Жаңалықтар

Шымкентте күннің ыстығынан 10 адам ауруханаға түсті

Шымкентте күннің ыстығынан 10 адам ауруханаға түсті
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 08.06.2023 09:55 871

Шымкент тұрғындары аптап ыстық салдарынан ауруханаға түсіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық №1 клиникалық ауруханасына бір апта ішінде қан қысымы көтерілген 10 науқас жатқызылған. Бұл өткен аймен салыстырғанда едәуір көп. Дәрігерлер ыстық ауа райында асқынатын ауруы бар адамдар мейлінше сыртқа шықпағаны абзал дейді. Күніне 2-2,5 литр су ішіп, үнемі бас киіммен немесе қолшатырмен жүру керек екенін ескертеді.

Күн ысыған кезде асқынатын аурулар бар. Мысалы, артериялық қан қысымы, жүректің шамасыздығы, жүйке жүйесімен ауыратын адамдар, терісінде проблемасы барлар. Күннің тікелей адамға тиюіне байланысты аурулар асқынады. Мүмкіндігінше сыртқа шықпаған дұрыс. Шыққан күннің өзінде көлеңкемен, желдеткіші бар көлікпен жүру керек,-деді Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының ұйымдастыру әдістемелік бөлімінің басшысы Қуаныш Лекеров.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында аптап ыстық әлі үш күнге жалғасады. Синоптиктердің мәліметінше, 8 маусым күні қалада 36-38 градус ыстық күтіледі. Ал 9 маусым ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріледі деп болжауда. Тек 10 маусым ғана ыстықтың беті қайтады дейді мамандар. Шамамен +33 және +35 градус болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға