«Сіздің орныңызға жұмыс істейді»: әр адамның ЖИ «егізі» пайда болады

 ЖИ (ChatGPT)
Фото: ЖИ (ChatGPT)

Цифрлық технологиялар дамыған сайын адамның мүмкіндігі де кеңейіп келеді. Соның бірі – соңғы кезде жиі айтылып жүрген «цифрлық егіз» ұғымы.

Бұл – жасанды интеллект көмегімен жасалған, адамның мінез-құлқын, ойлау стилін, жұмыс істеу тәсілін қайталай алатын жүйе. Қарапайым тілмен айтқанда, сіздің орныңызға сөйлеп, жазып, тіпті кейбір шешімдерді қабылдай алатын «сіздің көшірмеңіз».

ЖИ (ChatGPT)

Бүгінде бұл технология фантастика емес, нақты өмірге еніп жатыр. Мысалы, ірі брендтер жарнама саласында цифрлық егіздерді кеңінен қолдана бастады. Кейбір компаниялар нақты модельдердің цифрлық көшірмесін жасап, түсірілімсіз-ақ визуалды контент өндіруде. Бұл уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал сән индустриясында арнайы платформалар арқылы адамдар өздерінің цифрлық бейнесін жасап, киімді онлайн «киіп көре» алады. Мұндай тәжірибе біртіндеп электронды сауда, клиенттерге қызмет көрсету, тіпті білім беру саласына да еніп келеді.

ЖИ (ChatGPT)

Цифрлық егіздердің басты артықшылығы – адамның жұмысын жеңілдету. Олар бір уақытта бірнеше міндетті қатар атқара алады: хаттарға жауап береді, ақпаратты сұрыптайды, құжат дайындайды. Күнделікті өмірде де көмегі бар – маршрут құрастырады, маңызды даталарды еске салады, тіпті сыйлық таңдауға дейін көмектеседі. Мамандар бұл технология адамның орнын басу үшін емес, оның мүмкіндігін арттыру үшін жасалған деп отыр.

ЖИ (ChatGPT)

Алайда барлық істі толықтай жасанды интеллектке тапсыруға болмайды. Әсіресе келіссөз жүргізу, адамдармен жұмыс істеу немесе стратегиялық шешім қабылдау сияқты маңызды салаларда адам факторы шешуші рөл атқарады. Себебі жасанды интеллект қателесуі мүмкін және ол өзінің қателесіп тұрғанын білмейді.

Тағы бір маңызды мәселе – деректер қауіпсіздігі мен тәуелділік. Цифрлық егіз белгілі бір платформаға байланысты жұмыс істейді. Барлық ақпарат сол жүйеде сақталып, сол жерде өңделеді. Егер қолданушы платформаны ауыстырса, бұрынғы жинақталған деректер мен тәжірибеден айырылып қалуы мүмкін. Бұл жаңа цифрлық тәуелділіктің қалыптасуына алып келеді.

ЖИ (ChatGPT)

Мамандарды алаңдататын тағы бір құбылыс – интернеттегі «жасанды белсенділіктің» артуы. Егер әр адамның цифрлық егізі болса, онда желідегі әрекеттің бір бөлігі адамдар емес, алгоритмдер арқылы жүзеге асады. Боттар бір-бірімен байланысып, контент жасап, бір-біріне реакция білдіреді. Соның салдарынан қаралым, пікір, лайк сияқты көрсеткіштердің шынайылығына күмән туындайды. Бұл құбылыс тіпті «фейкономика» деп атала бастады.

ЖИ (ChatGPT)

Сонымен қатар цифрлық егіздер адамның жеке болмысына да әсер етуі мүмкін. Бұрын адамның жазу мәнерінен, ойлау тәсілінен оның кім екенін тануға болатын. Ал жасанды интеллект көбіне өңделген, мінсіз нұсқаны көрсетеді. Нәтижесінде шынайылық азайып, адамдар арасындағы сенім әлсіреуі ықтимал.

ЖИ (ChatGPT)

Ең өзекті мәселенің бірі – жауапкершілік. Егер цифрлық егіз қате ақпарат таратса немесе дұрыс емес шешім қабылдаса, оған кім жауап береді? Қазіргі таңда жауапкершілік толықтай адамға жүктеледі. Ал заңнамалық база бұл мәселеге әлі толық дайын емес.

ЖИ (ChatGPT)

Жалпы, цифрлық егіздер – болашақтың емес, бүгіннің технологиясы. Олар адамның мүмкіндігін арттырып, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Бірақ оларды өмірімізге дендеп енгізер кезде белгілі бір тәуекелдер мен қауіптердің барын ұмытпауымыз қажет.

Оқи отырыңыз