Жаңалықтар

Смайылов Қостанай облысының жаңа әкіміне тапсырмалар берді

Облыста 7,5 мың оқушыға арналған 9 жаңа мектеп салынады
Смайылов Қостанай облысының жаңа әкіміне тапсырмалар берді
Фото: primeminister.kz 01.12.2022 16:10 801

Бүгін Қостанай облысының әкімі болып тағайындалған Құмар Ақсақаловты облыс активіне таныстырған Премьер-Министр Әлихан Смайылов әкімдіктің алдына бірқатар міндет қойылғанын айтты. Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігі Үкіметтің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның ішінде, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы аясында халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру шаралары қарастырылған. Алдағы жылдары облыста 7,5 мың оқушыға арналған 9 жаңа мектеп, 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 2 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланып отыр. Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі іс-шаралар көзделген.

«Қостанай облысы үшін машина жасау саласының маңызы өте зор. Саланың өңір мен жалпы ел үшін маңыздылығын ескере отырып, локализация деңгейін одан әрі арттыру, құрамдас бөліктері өндірісін дамыту, сондай-ақ жоғары білікті кадрларды даярлау бүгінгі таңда өзекті мәселелер болып табылады», — деді ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр әлеуметтік объектілерді, тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа индустриялық жобаларды іске қосу, жұмыс орындарын құру және жергілікті жолдардың сапасын арттыру жөніндегі шараларды іске асыру жұмыстарын күшейту қажеттігіне назар аударды.

«Облыс басшылығы жылу беру маусымының тұрақты өтуі және ЖЭО мен жылу трассаларында апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға