Жаңалықтар

Славян халықтарының Масленицасын Қазақстандағы барлық этностар атап өтті

Славян халықтарының Масленицасын Қазақстандағы барлық этностар атап өтті
12.03.2019 11:02 4936

Масленица – құймақ пісіріп, көңілді ойындармен қысты шығарып салуға арналған ежелгі славян мерекелерінің бірі. Оны этномәдени бірлестіктер мен өнерпаздар сахна төрінде концерттік бағдарламамен өрнектеп, көрермендер назарына ұсынды. Өткен жексенбі күні кыстың соңғы айын шығарып салып, көктемнің шуақты күндерін қарсы алу мейрамы Өскеменнің Достық үйінің алаңында өтті. Онда жиналған жұртшылық ұлттық нақышта киімдер киіп, мерекенің сәнін келтірді. 

«Масленица славян мерекесі болғанына қарамастан, оны түрлі этностардың өкілдері қуана-қуана атап өтеді. Осындай іс-шаралар Тәуелсіз Қазақстан халқының бірлігін, келісім мен достықты нығайту үшін маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті ШҚО облыстық славян этномәдени бірлестігінің жетекшісі Александр Яковлев.

Ал Қызылордада «Масленица» мерекесі Достық үйінің алаңында «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

Масленица – бір күн емес, апта бойы тойланады. Әрі әр күнді тойлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Дүйсенбі кездесу күні, сейсенбі ойын ойналады, сәрсенбі тәтті тамақ пісірілсе, бейсенбі серуен басталады, ал жұма қайын ененің үйінде қонақта болса, сенбі қайын апа шаңырағында жүздесу, ал жексенбі күні кешірім сұрау күнімен Масленица мерекесінің шарықтау шегі аталып өтеді.      

Әсем ән де, ұлттық киімдермен жасанған көркемөнерпаздардың мың бұралған билері де бұл күннің шырайын келтіре түсті. Шарада «Надежда» және «Сударушки» вокалды ән топтарының әндері, «Жемчужинка» және «Адажио» би топтарының  флеш моб билері, көңіл көтеретін тақпақтар орындалды. Сондай-ақ, тәттілер мен құймақтар көрмесі ұйымдастырылып, қонақтарға шай ұсынылды. Шеңбер пішіндес құймақ күн бейнесін кескіндеп, көктем мен жылылықтың символын, мерекенің бұлжымас белгісін айшықтап тұрғандай көрінеді. Спорттық ойындар ойнатылып, қуыршақты жағу рәсімін де көпшілік қызыға тамашалады.

Өз кезегінде Қарағанды қаласының тұрғындары қытымыр қысты шығарып салып, көктем белгісі «Масленица» аптасының аяқталуын тойлады. Кеншілер мәдениет сарайының алдына жиналған жұрт ұлттық ойындар ойнап, шыр айнала би биледі, сонымен қатар, тәтті құймақ пен самаурынның ыстық шайынан дәм татып, ән мен биге толы концерттік бағдарламаны тамашалады. 

Күн райының аздап аяз болғанына қарамастан жиылған жұрт қаппен ұру, арқан тартыс, сыпыртқымен ойналатын түрлі ойындарға белсене қатысты. Орыс халық киімдеріндегі скоморохтар да халықтың жалығуына жол бермеді, қонақтардың көңілін көтеріп, алаңды айнала би билетті. Осындай мерекелік  қойылымдар қойып, халыққа тамаша көңіл күй сыйлауға себепкер болған – «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігі. Ұжымды мерекесімен құттықтай келген басқа да этномәдени бірлестіктердің мүшелері  әуелете ән шырқап, түрлі билер биледі. Олардың қатарында: «Дакия» румын мәдени орталығы, «Видергебурт» неміс орталығы, «Ахыска» түрік этномәдени Орталығы, «Ихлас» Қарағанды облыстық татар-башқұрт қоғамдық орталықтары бар.

Мерекеде ұйымдастырылған сайыстардың ішінде қатысушылар үшін қиынға түскені 24 киллограммдық кір тасын бір қолмен көтеру болды. Кір тасы өткен жылмен салыстырғанда 8 киллограммға ауырлаған, бірақ табанды қатысушыларға бұл да кедергі болмады. Соның бірі нәзік жанды Лариса есімді азаматша. Ол да сайыста өз бағын сынап көрді. Жеңімпаз атағы ауыр кірді 40 рет көтерген Сергей есімді азаматқа бұйырды. 3 сағатқа созылған мерекелік бағдарлама ойын-сауық, көңілді сайыстар қонақтардың көңілінен шықты.

Мерекенің соңын жиналған халық сабаннан жасалған қарақшыны өртеу дәстүрімен аяқтады. Наным бойынша, қарақшы өртелді, енді қыстың ызғары бәсеңсіп, күннің жылу шуағы күшейе бермек.

Ал Атырауда «Большая масленица» мерекелік шарасы «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өтті.

