Жаңалықтар

Славян базарында өнер көрсеткен қазақстандық екі әнші де лауреат атанды

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады
Славян базарында өнер көрсеткен қазақстандық екі әнші де лауреат атанды
Фото: gov.kz 20.07.2022 17:24 7056

Славян базарында өнер көрсеткен қазақстандық екі әнші де лауреат атанды, – деп хабарлайды El.kz.

Биыл Витебскідегі «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде Қазақстан атынан Kyle Ruh (Ерік Төленов), ал балалар байқауында Алинур Хамзин өнер көрсетті. Екі орындаушы да байқаудың лауреаты атанды.

Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, Ерік Төленов ұлттық дәстүрді сақтаудағы жоғары шеберлігі үшін мемлекетаралық «МИР» телерадиокомпаниясының «Песня - Путь к Содружеству» арнайы марапатына ие болды. Сондай-ақ ол халықаралық байқаудың лауреаты атанды.

Ал 12 жастағы Алинур Хамзин балалар арасында осы сайыста екінші орын иеленді.

Айта кетейік, Ерік Төленов 1993 жылы Түркістан облысының Ащысай ауылында дүниеге келген. Кентау қаласындағы №23 Т.Рысқұлов атындағы мектепті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген, 2014-2016 жылдары түрлі музыкалық топтарда өнер көрсеткен. 2021 жылы Mozart халықаралық шығармашылық фестивалінің және Welle-music wave халықаралық байқауының гран-при иегері атанған, The Voice of Kazakhstan танымал байқауында екінші орын алды. Оның қойылымы әлемнің ең үздік The Voice шоуларының қатарына енді.

Алинур Хамзин 2010 жылы Орал қаласында дүниеге келген. №27 мектеп-лицейінің 6-сыныбында және №1 музыка мектебінде оқиды. Соңғы 5 жылда республикалық конкурстарға, тележобаларға және халықаралық конкурстарға, оның ішінде Париждегі Junior Eurovision байқауына, Ташкенттегі «Роза востока» халықаралық конкурсына қатысқан. Сондай-ақ, ол әртүрлі тележобалар мен конкурстардың лауреаты.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға