Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауына халықаралық бақылау жүргізген Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің миссиясы сайлау барысының ұйымдастырылу деңгейіне мен ашықтығына жоғары баға берді. Бұл туралы байқаушылар Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхунның айтуынша, елімізідң халықаралық байқаушыларды шақыруы Қазақстанның Құрылтай сайлауын барынша ашық әрі ашықтық қағидаттарын сақтай отырып өткізуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Миссия мүшелері сайлау учаскелеріне ашылғанға дейін барып, бюллетеньдерді дайындау барысын және дауыс беруге қажетті жағдайлардың қамтамасыз етілу деңгейін бақылаған. ШЫҰ елдірінің миссиясы тарапынан бақылау Астана қаласы мен Ақмола облысында жүргізілді. Сайлау қарсаңында және дауыс беру күні миссия өкілдері 102 сайлау учаскесіне барған.
Т.Р. Мидхун сайлаушылардың азаматтық белсенділігін және учаскелік сайлау комиссиялары қызметкерлерінің кәсібилігін ерекше атап өтті. Ол комиссия мүшелері сайлауды өткізу үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз еткенін жеткізді.
Сайлау учаскелерінде қажетті құжаттар, ақпараттық-анықтамалық материалдар, байқаушыларды тіркеу журналдары, кезекшілік кестелері мен өзге де мәліметтер толық көлемде ұсынылған, – деді ол.
Сондай-ақ, миссия сайлау күні әйелдер мен жастардың белсенді қатысқанына назар аударды. Бақылаушылар сайлау учаскелеріндегі дауыс беру бірқалыпты әрі ұйымдасқан түрде өтіп, белгіленген тәртіп пен көзделген барлық рәсімдер толық сақталғанын айтты.
Т.Р. Мидхунның айтуынша, дауыс беру күні миссия өкілдеріне бірде-бір шағым немесе ескерту түспеген. Миссия алғашқы Құрылтай сайлауын ашық, шынайы әрі демократиялық қағидаларға сәйкес өтті деп бағалады.
Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесінің Білім, ғылым, мәдениет және әлеуметтік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Наталия Павлюченко да сайлаудың ұйымдастырылуына жоғары баға берді.
Оның айтуынша, ШЫҰ миссиясының мүшелері сайлау учаскелеріне дауыс берудің қарсаңында да, дауыс беру күні де барып, сайлаушылар үшін жасалған жағдайлар мен учаскелердің дайындық деңгейін бақылаған.
Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Алена Булгакова сайлау процесінің жариялылығы мен ашықтығына ерекше мән берді.
Сайлау комиссияларының мүшелері үй-үйді аралап, азаматтарды ақпараттандырып, дауыс беру тәртібі мен мемлекеттік құрылымдағы алдағы өзгерістер туралы толық түсіндірме жұмыстарын жүргізген, – деді ол.
Сөз соңында Миссия өкілдері Қазақстан халқын Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.
ТМД байқаушылар миссиясы Қазақстанда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауына қорытынды бағасын берді. Байқау нәтижесі бойынша ТМД миссиясы дауыс беру нәтижесіне әсер етуі ықтимал заң бұзушылықтарды анықталмағаны белгілі болды. Халықаралық байқаушылар сайлауды әділ, бәсекеге толы әрі ашық өтті деп бағалады.
Дауыс беру күні Миссия өкілдері Қазақстанның 14 өңіріндегі 900-ден астам сайлау учаскесінде болған. Миссия басшысы, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенконың айтуынша, дауыс беру ұйымдасқан түрде, тыныш әрі қолайлы жағдайда өтті, ал дауыстарды санау рәсімі сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілді.
Сайлау нәтижелеріне әсер етуі мүмкін заң бұзушылықтар анықталған жоқ, – деді Игорь Петришенко.
Оның айтуынша, сайлауды әзірлеу және өткізу кезеңінде сайлау заңнамасының ықтимал бұзушылықтарына жедел ден қою және қабылданып жатқан шаралар туралы азаматтарды хабардар ету үшін қажетті жағдайлар жасалған. Бақылаушылара келіп түскен шағымдар мен өтініштердің заңда белгіленген тәртіппен қаралғанын да айтты.
Миссия басшысы сайлау процесінің құқықтық негіздеріне де жеке тоқталды. ТМД байқаушыларының бағалауына сәйкес, Қазақстанның қолданыстағы сайлау заңнамасы сайлауды еркін әрі демократиялық жағдайда өткізуге жеткілікті мүмкіндік береді.
ТМД миссиясы сайлау науқанын байқауға 3 тамызда кірісті. Осы уақыт аралығында оның өкілдері сайлау комиссияларының мүшелерімен және сайлаушылармен кездесіп, дауыс беруге дайындық барысын, дауыс беру процесін және одан кейінгі дауыстарды санау рәсімін бақылап отырды.
Жалпы байқау жұмысының қорытындысы бойынша Миссия сайлауға түпкілікті бағасын берді.
ТМД байқаушылар миссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, елдің сайлау заңнамасына толық сәйкес өткізілді. Әділ, бәсекеге толы әрі ашық сипатта болды және Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркін ашық түрде білдіру құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік берді деген қорытындыға келді, – деді Игорь Петришенко.
Осы уақытта Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады.
ОСК-ның алдын ала деректеріне сәйкес, «Әділет» партиясы 71,17% дауыс жинады. «Ауыл» партиясына сайлаушылардың 6,26%-ы, Respublica партиясына – 5,56%-ы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына – 5,21%-ы, ЖСДП-ға – 5,11%-ы дауыс берген. ҚХП 3,11%, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 1,07% дауыс жинады. Дауыс беруге қатысқандардың 2,51%-ы «Бәріне қарсымын» нұсқасын таңдады.
Сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша Құрылтайда бес саяси күш – «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП өкілдік ету құқығына ие болды.
ТүркПА халықаралық бақылаушылар миссиясы Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауы бірқалыпты әрі ұйымдасқан жағдайда өткенін мәлімдеді. Бақылаушылар сайлау барысының ашықтығын, барлық санаттағы азаматтардың дауыс беруге жасалған жағдайды және жастардың белсенділігін ерекше атап өтті.
Сайлауды бақылау қорытындысын Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТМПА) миссиясының басшысы Осман Местен таныстырды.
Оның айтуынша, миссия мүшелері Қазақстанның сайлау заңнамасы мен оған енгізілген өзгерістерді, сайлаушылар мен кандидаттарды тіркеу тәртібін, сайлауалды науқанның өту барысын, сондай-ақ сайлауды бақылауды ұйымдастыру тәртібін зерделеген.
Осман Местен биылғы сайлау науқанының елдің саяси даму жолындағы айрықша маңызына да тоқталды. 23 тамызда өткен сайлау Қазақстан бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшкеннен кейінгі алғашқы парламенттік сайлау болды.
Миссия сайлау органдарының науқанға дайындығын және оны өткізу жұмыстарын, соның ішінде сайлауды қамтамасыз ететін азаматтарды оқыту мен халықты ақпараттандыру шараларын оң бағалайды. Біз барған сайлау учаскелерінде дауыс беру ұйымдасқан түрде өтті. Сайлаушылар өз таңдауын еркін жасап, дауыс беру құқығын еш кедергісіз жүзеге асыра алды, – деді Местен.
Дауыс беру күні ТүркПА өкілдері Астана мен Алматыдағы сайлау учаскелерін аралып, олардың ашылуынан бастап дауысты санау процесіне дейін бақылаған.
Миссия мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне жасалған жағдайға да ерекше назар аударды. Бақылаушылар сайлау учаскелерінде пандустар, Брайль қарпіндегі арнайы үлгілер, сондай-ақ көру және есту қабілеті шектеулі азаматтарға арналған көмекші құралдар қарастырылғанын атап өтті. Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық материалдары мен отырыстары да ымдау тіліне аударылған.
ТүркПА-ның Қоршаған орта, табиғи ресурстар және денсаулық сақтау комиссиясының мүшесі Махмұт Өзер Қазақстандағы сайлауды басқа елдердегі сайлау процестерімен салыстыра отырып, екі ерекшелікке баса назар аударды.
Біріншісі – барлық азаматтың дауыс беру құқығын жүзеге асыруына мүмкіндіктің берілуі. Мәселен, денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтар мен шетелде жүрген қазақстандықтардың да дауыс беруіне толық жағдай қарастырылған. Екіншісі – Қазақстанның халықаралық бақылаушылар үшін ашық болуы.
Дауыс беру барынша ашық өтіп, халықаралық байқаушылар үшін сайлау барысын бақылауға барлық жағдай жасалды, – деп түйіндеді Өзер.