Симптомды ЖИ-ге жазатындарға ескерту: мамандар дабыл қақты

Симптомды ЖИ-ге жазатындарға ескерту: мамандар дабыл қақты
Фото: AI көмегімен жасалды

Ауырған жеріңізді жасанды интеллектіге жазсаңыз, ол бірнеше секунд ішінде ықтимал диагнозды атап, не істеу керегін түсіндіре алады. Бірақ оның жауабына сүйеніп ем қабылдауға бола ма? ЖИ дәрігерге қандай жағдайда көмектеседі, ал қай тұста қауіпті болуы мүмкін? El.kz тілшісі киберқауіпсіздік маманы мен медицина өкілдерінің пікірін сұрады.

Бұрын адам денсаулығына қатысты сұрағына жауап іздеу үшін медициналық сайттарды ақтарып, форумдар оқитын. Қазір бірнеше симптомды жасанды интеллектіге жазу жеткілікті. ЖИ ықтимал себептерді түсіндіріп, медициналық терминдерді қарапайым тілге аударып, тіпті қандай маманға қаралу керегін де ұсына алады. Бірақ дәл осы қолжетімділік жаңа тәуекел туғызды. ЖИ берген жауап сенімді әрі нақты көрінгенімен, оның қате немесе толық емес болуы мүмкін екенін пайдаланушы әрдайым аңғара бермеуі ықтимал. Ал денсаулық мәселесінде қателіктің салдары қарапайым ақпараттық қателіктен әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.

Мамандардың пікірінше, мәселе жасанды интеллектіні медицинада қолдану-қолданбауда емес, оны қандай мақсатта және қай шекке дейін пайдалануда. ЖИ ақпаратты іздеу мен жүйелеуде тиімді көмекші бола алады. Алайда диагноз қою мен емдеу тактикасын анықтау дәрігердің кәсіби құзыреті мен жауапкершілігінде қалуға тиіс.

ЖИ-ден сұрауға болады, бірақ диагнозды оған тапсыруға болмайды

Киберқауіпсіздік маманы Қозыке Сатыбалдының айтуынша, жасанды интеллектіні денсаулыққа қатысты ақпарат алу үшін пайдалануға болады. Алайда оның жауабын дәрігердің қорытындысымен теңестіруге болмайды.

ЖИ-ден медициналық көмек сұрауға болады, бірақ оны дәрігердің орнына емес, ақпараттық көмекші ретінде қолданған дұрыс. ЖИ-дің мәліметі үлкен көлемдегі оқыту деректеріне негізделеді, сондықтан кейде қате немесе толық емес ақпарат беруі мүмкін, – дейді Қозыке Амантайұлы.

Фото: Қозыке Сатыбалдының жеке мұрағатынан
Фото: Қозыке Сатыбалдының жеке мұрағатынан

Маманның сөзінше, ЖИ симптомдар мен медициналық терминдерді түсіндіруге, дәрігер қабылдауына алдын ала дайындалып, қажетті сұрақтарды құрастыруға көмектесе алады. Алайда оның жауабына сүйеніп, өз бетінше диагноз қою немесе ем қабылдау қауіп тудыруы мүмкін.

ЖИ симптомдар мен медициналық терминдерді түсіндіруге, дәрігерге қоятын сұрақтарды дайындауға көмектеседі. Бірақ қате диагнозға немесе дұрыс емес ем қабылдауға да әкелуі мүмкін. Сондықтан ЖИ – кеңесші, ал соңғы диагноз бен емді дәрігер анықтауы керек, – дейді маман.

Яғни медициналық ақпаратты түсіну үшін ЖИ-ге жүгіну мен диагноз қойып, ем тағайындауды оған тапсыру – екі бөлек нәрсе.

«Құлақ ауырса, ЖИ «отит» деп қоюы мүмкін»

Жасанды интеллектінің шектеуін оториноларингологиядағы қарапайым мысалдан көруге болады. Оториноларинголог Аян-Ғани Сегізбаев ЖИ ұсынған диагноз бен емге сүйеніп, өз бетінше емделуге болмайтынын айтады.

Менің ойымша, ЖИ арқылы диагноз қойып, ем қабылдау мүлде дұрыс емес. Өйткені ЖИ нақты диагноз қоя алмайды. Мысалы, құлақ ауырса, ЖИ көбіне «отит» деп айтады. Бірақ оның қандай отит екенін ажырата алмайды. Кейде саңырауқұлақтық отит кездеседі. Мұндай жағдайда кәдімгі отитке арналған тамшылар мен антибиотиктерді қолдануға болмайды. Ол жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін, – дейді Аян-Ғани Амантайұлы.

Дәрігердің айтуынша, аурудың атауын анықтау жеткіліксіз. Бір диагноздың бірнеше түрі болуы мүмкін, ал емдеу тәсілі соған қарай өзгереді. Сондықтан ЖИ ұсынған болжамды нақты диагноз ретінде қабылдамай, маманның тексеруінен өту қажет.

Құлақты арнайы камерамен қарап, тексерген жөн. ЖИ алдын ала диагноз ұсынуы мүмкін. Бірақ содан кейін міндетті түрде оториноларингологқа қаралу керек. ЖИ ұсынған еммен өз бетінше емделуге болмайды, – деп ескертеді маман.

Фото: Аян-Ғани Сегізбаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Аян-Ғани Сегізбаевтың жеке мұрағатынан

Аян-Ғани Сегізбаев мұндай айырмашылықтың гайморит кезінде де маңызды екенін айтады. Сырттай ұқсас белгілер болғанымен, аурудың түріне қарай емдеу тәсілі өзгеруі мүмкін.

Мысалы, созылмалы гайморит болуы мүмкін. Бірақ жасанды интеллект оны жедел гайморит деп көрсетуі мүмкін. Жедел гайморит кезінде көбінесе бір ем, созылмалы гайморит кезінде басқа ем қолданылады, – дейді Аян-Ғани Сегізбаев.

Осы мысалдар ЖИ ұсынған ықтимал диагноз бен дәрігер қойған клиникалық диагнозды теңестіруге болмайтынын көрсетеді. Ұқсас симптомдардың артында әртүрлі жағдай тұруы мүмкін, ал оны ажырату үшін пациенттің шағымымен қатар дәрігердің тексеруі қажет.

Бір ғана белгі емдеу тәсілін өзгертуі мүмкін

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының оториноларингологы Арман Қажғали да клиникалық тәжірибенің маңызына назар аударады.

Оториноларинголог үшін клиникалық тәжірибенің маңызы ерекше. Кейде эндоскопия немесе отоскопия кезінде байқалған бір ғана белгі емдеу тәсілін түбегейлі өзгертуі мүмкін, – дейді дәрігер.

Фото: Арман Қажғалидің жеке мұрағатынан
Фото: Арман Қажғалидің жеке мұрағатынан

Мұнда дәрігер мен жасанды интеллект мүмкіндігінің арасындағы маңызды айырмашылық көрінеді. Пациент ЖИ-ге өзін мазалаған белгілерді сипаттай алады. Бірақ медициналық қабылдау тек адамның айтқан шағымдарымен шектелмейді.

Жасанды интеллект пациентті дәрігер секілді көріп, бағалай алмайтынын ескеру керек. Оториноларингология тәжірибесінде біз тек компьютерлік томографияның немесе талдау нәтижелерінің қорытындысына сүйенбейміз. Науқаспен сөйлесеміз, эндоскопиялық және отоскопиялық тексеру жүргіземіз, белгілердің барлығын өзара байланыстыра отырып бағалаймыз, – дейді Арман Қажғали.

Яғни дәрігер үшін жеке симптомнан гөрі оның басқа белгілермен байланысы, тексеру нәтижесі және пациенттің жалпы жағдайы маңызды. Сондықтан маман жасанды интеллектіден бас тартуды емес, оны кәсіби жұмысты толықтыратын құрал ретінде пайдалануды ұсынады.

Ең бастысы – жасанды интеллектіні сауатты әрі жауапкершілікпен пайдалану. Ол дәрігердің кәсіби білімі мен тәжірибесін толықтыратын құрал болуы керек, бірақ медициналық пайым мен маманның жауапкершілігін алмастырмауы тиіс, – деп сөзін толықтырды ол.

ЖИ пациентке ғана емес, дәрігерге де көмекші бола алады

Жасанды интеллект туралы сөз болғанда көбіне пациенттің одан диагноз сұрауы талқыланады. Бірақ технологияның медицинадағы тағы бір мүмкіндігі – дәрігердің ақпаратпен жұмыс істеуін жеңілдету. Кардиолог Темірбек Жанпаизов ЖИ-ді дұрыс мақсатта қолдануға қарсы емес.

Жасанды интеллектіні дұрыс қолдануға қарсылығым жоқ. Медицина қарқынды дамып келеді, жаңа ұсынымдар мен ақпараттар үнемі жаңарып отырады. Оның бәрін бірдей қадағалап отыру оңай емес. Сондықтан ЖИ-ді науқасты емдеу үшін емес, қажетті медициналық ақпаратты жылдам тауып, саралауға көмектесетін құрал ретінде пайдаланған дұрыс, – дейді кардиолог.

