Жаңалықтар

Сирек кітаптар қорын цифрландыру басты міндет

Орталық ғылыми кітапхана «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Еркежан Әлімен сұхбат
Сирек кітаптар қорын цифрландыру басты міндет
Фото: syrboyi.kz 29.10.2022 19:08 3641

Атадан балаға мирас болатын құндылықтың бірі – қолжазба мен кітап. Мұндай рухани мұрадан тарихтың тағылымды беттерін ашып, өткенен сабақ алуға болады. Бәрінен бұрын, ата-бабаның өсиетін ұғынып, аманатын арқалаймыз. Сирек қолжазба мен кітаптарды сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан Орталық ғылыми кітапханаға 90 жыл болды.

Кітапхананың кешегі тарихы мен бүгінгі бағдарын «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Еркежан Әліден білдік.

Ғасырға жуық тарихы бар, кітапхананың даму кезеңіне тоқтала кетіңізші.

– 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының Алматыдағы Қазақстандық базаның алғашқы ғылыми бастауыш ұйымымен, ғалымдардың сыйға берген 2,5 мың дана кiтап қорымен ашылды.

1938 жылы Қазақстандық база КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы болып өзгертіліп, кiтапхана қорының саны 30 мың данаға жетіп, штат саны 4-ті құрады. 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының құрылуымен кітапхана Орталық ғылыми кiтапхана статусын алды. Кітапхана дамуының және ғылыми деңгейінің маңыздылығын анықтаудың басында ҚазССР Ғылым Академиясының бірінші Президенті Қаныш Сәтбаев тұрды. Осы кезеңнен бастап Орталық ғылыми кітапхананың қалыптасу, дамуының жаңа кезеңі басталды. 1947 жылдан бастап ғылыми-зерттеу мекемелерінің тақырыптары бойынша міндетті ақылы басылымдар және Мәскеу, Ленинград, Рига, Львов, Ташкенттің ірі кітапханасының дублеттік қорларынан, букинист дүкендерден, жеке кітап жинаушы ғалымдардан кітаптар алына бастады. 

Биыл кітапханамыздың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Орталық ғылыми кітапхана Қазақстандағы жаратылыстану саласы бойынша ғылыми кітаптардың депозитарлық қоры болып табылады. Сондай-ақ ол Қазақстандағы және Орта Азиядағы құнды кітапханалардың бірі.

Кітапхананың негізгі міндеті қандай?

– Оқырмандарды қазіргі қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, әлемдік ғылыми жетістіктеріне еркін қол жеткізуге мүмкіндік жасау. Заманауи технологияларды пайдананып оқырман сұранысына, заман талабына сай басылымдар жинақтап, ғылыми библиографиялық ақпарат беру. Кітапхананың электрондық ақпараттық қорларын құру, электрондық ақпаратқа еркін қол жеткізуді кеңейтіп, алыс-жақын шетелдегі ірі ғылыми зерттеу орталықтарымен, кітапханалармен ғылыми ақпараттық байланыс орнату.

Кітапхана қорында қанша кітап жинақталған?

– Бүгінде 6 миллион басылым бар. 1 миллионнан аса шетел әдебиеті, 100 мыңнан астам сирек кездесетін және 22 мың қазақ және шет тілінде қолжазба бар. Сондай-ақ 10 мыңнан аса шығыс тілінде, 127 мыңнан аса қазақ тілінде әдебиет, 15 мыңнан аса ғылыми диссертация, 70 мыңнан аса авторефераттар қорын табуға болады.

Сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар қашаннан бастап қорға жиналды?

– 1959 жылы Қаныш Сатпаев, Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңеспаевтың қолдауымен кітапханада сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімі құрылып, басылымдар жинақтала бастады. Қазір қордағы сирек кітаптар саны 100 мыңнан асады. 1950-1960 жылы Қазан, Уфа, Санкт-Петербург, Мәскеу, Новосібір қаласына арнайы экспедицияға шығып, кітапханаға сирек кітаптар қоры жеткізілді. Қазақстанның облыстарына арнайы қызметкерлер жіберіліп, қазақ тарихына, мәдениетіне, этнографиясына байланысты мәліметтер жиналды.

1940 жылға дейінгі Қазақстанның сирек кітаптарды қорғау сақтау ережесіне сәйкес, кітаптар сирек кітаптар қорына өткізілді.

Кітапхана сирек басылымдарға өте бай, әлемде бірнеше данасы бар сирек басылымды біздің қордан табуға болады. Әл-Фараби, Абайдың хатшысы Мүрсейіт, Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезовтың қолжазбасы, Әмір Темірдің Әзірет Сұлтан мешітіне берген грамотасы сақтаулы. Алаш қайраткерлерінің кітабының алғашқы басылымдары сақтаулы. Сиыр терісіне жазылған «Тора», XII-XVIII ғасырдың қолжазбалары, XVII-XIX ғасырға тиесілі Құрандар, ескі карталар, Қазақстан мен Орта Азияны зерттеушілердің алғашқы басылымы кітапхананың қорын байытып тұр. Араб, парсы, түрік, шағатай, қытай тіліндегі қолжазбалар мен кітаптар, неміс, француз, ағылшын, италиян, латын тіліндегі шыққан басылымдармен мақтана аламыз. Сирек кітаптардың басылу өнері де басқаша, көлемі, түптелу түрлері, ішкі суреттері, өрнектері, алтынмен жалатылған беттері оқырманды қатты қызықтырады.

Басқа мемлекеттен сыйға тартылған құнды мұралар бар ма?

– Біздің кітапхана ғалымдардың сыйға берген кітаптарымен құрылды. Ғылым академиясының бiрiншi президентi Қаныш Сәтбаев атақты ғалым-академиктер Владимир Комаров, Андрей Архангельский, Николай Курнаков және Дмитрий Зелениннің кiтаптарын алып, кітапхананың алғашқы қорын жинады. Бүгінде оқырмандар кітабын сыйға беріп отырады. Академияның ғылыми зерттеу институтының ғылыми жобамен шығаратын басылымдарын, мемлекеттік тапсырыспен және арнайы бағдарламамен шығатын кітаптарды алып тұрамыз.

Сонымен қатар алыс-жақын шетелдің ғылыми орталықтарымен кітап пен ақпарат алмасу жұмысы жолға қойылды. Әлемнің 70 мемлекетімен 100-ден аса ғылыми мекемемен кітап алмасып келеміз.

Орталық ғылыми кітапханасы заманауи талап-міндеттерге сәйкестендіруге қаншалықты мән беріледі (реставрация жұмыстары өткізіліп тұра ма)?

– Кітапхада базасында 4 қызметкерден тұратын өңдеу және түптеу бөлімі жұмыс істеді. Бірақ бұл жұмыстың ақшасы аз, жұмысы көп болған соң қазір тек түптеуші бір қызметкер қалды. Дегенмен жақында министірліктің қолдауымен, басшымыз Лейла Абубакированың ұсынысымен кітапханада басылымдарды өңдеу, түптеу бөлімі ашылғалы отыр. Оған керекті құрал-жабдық алынуда. Үлкен басылымдарды тазалайтын түптейтін аппараттарға тапсырыс беріп қойдық. Арнайы маманды басылымдарды өңдеу, түптеудің қыр-сырын меңгеріп, білім алуға шетелге жібергелі отырмыз.

Төртінші өнеркісіптің революцияны іске асыруда цифрлық технология шешуші рөл атқаруда. Кітапхананы цифрландыруда қандай жетістік бар?

– Қазақстанда кітапхананы заманауи технологиялармен дамыту, кітапхана жүйесін автаматтандыру бірінші Орталық ғылыми кітапханаға келді. Алғаш американдықтар Ресеймен бірігіп жасаған кітапханалық МЕГА ПРО программасын енгізіп, электронды каталог дайындауды бастадық. Мамандардың аздығына байланысты қазір кітапхана қорының 30 пайызы ғана электрондық каталогқа енсе, 10 пайызы электронды нұсқада оқуға қолжетімді.

Биылдан бастап электронды кітап жасау жұмысы жолға қойылды. Қыркүйек айында А2, А1, А0 форматтағы 4 сканер және бір жаңа үлгідегі робот сканер алынды. Кітапхананы автоматтандыру бөлімінің жұмысы енді қарқынды жүреді.

Қандай кітаптар жиі сұранысқа ие?

– Кітапхана ғылыми бағытта болғаннан кейін мына сала көп, мына сала аз сұраныста деп айта алмаймыз. Қазақстандағы ғылыммен айналысатын бар ғалым біздің қорды пайдаланады. Жаз бойы барлық облыстан жоғары оқу орынының мұғалімдері, ғылыми қызметкерлері келіп, өзіне қажет құжаттар қарайды. Ғылыми жұмысына қажетті материал жинайды.

«Бабалар сөзі» жүз томдық кітабын құрастыруда біздің кітапхананың қолжазба қорынан көп мәлімет алынды. Кітапханада әлі жарыққа шықпаған ғылыми зерттеуге түспеген басылымдар көп.

Сұранысқа ие басылымдарға келер болсақ, сирек кездесетін қолжазба мен кітаптарды қарауға оқырмандар арнайы келеді. Олар кітапханада апталап, тіпті айлап отырады. Сирек кітаптарға шетелден де көп сұраныс түседі.

Сирек кітапты көріп, оқу үшін жастар қаншалықты жиі келеді?

– Қазіргі жастар өте білімді, жаңалыққа құштар. Жоғары оқу орынында магистратура, докторантурада оқитын жастар жиі келеді.

Бұрын студент жастарға сирек кездесетін кітаптар берілмейтін болса, бүгінде электронды көшірмесі жасалды. Олар қажетті кітаптың электронды нұсқасымен таныса алады. Қазір студенттер де, мектеп оқушылары да ғылыми жобалармен айналысады, кітапханаға жиі келеді. Өте сирек қолға бере алмаймыз деген басылымдардың электронды көшірмесі жасалды. Олар оқырманға толық қолжетімді.

Қорға жиналған барлық басылым мен кітаптың электронды нұсқасы бар ма?

– Кезең-кезеңімен сандық форматқа өтуде. Қолжазбалар қоры толық түсті. Сирек кітаптың электронды көшірмесі мен академиялық басылымдар сканерленуде.

Басылымдардың электронды нұсқасын жасауды басты міндетімізге алдық.

– Қандай жоспарларыңыз бар?

– Біздің оқырмандар шетелдегі басылымдарды онлайн оқудың тетігі қарастырудамыз. Шетелдік кітапханалармен байланысты күшейтіп, онда шығып жатқан ғылыми жаңалықтармен оқырмандарды таныстыру – біздің басты міндетіміз.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға