9 тамызда Қазақстанның бірқатар өңірінде қатты ыстық болып, найзағай, екпінді жел, шаңды дауыл және тұман күтіледі. Синоптиктер бірнеше облыста дауылды ескерту жариялады.
«Қазгидромет» мәліметінше, жексенбі күні ең жоғары температура Қызылорда облысында тіркелуі мүмкін. Мұнда күндіз ауа температурасы +40…+43 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың орталығы мен шығысында шаңды дауыл болып, желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысында күндіз +40…+41 градус ыстық болады. Таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.
Атырау және Ұлытау облыстарында ауа температурасы +39 градусқа дейін, Алматы және Ақтөбе облыстарында +38 градусқа дейін көтеріледі.
Жамбыл облысында күндіз +38 градус ыстық күтіледі. Таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай болжанып, жел екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін.
Жетісу облысында +35…+37 градус, Қостанай облысында +35…+37 градус, Батыс Қазақстан облысында +35…+38 градус ыстық болады.
Ал Алматы қаласында 9 тамызда ауа температурасы күндіз +33…+35 градусқа дейін көтеріледі. Іле Алатауының таулы бөліктерінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал.
Астанада 9 тамызда жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. Түнде +13…+15 градус, күндіз +31…+33 градус болады. Ал 10 тамызда елордада күндізгі температура +34…+36 градусқа дейін көтеріледі.
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды және Павлодар облыстарының кей аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде жаңбыр, найзағай және бұршақ жаууы мүмкін.
Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Мамандар аптап ыстық кезінде күн астында ұзақ жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.