Фото: Темірбек Жанпаизовтың жеке мұрағатынан
Фото: Темірбек Жанпаизовтың жеке мұрағатынан

Оның пікірінше, технология жас дәрігерлерге диагнозды дұрыс тұжырымдауға да көмектесе алады.

Жасанды интеллект жас дәрігерлерге диагнозды дұрыс тұжырымдауға көмектесе алады деп ойлаймын. ЖИ-ға сұрақты нақты әрі дұрыс қоя білсең, қажетті ақпаратты да соғұрлым дәл алуға болады, – дейді Темірбек Жанпаизов.

Алайда дәрігер технологияға шамадан тыс сүйенуге болмайтынын ескертеді.

Барлық науқасты жасанды интеллектінің көмегімен емдеуге қарсымын. Дәрігер ең алдымен науқасты өзі қарап, оның жағдайын бағалап, клиникалық қорытындысын қалыптастыруы керек, – дейді маман.

«Бұрын кітаптар мен мақалаларды ашып оқитынбыз»

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігер-офтальмологы Ильзира Талипова жасанды интеллектінің басты артықшылығы қажетті медициналық ақпаратты жылдам табуға көмектесуінде деп есептейді.

Менің ойымша, жасанды интеллектінің көмегі зор. Алайда соңғы шешім дәрігердің жауапкершілігінде екенін ұмытпауымыз керек. Бұрын ерекше жағдай кездесіп, диагноз қою қажет болғанда дәрігер ізденіп, ғылыми еңбектерді, кітаптар мен мақалаларды қарап, қажетті ақпаратты өзі іздейтін, – дейді Ильзира Қуатқызы.

Фото: Ильзира Талипованың жеке мұрағатынан
Фото: Ильзира Талипованың жеке мұрағатынан

Бүгінде жасанды интеллект осы процесті едәуір жеңілдетіп, қажетті мәліметті қысқа уақытта тауып, жүйелеуге мүмкіндік береді. Дегенмен маман ақпаратты табу мен сол ақпарат негізінде медициналық шешім қабылдаудың ара-жігін ажырату қажет екенін айтады.

Қазір жасанды интеллект қажетті мәліметті жылдам тауып, жүйелеп бере алады. Оның басты көмегі де осында. Бірақ соңғы шешімді дәрігер қабылдайды. Бұл дәрігердің біліктілігі мен клиникалық ойлау қабілетіне байланысты, – дейді офтальмолог.

Оның пікірінше, технология дәрігердің кәсіби пайымын алмастыруға емес, оны ақпаратпен қамтамасыз етуге қызмет етуі керек.

Жасанды интеллектіні дәрігердің орнына ойлайтын құрал емес, дәрігердің ойлауына көмектесетін құрал ретінде қарастырған дұрыс, – дейді Ильзира Талипова.

ЖИ дәрігерді алмастыра ала ма?

Мамандардың пікіріндегі ортақ тұжырым – жасанды интеллектінің медицинадағы міндеті дәрігерді алмастыру емес, ақпаратпен жұмыс істеуді жеңілдету. Пациент үшін ЖИ медициналық терминдерді түсіндіруге, симптомдар туралы жалпы мәлімет алуға және дәрігер қабылдауына алдын ала дайындалуға көмектесе алады. Ал медицина мамандары оны ғылыми ақпаратты іздеу, ауқымды деректерді жүйелеу және қажетті мәліметті жылдам табу үшін пайдалана алады.

Фото: Ильзира Талипованың жеке мұрағатынан
Фото: Ильзира Талипованың жеке мұрағатынан

Алайда диагноз қою тек симптомдарды салыстырумен шектелмейді. Бірдей белгі әртүрлі ауруға тән болуы мүмкін. Кей жағдайда тексеру кезінде анықталған бір ерекшеліктің өзі дәрігердің бастапқы болжамын өзгертіп, емдеу тәсілін қайта қарауға негіз болады.

Сондықтан мәселе «ЖИ ме, әлде дәрігер ме?» деген таңдауда емес. Мәселе – технологияның мүмкіндігі мен медициналық шешімнің жауапкершілігін шатастырмауда.

Жасанды интеллект медицинаға енген сайын оны қолдану аясы да кеңейе береді. Бірақ мамандар айтқандай, ЖИ ақпаратты табуға және талдауға көмектесетін құрал болғанымен, нақты диагноз қою мен емдеу тактикасын анықтау дәрігердің клиникалық тәжірибесі мен кәсіби жауапкершілігінде қалуы тиіс.

Оқи отырыңыз