыздары
Әлем чемпионатындағы әйелдер күресінде Жапония құрамасының өкілдері негізгі фавориттер қатарында болады. Жапон балуандары соңғы жылдары ірі халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Астанаға келетін атақты спортшылардың бірі – Юи Сусаки. Ол Токио Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, әлемдік күрестегі ең мықты балуандардың біріне айналды. Жапон спортшысы биыл Азия чемпионатында және Азия ойындарында да топ жарған.
Сусакидің басты қарсыластарының қатарында екі дүркін Еуропа чемпионы, украиналық Оксана Ливач пен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, қытайлық Фэн Цзыци бар. Жапония құрамасының тағы бір жұлдызы – Нонока Одзаки. Ол Олимпиаданың қола жүлдегері атанып, әлемдік жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Биыл Азия чемпионаты мен Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар Астанада екі дүркін әлем чемпионы Ами Исии мен әлем чемпионы Моэ Киёка да бақ сынайды. Киёка 53 келіге дейінгі салмақтағы басты үміткерлердің бірі саналады. Алайда оны биылғы Азия чемпионатында жеңген қытайлық Чжан Цзинь, өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Люсия Йепес және Еуропа чемпионы Мария Ефремова сияқты қарсыластар күтіп тұр.
Әйелдер күресіндегі бәсекеге Қырғызстанның танымал балуаны Мээрим Жуманазарова да ерекше қызығушылық тудырады. Ол Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері ретінде халықаралық аренада өзін дәлелдеген спортшы. Түркиялық Несрин Баш та әлем чемпионаттарындағы жетістіктерін толықтыруға талпынады.
4 күміс түбі алтынға айнала ма?
Қазақстан құрамасының әйелдер күресіндегі басты үміттерінің бірі – Жәмила Бақбергенова. Ол әлем чемпионаттарында төрт рет жүлдегер атанғанымен, әзірге алтын медальға қол жеткізген жоқ. Биыл қазақстандық балуан Muhamet Malo рейтингтік турнирінде жеңіске жетті.
Алайда 72 келіге дейінгі салмақтағы бәсеке оңай болмайды. Бақбергенованың қарсыластары арасында Еуропа чемпионы украиналық Надя Соколовская, Польшаның күміс жүлдегері Виктория Холуй және былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, қытайлық Зелу Ли бар.
Бұған қоса, түркиялық Бусе Тосун да жүлдеге таласады. Ол 2023 жылы 68 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған. Енді жаңа салмақта да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.