Жаңалықтар

Смайылов экономикалық өсімді 10% дейін арттыруды тапсырды

Смайылов экономикалық өсімді 10% дейін арттыруды тапсырды
Фото: t.me/KZgovernment 23.08.2023 16:35 789

Премьер-министр Әлихан Смайылов республиканың орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізуді жалғастыруда. 23 тамызда өткен іс-шарада Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстары кәсіпкерлерінің өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, кездесудің басында сөз алған Әлихан Смайылов Үкімет жұмысы дамыған кәсіпкерлікке негізделген әртараптандырылған экономика құруға бағытталғанын атап өтті. Оның ішінде орта бизнес негізгі локомотивтердің бірі болмақ.

Оңтүстік өңірлердегі іскерлік белсенділік айтарлықтай жоғары, ал кейбір көрсеткіштер бойынша олар көш бастап тұр. Бұл облыстарда дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс, сондай-ақ сауда-саттық дамыған, – деді Үкімет басшысы.

Кездесу аясында орта бизнестің жұмыс істеп тұрған жобалары мен жаңа кәсіпорындарды іске қосу бойынша жоспарлары таныстырылды.

Кездесу барысында кәсіпкерлер несиелеу мен субсидиялаудың қолжетімділігін арттыру, жетіспейтін теміржол және көлік жолдарын салу, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, экологиялық заңнама нормаларын сақтау және ірі сауда желілеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Премьер-министр атап өткендей, кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау – Үкімет жұмысының маңызды бөлігі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикада шағын және орта бизнес нысандарының саны 27%-ға, ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 18%-ға өсіп, 4,1 млн адамға жеткен. Жалпы елдің ЖІӨ-сіндегі ШОБ үлесі 36,5%-ға дейін өсті.

Үкімет басшысы бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының өсуі 4,8%-ға дейін жеделдегенін, бұл жақсы көрсеткіш екенін айтты. Сонымен қатар Үкімет тиісті даму бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруда.

Біздің мақсатымыз – экономикалық өсімді 7-ден 10%-ға дейін арттыру, бірақ бұл үшін банктер қолжетімді несиелер беріп, кәсіпкерлер көтеріп отырған өзекті мәселелерді шешу қажет. Осы мәселелердің барлығы бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов Үкімет аппараты, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдіктерінен кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды тиісті дәрежеде пысықтап, сондай-ақ орта бизнеспен өткен кездесулер барысында айтылған мәселелердің шешілуіне мониторинг жүргізуді талап етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға