Қазақстан Жазушылар одағында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған жиын өтті.
Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай, сондай-ақ жазушы Смағұл Елубай, әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова, жазушылар Қанат Қайым, Жүсіпбек Қорғасбек, ақындар Әділғазы Қайырбеков, Пәтигүл Мақсатова, Маралтай Райымбекұлы, Ерлан Жүніс және басқа да қаламгерлер қатысты.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашып, кітаптың қаламгерлер қауымы мен жалпы қоғам үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, әдебиет пен сөз өнерінің басты мұратының бірі – адамды адалдыққа тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда жинақтың атауында да терең мән бар.
Әдебиет пен сөз өнерінің басты мұраты – адамды адалдыққа тәрбиелеу. Сондықтан «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атаудың өзі біз үшін үлкен мәнге ие. Шын сөз айтылмайынша, әділетті қоғам да қалыптаспайды. Мемлекет басшысының әр жылдардағы сөздерінен ел тағдырына, ұлттық құндылықтарға, заң мен тәртіпке, ұрпақ тәрбиесіне қатысты азаматтық ұстанымын анық аңғаруға болады. Бұл жинақ – бүгінгі Қазақстанның даму жолын, қоғам алдындағы міндеттерді түсінуге мүмкіндік беретін маңызды еңбек, – деді Мереке Құлкенов.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың әдебиет пен мәдениеттің қоғамдағы орнына ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ президенттің кітапқа енген «Мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын» деген сөзі қаламгерлерге артылған сеніммен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.
Мемлекет басшысының аталған кітаптағы: «Мен мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын» деген сөзі – қаламгер қауым үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі үлкен сенім білдіретін сөз. Бұл бізге, жазушыларға, үлкен міндет жүктейді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға қаламгерлер де сапалы шығарма арқылы жауап беруі тиіс, – деді ол.
Жазушылар одағының төрағасы президент өз сөздерінде әділеттілік, заң үстемдігі, еңбекқорлық, жауапкершілік, ұлттық бірлік, қоғамдық келісім, білім, ғылым, мәдениет пен руханият мәселелеріне тұрақты назар аударып келе жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, бұл тақырыптардың барлығы әдебиетпен тікелей сабақтас.
Мереке Құлкенов әділетті қоғам құру үшін ең алдымен әділетті сана қалыптастыру қажет екенін айтты. Бұл үдерісте отбасы мен мектеп, білім мен ғылыммен қатар әдебиеттің де орны айрықша.
Жас ұрпақ кітаптан ел тарихын, адамгершілікті, отаншылдықты, достық пен адалдықты үйренеді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетті насихаттау – мемлекеттің рухани қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе, – деді ол.
Жиында жаһандану жағдайындағы ұлттық әдебиеттің алдында тұрған міндеттер де сөз болды. Ақпарат ағыны күшейіп, оқырман талғамы өзгерген кезеңде қазақ әдебиеті дәстүрлі биігін сақтаумен қатар, жаңа заманның өзекті мәселелерін батыл көтеруі қажет екені айтылды. Сондай-ақ қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару және ұлттық әдебиетті халықаралық кеңістікке кеңінен таныстыру мәселесіне назар аударылды.
Мемлекет басшысының қазақ әдебиетін қолдау жөніндегі ұстанымы осы бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан Жазушылар одағы да осы міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесін қосуға дайын. Біз жас қаламгерлерді қолдау, әдеби аударманы дамыту, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттау, кітап оқу мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Мереке Құлкенов.
Басқосу барысында ақын-жазушылар мен әдебиет өкілдері де жинақтың мазмұнына қатысты пікір білдірді. Олар президенттің елдің болашағы, ұлттық бірлік, мемлекеттік тіл, жастар тәрбиесі мен рухани құндылықтар жөніндегі ойларына тоқталды.
Жиынға қатысушылар «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағын мемлекет басшысының мемлекет құру мен қоғамды дамытуға қатысты көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын көрсететін маңызды басылым ретінде бағалады. Сондай-ақ кітаптың қоғамдық ойды дамытуға және жас ұрпақтың елдік санасын қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.