Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ұзақ үзілістен кейін сахнаға оралған әлемге әйгілі канадалық әнші Селин Дионға жылы лебізін білдірді. Өнер иесі Париждегі концертті көргеннен кейін әлеуметтік желіде арнайы видео жариялап, әншінің шығармашылығы өзіне де үлкен әсер еткенін айтты.
«Даусыңыз миллиондаған адамға шабыт берді»
Димаш Селин Дионды қайтадан сахнадан көріп, оның әнін естігеніне ерекше қуанышты екенін жеткізді.
Әдеттегідей керемет! Бұл видеоны түсіруімнің себебі – музыка әлеміне сыйлаған бар дүниесі үшін оған алғыс айтқым келді. Қымбатты Селин, Құдай сізді қолдасын. Сіздің даусыңыз бен музыкаңыз әлемдегі миллиондаған адамға, соның ішінде маған да шабыт берді. Барлығы үшін рақмет, – деді Димаш.
Қазақстандық әнші Селин Дионның даусы бұрынғыдай әсерлі естілетінін айтып, оған денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Даусыңыздың бұрынғыдай керемет естілгеніне өте қуаныштымын. Өзіңізді де сырт көзге көрінгендей жақсы сезініп жүрсіз деп шын жүректен үміттенемін. Тағы да барлығы үшін рақмет. Сіз – нағыз тірі аңызсыз. Біз сізді қатты құрметтейміз әрі жақсы көреміз. Құдай сізге ұзақ әрі бақытты ғұмыр нәсіп етсін, – деді өнер иесі.
Селин Дион ұзақ үзілістен кейін сахнаға оралды
Селин Дион 2022 жылы сирек кездесетін неврологиялық дерт – сіресу синдромы (stiff-person syndrome) анықталғанын жариялағаннан кейін концерттік қызметін тоқтатқан еді. Бұл ауру бұлшықеттердің қатайып, ауырсынатын түйілуіне әкелуі мүмкін. Денсаулығындағы қиындықтарға байланысты әншінің қозғалуына және бұрынғыдай еркін ән айтуына кедергі келді.
2024 жылы Селин Дионның аурумен күресі туралы деректі фильм жарық көрді. Онда әншінің диагноздан кейінгі өмірі, емделуі және сахнаға қайта оралуға талпынысы көрсетілді.
2026 жылдың көктемінде Дионның концерттік қызметіне қайта оралатыны туралы ақпарат тарады. 12 қыркүйекте ол Парижде көптен күткен концертін өткізіп, ұзақ үзілістен кейін тыңдарманымен қайта қауышты. Димаш Құдайберген де осы концертті тамашалап, әлемдік жұлдыздың сахнаға оралуына байланысты әсерін бөлісті.