Смартфон роботқа айналды: қытайлық жаңа телефон несімен ерекше?

Смартфон роботқа айналды: қытайлық жаңа телефон несімен ерекше?
Фото: Кэти Коллинз/CNET

Honor корпустан шығып, 360 градусқа айнала алатын камерасы бар ерекше смартфон әзірледі. Robot Phone деп аталатын құрылғы адамды өздігінен кадрда ұстап, қозғалысын қадағалай алады. Компания жаңа смартфонды 18 тамыздан бастап Қытайда сатылымға шығармақ.

Басты ерекшелігі – қозғалмалы камера

Сырттай қарағанда Robot Phone кәдімгі смартфонға ұқсайды. Оның 6,3 дюймдік OLED экраны бар. Салмағы – 248 грамм, қалыңдығы – 9,6 мм.

Құрылғының басты ерекшелігі артқы жағында орналасқан. Камера қажет кезде корпустан сыртқа шығып, әр бағытқа қозғала алады. Түсірілім аяқталған соң қайтадан смартфонның ішіне жиналады.

Камера үш осьті тұрақтандыру жүйесі бар шағын гимбалға орнатылған. Мұндай жүйе қозғалыс кезінде кадрдың шайқалуын азайтып, видеоны бірқалыпты түсіруге мүмкіндік береді.

Honor мәліметінше, титаннан жасалған механизм төрт бағытта қозғалады. Оның қозғалтқышы кәдімгі гимбалдарда қолданылатын қозғалтқыштардан 70 пайызға кішірек, салмағы небәрі 2,6 грамм.

Фото: Джулиан Чоккатту
Фото: Джулиан Чоккатту

200 мегапиксель және 360 градус

Honor роботтандырылған камераны немістің кәсіби кино жабдықтарын шығаратын ARRI компаниясымен бірге әзірлеген.

Негізгі камераның ажыратымдылығы – 200 мегапиксель. Ол 1/1,28 дюймдік сенсормен және f/1,6 диафрагмасымен жабдықталған. Камера 4K форматында видео түсіреді, ал түсірілген кескінді Honor H1 чипі өңдейді.

Камера 360 градусқа айналып, алдындағы көріністі де, смартфон иесінің өзін де түсіре алады. Сондай-ақ адам қозғалған кезде оның соңынан бұрылып, кадрдан шығармай бақылап отырады. Яғни телефонды бір жерге қойып, камера алдында еркін қозғалуға болады.

AI SpinShot функциясы камераны бір батырмамен 90 немесе 180 градусқа бұруға мүмкіндік береді. Бұл видеода ерекше ауысулар мен түрлі түсірілім тәсілдерін қолдануға арналған.

Смартфонда адамды автоматты түрде кадрда ұстайтын үш бақылау режимі бар. Механикалық тұрақтандыруға жасанды интеллект те көмектеседі. Соның арқасында жүріп немесе қозғалып бара жатып түсірілген видео барынша бірқалыпты шығады.

ARRI-мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде смартфонға кәсіби түсірілімге арналған бірнеше мүмкіндік енгізілген. Олардың арасында Log-C3 форматында видео жазу, LUT арқылы түстерді өңдеу және ARRI түсірілім режимі бар.

Бұдан бөлек, смартфонда 2,7 есе оптикалық зумы бар 200 мегапиксельді перископ камера және 50 мегапиксельді ультракең бұрышты камера орнатылған. Соңғысын жақыннан түсіруге де пайдалануға болады.

Камера адамды өзі қадағалайды

Robot Phone камерасы тек фото және видео түсірумен шектелмейді. Honor оған Yoyo жасанды интеллект жүйесін енгізген.

Соның көмегімен камера айналасындағы жағдайды байқап, адамның қозғалысы мен дауысына жауап береді. Сондай-ақ кейбір баптауларды өзгертуге және телефондағы қарапайым тапсырмаларды орындауға көмектесе алады.

Камераға адамға ұқсас бірнеше қимыл да берілген. Мәселен, ол басын изеп немесе музыка ырғағына сай қозғала алады. Алайда әзірге пайдаланушымен толыққанды сөйлесе алмайды.

Honor бас директоры Джеймс Лидің сөзінше, жасанды интеллект дамыған заманда смартфон тек қолға ұстап жүретін қарапайым құрылғы болып қалмауы керек.

Бағасы қанша болады?

Robot Phone Қытайда 18 тамызда сатылымға шығады.

12 ГБ жедел жады бар нұсқасы 9 999 юань, ал 16 ГБ нұсқасы 12 999 юань тұрады. Бұл шамамен 691 мың және 898 мың теңге.

Смартфон күміс және сұр түсте шығарылады.

Әзірге құрылғы тек Қытай нарығында сатылады. Honor оның басқа елдерге қашан шығатынын хабарлаған жоқ.

Оқи отырыңыз