ШҚО ТЖД қызметкерлері «Қауіпсіздік әр үйге» акциясын өткізді

ШҚО ТЖД қызметкерлері «Қауіпсіздік әр үйге» акциясын өткізді
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлерінің, волонтерлер мен электр мамандарының қатысуымен пешпен жылытылатын тұрғын үйлерді аралап, пештердің, мұржалардың және электр сымдарының жай-күйін тексеруде. Тұрғындарға жылыту құралдарын пайдалану ережелері түсіндіріліп, мұржаларды күйеден уақтылы тазарту қажеттігі ескертілуде.

Әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылады. Құтқарушылар олардың үйлеріне улы газ датчиктерін орнатып, құрылғылар орнатылғаннан кейін олардың жұмыс жағдайын бақылауда ұстайды.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

«Қауіпсіздік әр үйге» профилактикалық акциясы тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған. Жылыту маусымы басталған кезде, әдетте, өрт саны мен улы газдан улану жағдайлары көбейеді. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе өрт шығу қаупі туындаған үйлерге ерекше көңіл бөлінеді.Жылыту маусымы басталғалы бері барлығы 20 мыңнан астам тұрғын үй араланып, 9 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында жылыту пештерінің мұржаларын уақытылы тазаламау, зақымдалған және тозған электр құрылғыларын пайдалану, ұшқын шығаратын розеткалар бар. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар тұратын 2 758 үйдің барлығына улы газ датчиктері 100 пайыз орнатылды», – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Фархат Әміре.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Полиция қызметкерлері рейдтер барысында қоғамға жат өмір салтын ұстанатын азаматтардың тұрғылықты жерлерін анықтап, олармен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Өйткені өрттен зардап шеккендердің арасында көбінесе мас күйінде жүретін және темекі шегу кезінде отты абайсыз пайдаланатын адамдар кездеседі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

«Қауіпсіздік әр үйге» акциясы өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шараларды іске асыруды көздейді. Сондай-ақ өрт оқиғаларының, адам өлімінің және улы газдан улану жағдайларының алдын алу мақсатында мекемелер мен қызметтердің күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Оқи отырыңыз