Жаңалықтар

Шымкенттегі тыл ардагерінің жағдайы жаға ұстатты

13.05.2025 17:28 813
Шымкенттегі тыл ардагерінің жағдайы жаға ұстатты

Шымкентте адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген тыл еңбеккерін еріктілер тауып алып, оның аянышты жағдайын көрсетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бейнекадрларда үй ішінде тарақандар қаптап кеткен, кір-қожалақ әрі антисанитариялық жағдайда жалғыз отырған қарт әжейдің көрінісі көпшіліктің жағасын ұстатты. Қарияның үстінде жұқа күртеше ғана болған, ал беті мен қолын жара басқан, тырнақтары шіруге айналған. Волонтерлердің айтуынша, әжейдің есімі – Мария Пономарёва. Оны қарттар үйіне тапсырмай, сіңлісі өз қамқорлығына алғанымен, қажетті күтім мен қарауды қамтамасыз ете алмаған.

Оқиғаға байланысты Шымкент қаласының әкімдігі ресми мәлімдеме жасап, дереу шара қолданылғанын хабарлады. Әкімдік мәліметінше:

Шымкент қаласының тұрғыны, 1933 жылы туған М.П. қараусыз қалғаны туралы хабар келді. Хабарламада А. Асқаров көшесі бойындағы пәтерде қарт әжейдің қараусыз қалғаны көрсетілген. Хабар түскен соң, Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты "Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы" қызметкерлерінен құралған мобильді топ көрсетілген мекенжайға барып, жағдайды тексерді, - делінген хабарламада.

Ресми ақпаратта атап өтілгендей, пәтердің есігі жабық болғанымен, ішінен әйел адамның жатқаны байқалған. Көршілерден алынған мәлімет бойынша, үйде жатқан әйелдің Мария Пономарёва екені анықталған және оның күнделікті күтімін қамтамасыз етіп жүрген сіңлісі соңғы үш күн бойы көрінбегені белгілі болған.

Әкімдік хабарламасында сондай-ақ: Жағдайға байланысты учаскелік полиция, Тұран ауданының әлеуметтік қызметкерлері және учаскелік дәрігер шақырылды. Әжейдің сіңлісімен байланыс орнату мүмкін болмағандықтан, көршілердің жазбаша арызы негізінде пәтер есігі төтенше жағдайлар қызметі арқылы ашылды, – деп көрсетілген.

Мария Пономарёва шұғыл түрде «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына» жеткізіліп, ол жерде арнайы күтім шаралары қолға алынды. Әжей орталықта жуындырып, толық тамақтандырылып, медициналық бақылауға алынды. Қазіргі уақытта оның денсаулығы жіті қадағалануда. Оқиға көпшіліктің әлеуметтік желілерде қызу талқылауына себеп болып, қарттарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселесіне қоғам назарын аудартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға