Жаңалықтар

Шымкенттік полицейлер 48 адамды ІІМ ғимаратында негізсіз ұстап отырған

Шымкенттік полицейлер 48 адамды ІІМ ғимаратында негізсіз ұстап отырған
Фото: © Polisia.kz 23.11.2023 14:33 515

Шымкент қалалысының прокуратурасы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын жүйелі түрде бақылап отырадыдеп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қылмыстық процестік кодексінің 129-бабына сәйкес Жеткізу – адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы.           

Егер адамға қарсы қылмыс жасады деген күдік расталмаса, қылмыстық қудалау органының қызметкері оны дереу босатуға міндетті.

Алайда бұл заңды талапты кейбір лауазымды тұлғалар көбіне сақтамайды.

Сондықтан құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында прокурорлар қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелеріне тексеру жүргізіп отырады.

Атап айтқанда, полиция басқармаларын прокурормен тексеру барысында қандайда бір тергеу әрекеттерін жүргізбей, жеткізілген 3 тұлғаны 3 сағаттан астам уақыт бойы ғимаратта заңсыз ұсталғаны анықталды. Құқығы бұзылған адамдар прокурормен дереу босатылды.

Жиналған құжаттар қызметтік тергеу жүргізіп, кінәлі полиция қызметкерлерін заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін Шымкент ҚІІБ-нің ішкі қауіпсіздік басқармасына жолданды.

Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, биыл Шымкент прокурорлары полиция ғимараттарында заңсыз болған 48 адамды (оның ішінде Қаратау ауданында – 23, Тұран ауданында – 9, Әл-Фараби ауданында – 8, Абай ауданында – 7, Еңбекші ауданында – 1) босатқан.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 24 лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жазаға тартылды.

Қала прокуроры, біз қылмыстық процестік заңнамасының мүлтіксіз орындалуына ұмтылуымыз керек, азаматтардың құқық қорғау органдары ғимаратында бір минуттан аса негізсіз болуына жол берілмеуі керек және олардың құқықтарын бұзғандар үшін салдары болады деп атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға