Жаңалықтар

Сізді байытатын 10 әдет

Сізді байытатын 10 әдет
Фото: © Pixabay.com 17.01.2024 17:04 2819

Кез келген адамның баюға, жақсы өмір сүруге қақысы бар. Десе де, қаржылық сауаттылықтың аздығынан оның жолын таппай жатамыз. El.kz ақпарат агенттігі осыған қатысты әрбір адамға керек он әдет жайында баяндайды.

1. Табысты есептеп, оны жүргізіп отыру

Бұған дейін де бұл туралы оқығаныңыз не естігеніңізді білеміз. Бірақ, жүзеге асырмай жүрсіз. Ендеше, шығындарыңызға көз жүгіртіп, өзіңізге есеп беруді қазірден бастаңыз. Бұл қаржылық сауаттылықтың алғашқы қадамы деп біліңіз. Шығынды түрлі кагегорияларға бөліп, бақылауға алсаңыз, жұмсалып жатқан қаржының есебін шығарасыз. Тіпті, телефонға арналған түрлі бағдарламаларды орнатып алыңыз.  

2. Табыстың бір бөлігін кейінге қалдыру

Мұны әдетке айналдырыңыз. Әрине, бірден кейінге біраз ақша қалдыра алмайтын шығарсыз. Алайда, шығындарды дұрыс жолға қоюдың арқасында бюджетіңізді бақылай аласыз. Осыдан барып, «кейінге ақша қалдыру» функциясын іске қосыңыз. Егер ақша бақыланбаса, есепсіз жұмсау да тоқтамайды. Сонымен қатар, ақшаны кейінге шегеруді үйренбесеңіз, сіз баю үшін ештеңе істеп жатқан жоқсыз деген сөз.

3. Тиімді бағаға ұмтылу

Бұл тұста «ақша үнемдеудің жолы – тек жеңілдікке жүгіру» деп жатқан жоқпыз. Бірақ, тиімді бағаға сапалы дүние сатылып жатса, неге алмасқа? Айтпақшы, бағасы тиімді екен деп көрінген заттың бәріне қаржыңызды жұмсай бермеңіз. Ақша жаратқан кезде асығыстықтан гөрі, салқын санамен ойлаған дұрыс. Бастысы, тиімді бағаға ұмтылу инвестицияның бір түрі деп қараңыз.

4. Шығындарды жоспарлаңыз

Мәселен, алдағы сатып  алатын дүниеңізге үш ай ақша жинаңыз. Қазір несие мен бөліп төлеудің дәурені жүріп тұрғанда бұлай ақша жинап жүру тиімсіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ, сіз оларға алданбаңыз. Несиеге жүгіру қаржылық сауатыңыздың деңгейінің төмендігінен хабар береді. Сол сияқты алдағы уақыттағы шығындардың бюджетін толтырып жүріңіз. Мысалы, жұмыстан шығып қалған жағдайда сізде кем дегенде үш ай өмір сүретін ақша болуы керек.

5. «Қайткенде табысымды арттырамын?» деп ойлаудан жалықпаңыз

Қымбатшылық қос бүйірден қысқан заманда табыс табуға ұмтылған адамды ешкім сөкпейді. Бір жалақымен күн көру мүмкін емес екенін көпшілік жақсы біледі. Сондықтан табысты арттыруды ойлап жүру керек. Тек ой жүзінде қалдырмай, қолыңыздан келетін жұмыстарды қоса алып жүріңіз. Оның артында сіздің дамуыңыз да тұр.

6. Қаржылық сауаттылықты нығайта түсу

Ақшаны табу бар, оны сауатты жұмсау бар. Ақша, білім сияқты ешқашан артықтық етпейді. Қазіргі заманда «қаржылық сауаттың қажеті не?» деген сұрақты ешкім қоймасы анық. Себебі, оның өзектілігін түсінеміз. Отбасылық қаражатты басқара білу де өнер екенін ұмытпаңыз.

7. Қаржылық мақсаттарды мерзіміне (қысқа, орта, ұзақ) қарай бөлу

Сізде алға қойған нақты мақсат болмаса, ілгеріде айтқан ақша үнемдеуден, шығындарды азайтқаннан ешқандай пайда жоқ. Баюды көздеген адамда мақсат болмауы мүмкін емес. Оны мерзіміне байланысты нақтылап, жұмыс жасаңыз. Бір рет мақсатыңызға жетсеңіз, сіздің құлшыныңыз артпаса кемімейтіні анық.

8. Қаржылық жоспар құрып, жаңартып отыру

Көп адам ақша жинағанмен, соңында қажетсіз затқа жұмсап қоюы ықтимал. Оған себеп – жоспардың жоқтығы. Мәселен, сізге осы жылы қыстық етік, күрте керек. Оның жоспарын күзден бастан құрып қоясыз. Миыңызда жүрген жоспар, түпсанаңызға жетеді. Осылайша, сіз қажетті затыңызға ақша да жинай аласыз. Бұл жоспардың ең қарапайым түрі. Барлық ұлы бастамалар жоспар арқылы жасалғанын ұмытпаңыз.

9. Жеке бюджет есебін жүргізіңіз

Шығынды есептеп отырудың қажеттілігін айтып кеттік, сол сияқты жеке бюджет жүргізу де маңызды дүние. Бұл қаржылық жоспарды орындау мен орындамауға жүргізілетін бақылау деп біліңіз.

10. Жинақты сақтап, көбейту

Жинақ – ақшалай қаражаттар немесе олардың баламалары түрінде сақталады (мысалы, банктік депозиттер ретінде). Мұны сауатты жүргізіп, көбейтіп отыруды әдетке айналдырыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға