Смартфонмен ашылатын есік: Audi жаңа флагмандық Q9 кроссоверін таныстырды

Смартфонмен ашылатын есік: Audi жаңа флагмандық Q9 кроссоверін таныстырды
Фото: AUDI AG

Audi компаниясы өзінің тарихындағы ең ірі әрі технологиялық кроссовері – Q9 моделін таныстырды. Жаңа флагмандық жол талғамайтын көлік люкс сегментіндегі BMW X7 және Mercedes-Benz GLS модельдеріне тікелей бәсекелес болмақ. Осы уақытқа дейін Audi модельдік қатарында толық өлшемді SUV болмаған еді.

Смартфон арқылы басқарылатын есік

Audi Q9-дың басты ерекшеліктерінің бірі – электр жетекті есіктер. Олар 90 градусқа дейін ашылады және арнайы датчиктердің көмегімен жанындағы көлікке, қабырғаға немесе жаяу жүргіншіге соғылмайды. Сонымен қатар жүргізуші есіктерді myAudi мобильді қосымшасы арқылы қашықтан басқара алады.

Фото: AUDI AG
Фото: AUDI AG

Көліктің алдыңғы бөлігінде тік ламельдері бар ірі радиатор торы орналасқан. Артқы жағындағы үшөлшемді цифрлық OLED шамдары көлікке заманауи келбет беріп қана қоймай, бүйірден көрінуді де жақсартады.

Audi тарихындағы ең үлкен панорамалық шатыр

Жаңа Q9 стандартты түрде жеті орындық салонмен ұсынылады. Қосымша ретінде алты орындық нұсқасы да қарастырылған. Онда екінші қатарға электрмен реттелетін екі жеке кресло орнатылады. Ал үшінші қатарда ересек жолаушылардың да жайлы отыруына мүмкіндік жасалған.

Кроссовердің тағы бір ерекшелігі – ауданы 1,5 шаршы метрден асатын алып панорамалық шатыр. Ол Audi тарихындағы ең үлкен панорамалық люк саналады.

Фото: AUDI AG
Фото: AUDI AG

Шатыр тоғыз бөлікке бөлінген электрохромды әйнекпен жабдықталған. Жолаушылар оның мөлдірлік деңгейін өз қалауынша өзгерте алады. Сондай-ақ 84 жарықдиодты шам 30 түрлі түсте жарық беріп, салонға ерекше атмосфера қалыптастырады. Көлік тұраққа қойылғанда әйнек автоматты түрде күңгірттеніп, жолаушылардың жеке кеңістігін қорғайды.

Музыка ырғағымен тербелетін орындықтар

Audi Q9 Bang & Olufsen компаниясының қуаты 1360 ватт болатын аудиожүйесімен жабдықталған. Оның құрамында 22 динамик бар.

Фото: AUDI AG
Фото: AUDI AG

Ерекше шешімдердің бірі – орындықтарға орнатылған вибромоторлар. Олар музыка ырғағына сәйкес дірілдеп, тыңдау әсерін күшейтеді. Сонымен қатар бас тіректердегі жеке динамиктер жүргізушіге телефон қоңыраулары мен навигациялық нұсқауларды басқа жолаушыларға кедергі келтірмей тыңдауға мүмкіндік береді.

Қауіпсіздік жүйесі жүргізушінің орнына әрекет ете алады

Жаңа флагман қауіпсіздік технологияларына да ерекше мән берген. Егер жүргізуші өзін жайсыз сезініп немесе көлікті басқару мүмкіндігін жоғалтса, электрондық жүйе жағдайды бақылауға алады.

Көлік жылдамдығын біртіндеп азайтып, мүмкіндік болса жол жиегіне шығып тоқтайды және автоматты түрде төтенше жағдай қызметіне хабарлама жібереді. Бұл жүйе жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Фото: AUDI AG
Фото: AUDI AG

Дизель, V6 және қуатты V8 қозғалтқыштары

Еуропа нарығында Audi Q9 295 ат күшін өндіретін 3,0 литрлік алты цилиндрлі дизельді қозғалтқышпен ұсынылады. Ол жұмсақ гибридтік жүйемен және электрлі турбокомпрессормен толықтырылған. Барлық нұсқалар сегіз сатылы автоматты беріліс қорабымен және толық жетекпен жабдықталады.

Ал АҚШ нарығында бастапқы нұсқа 429 ат күшіне ие 2,9 литрлік бензинді V6 қозғалтқышымен сатылмақ. Бұдан бөлек, 591 ат күшін өндіретін 4,0 литрлік битурбо V8 қозғалтқышы бар жоғары өнімді модификация да ұсынылады.

Фото: AUDI AG
Фото: AUDI AG

Неге Audi дәл қазір Q9 моделін шығарды?

Сарапшылардың пікірінше, толық өлшемді премиум кроссоверлерге сұраныс әсіресе Солтүстік Америкада жоғары. Сондықтан Audi жаңа Q9 моделі арқылы осы сегменттегі үлесін арттыруды көздейді.

Компания Еуропада бұл модельдің сатылымы аса жоғары болмайтынын жасырмайды. Ал негізгі нарық ретінде АҚШ таңдалған. Мұнда жаңа Audi Q9 BMW X7 және Mercedes-Benz GLS сияқты танымал модельлермен бәсекеге түсіп, брендтің люкс жол талғамайтын көліктер сегментіндегі орнын нығайтуды мақсат етеді.

Оқи отырыңыз