Көрермендер «Былина», «Камелия», «Сударушка» орыс ЭМБ, «Тхоньил» корей ЭМБ, «Фантазия» вокалдық студиясы, Успен соборының жексенбілік мектебі, орыс халық театры, сондай-ақ қарағандылық бағдарлама-баяншы Игорь Мариниченконың жеке нөмірлерінің қатысуымен театрландырылған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Жиналған қауымды Свято-Успенск соборының басшысы-протоиерей Александр және «Былина» орыс этномәдение бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев мерекемен құттықтады.

Одан әрі «Большая масленица» саябақта жалғасын тапты. Қала тұрғындары әзіл сайыстарына белсенді қатысып, ағаш шаңғымен ұжымдық жүгірулер, арқан тарту секілді ойын түрлерінен және жылдамдықпен құймақ жеуден  алдарына жан салмады.

Қарсыз, жұмсақ қысты шулы әрі көңілді өткізген Атырау тұрғындары «Тим Дрим» командасының өнерін тамашалады.

Сондай-ақ, «Масленица» мерекесін «Светоч» славян этномәдени бірлестігі де атап өтті. Мереке Орал өзенінің жағасында Масленица қарақшысын өртеумен аяқталды.

Ал Ақтөбеде «Славяне» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен «Масленица» славян мекересі концерттік бағдарламамен атап өтілді.

Масленица «қоштасу жексенбі» күнімен – достардан және жақындарынан кешірім сұрай отырып, мейірімді істер жасаумен аяқталады.

Негізгі мерекелік іс-шара ат, түйемен шабу, төбешіктермен сырғанау, қолданбалы өнер шеберлері, қолөнершілер жәрмеңкесімен басталды.

Концерттік бағдарламаға «Русская песня» халықтық хоры, «Ладушки» балалар вокалдық-хореографиялық ансамблі, «Купава» халықтық би ансамблі, «Радуга престиж» халықтық би ансамблі қатысты. «Система» спорт клубының жауынгерлері күшке және физикалық тұрақтылыққа бағытталған спорттық жарыстар ұйымдастырып өткізді. «Қоян-қолтық ұрыстың орыс стилі – бұл адам денесінің сұлулығы мен мүмкіндіктері көрсетілетін спорт емес, қолданбалы бағыттағы спорт түрі», – дейді жаттықтырушы Игорь Жарко.

Өткен жексенбі күні Көкшетау қаласы Достық үйінің алаңында орын алған қысты шығарып салу және көктемді күтудің символына айналған ежелгі славян мерекесі – Масленица көптеген ақмолалықтардың басын біріктірді.

«Прощай, Зима, придет Весна!» атты тақырыпта өткен іс-шарада Ақмола облысы этномәдени бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен халықтық тойлау, концерттік бағдарлама, сахналандырылған көрініс орын алды.

Дәстүрлі Масленица мейрамының ұйымдастырушылары – «Ақмола облысының орыс қауымы», «Чуваш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестіктері, Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы мен Ақмола облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ.

Жиналған халықты өздерінің жалынды өнерлерімен Владимир Дзюбиннің жетекшілігімен Макинск қаласынан келген «Благовест» халықтық казак хоры, «Русская песня» халықтық ансамблі (шығ. жет. Зоя Авилова), Достық үйінің вокалдық студиясының әншілері (шығ. жет. Ираида Пермякова) «Вайнах» шешен-инғұш қоғамының «Ритмы гор» би ансамблдері қыздырды.  

Дәстүрлі жәрмеңке, жаппай серуендеу, ұлттық ойындар – арқан тарту, қаппен жүгіру, жастықтармен күрес, спорттық жарыстар - дартс, гір көтеру, армрестлинг, достаса хормен жүру және өтіп бара жатқан қысты бейнелейтін Масленица басты кейіпкері қарақшаны салтанатты жағу – бәрі дағы Көкшетау тұрғындары мен қонақтарына тамаша көңіл-күй сыйлады.

Өткен жексенбідегі көктемгі күні барлық мүмкін болған сайыстардың белсенді қатысушылары Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы, «Ақмола облысының орыс қауымы» мен Көкшетау қаласы әкімдігі атынан табысталған сыйлықтарға ие болды.

Тараз қалалық мәдениет үйінде қала тұрғындары және қонақтарының қатысуымен орыс халқының «Масленица» мерекесі аталып өтті. Бұл мерекелік іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен Жамбыл облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігі және облыстық орыс драма театрының ұжымының ұйымдастыруымен өтті. 

Шараға «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің өкілдері, қалалық жалпы білім беретін орта мектептер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері – «Днипро» украин этномәдени бірлестігі, «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени орталығы, Жамбыл облыстық немістер қоғамы, қалалық мәдениет бөлімі, орыс театрының әртістері.

Мерекелік концерт алдында  Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырылды.

Мәдениет үйінің ауласында қыс мезгілін шығарып салып, көктемді қарсы алған жұртшылық бір-бірін жарқын мерекемен құттықтады. Одан әрі жиналған халық қолөнер шеберлерінің тамаша туындыларымен танысты. Сондай-ақ, орыс халқының ұлттық тағамдары бәліш, құймақ, қалаштар қойылып, жиылған жұртшылыққа үлестірілді.

Мерекелік іс-шара одан әрі облыстық орыс драма театрының әртістері мен балалар шығармашылық орталығы әншілерінің қатысуымен мерекелік концертпен жалғасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға