Қазақстандық видеограф, тревел-блогер және бұрынғы қазақ тілі пәнінің мұғалімі Дастан Мұхамедрахим WIBA Awards 2026 халықаралық сыйлығының «Үздік тревел-блогер» номинациясында жеңімпаз атанды. Бұл марапатты интернет-жобалар әлеміндегі «Оскар» деп те атайды. Бүгін Дастан Францияның Канн қаласында марапатына қол жеткізді.
Айта кетейік, 2026 жылдың ақпанында Дастан Мұхамедрахим WIBA Awards халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. Бұл марапат жыл сайын Парижде өтіп, цифрлық контент индустриясындағы ең беделді сыйлықтардың бірі саналады.
«20 қаңтарда Instagram-ның ресми парақшасынан хат келді. Онда WIBA Awards сыйлығының Year in Review номинациясына үміткер болғаным жазылыпты. Келісімімді берген соң, 15 ақпанда “Сіз жеңімпаз атандыңыз” деген хабарлама алдым», — дейді Дастан.
Жеңімпаздарды іріктеу кезінде қаралым саны ғана емес, контенттің визуалды эстетикасы мен креативтілігі де ескеріледі.
«Әдетте бұл марапатты әлемді аралап түсіретін тревел-блогерлер алады. Ал мен байқауға тек Қазақстанда түсірілген видеолармен қатыстым. Мен “Бұл — басқа ел емес, бұл — Қазақстан” деген трендті бастадым. Мысалы: “Бұл — Канада емес, бұл — Қазақстан”. Қазір әлемдік блогерлер осы форматты өз елдерінде қолдана бастады», — дейді ол.
Дастанның блогы Қазақстан табиғатына арналған. Қазір оның Instagram парақшасына 1,6 миллион адам жазылған. Ол ірі компаниялармен жұмыс істеп, халықаралық блогерлер саммиттерінде сөз сөйлеп, елдің табиғи сұлулығын әлемге танытып жүр.
Дрон ұшырған мұғалім
Дастан Мұхамедрахим Шығыс Қазақстан облысындағы Қызылкесік ауылында дүниеге келген. Алтыншы сыныптан кейін Семейдегі қазақ-түрік лицейіне (қазіргі Bilim-Innovation Lyceum) оқуға түседі. Кейін сол қаладағы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінің тіл және әдебиет факультетінде білім алған.
Оқуын аяқтаған соң Дастан лицейге қайта оралып, екі жыл бойы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Апталық жүктемесі небәрі төрт сағат болғандықтан, лицей жанындағы интернатта тәрбие жұмыстарымен де айналысқан.
Кейін директордың ұсынысымен оқу орнының Instagram парақшасын жүргізе бастайды. Алғашқы видеоларын iPhone 6 телефонына түсірсе, кейін оның жұмысына риза болған басшылық кәсіби камера сатып әперген.
2019 жылы Дастанның жобалары «Білім-Инновация» қорының назарын аударды. Ол Астанадағы орталық кеңсеге видеограф қызметіне шақырылып, барлық қажетті техникамен қамтамасыз етілді. Осы кезеңде негізгі жұмысымен қатар жеке Instagram парақшасын да дамыта бастайды.
«Ол кезде менің жазылушыларым өте аз еді — шамамен мың адам. Жеке блог жүргізіп, түсірілім мен камера жұмысы туралы сараптамалық видеолар жариялап көрдім. Бірақ мұндай контент аудиторияға аса өтпеді әрі оны жасау көп уақыт пен күш талап етті», — дейді Дастан.
Ал көрерменге ерекше ұнаған дүние — оның жұмыс дронымен «өзі үшін» түсірген Астананың әуеден көріністері болды. Дастанның айтуынша, ол сол кезде Қазақстанда сирек кездесетін шетелдік видеографтарға тән визуалды стильде түсіруге тырысқан.
Бұл контенттің қаралымын күрт өсірген. «Білім-Инновация» қорында жүргенде ол ел аймақтарына жиі іссапарға шығып, Маңғыстау табиғатын, Шымкент пен өзге өңірлердің қалалық және табиғи көріністерін түсіріп, жеке парақшасына жариялап отырған.
«Менің блогер боламын деген мақсатым болған жоқ. Бірақ отбасын құрған соң табысты арттыру керек болды. Ол кезде жалақым 300 мың теңге еді, ал бір жарнамалық интеграция үшін дәл сондай ақша төленетін. Сол кезде блогерлікпен кәсіби түрде айналысуды ойладым», — дейді ол.
Дастан Мұхамедрахим алғашқы табиғи ландшафт видеоларын Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалында және өңірдегі өзге де көрікті жерлерде түсірген. 2023 жылдың мамырында жарияланған видеоларының бірі шамамен 10 миллион қаралым жинады.
«Сол сәттен бастап алдыма мақсат қойдым: Қазақстанның бүкіл табиғатын түсірмей тоқтамаймын», — дейді блогер.
2023 жылдың шілдесінде Дастан «ByDastan» жеке кәсіпкерлігін инфлюенсер ретінде тіркеп, толықтай блогты дамытуға көшті.
Уилл Смитке шапан жапқан блогер
Кәсіби блогерлік басталғаннан кейін Дастанға Visit Zhetysu, Visit Atyrau сияқты туристік ұйымдардан коммерциялық ұсыныстар түсе бастады. Кейін Air Astana мен FlyArystan үшін жобалар түсіріп, Turkish Airlines компаниясымен келісімшарт жасады. Оның аясында бір жыл бойы бизнес-класс рейстерін пайдалану мүмкіндігіне ие болған. Сондай-ақ Qatar Airways жобалары да оның портфолиосына енген.
«Маған Rixos Hotels желісінің негізін қалаушы, түркиялық кәсіпкер Феттах Таминдже хабарласып, Дубайдағы қонақүйін түсіруді ұсынды. Жұмысым ұнап, барлық Rixos қонақүйлерінен осындай видеолар керек екенін айтты. Есесіне отбасыма әлемнің кез келген жеріндегі Rixos қонақүйінің президенттік люксінде бір апта тегін тұру мүмкіндігін берді. Тек сол қонақүйден бір видео түсіруім керек болды», — дейді блогер.
Қазір блог — Дастанның негізгі табыс көзі. Оның айтуынша, сапалы контент жасау үшін көптеген жарнамалық ұсыныстардан да бас тартады.
«Маған мейрамхана немесе дүкен жарнамасына қатысты ұсыныстар көп түседі. Бірақ сондай жобаларға көп алаңдасам, негізгі ісім екінші орынға сырғып кетеді», — дейді ол.
Сонымен қатар блогер алкоголь, энергетикалық сусын өндірушілерімен және құмар ойын бизнесімен жұмыс істемейтінін айтты.
Сондай-ақ тексерілмеген білім беру жобаларын да жарнамаламайды.
Қазір Дастанның блогында 1,6 миллион жазылушы бар. 2025 жылдың қарашасында оның Reels видеоларының бірі 700 миллион аудиториясы бар Instagram-ның ресми парақшасында жарияланды. Видео 114 миллион қаралым мен 264 мың пікір жинаған.
«700 миллион жазылушысы бар парақшаға шығу — сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Ол кезде Түркияда Turkish Airlines үшін түсірілімде жүргенмін. Ұшақтан шаршап түстім де, телефонға қарасам Instagram-нан хабарлама келіпті. Көзіме сенбедім, қосымшаны жауып қайта аштым, — дейді Дастан күліп. — Бір түнде 5 миллион қаралым қосылды. Бұл — әлемдік аудиторияға тікелей шығу еді. Instagram парақшасы әлем бойынша бар болғаны 200 адамға жазылған, ал қазір ТМД елдерінен жазылған жалғыз адам — менмін».
Осыдан кейін ол блогер MrBeast ұйымдастырған Дубайдағы 1 Billion Followers Summit жаһандық блогерлер саммитіне шақырту алған.
«Мен тревел-блогерлерге арналған сессияда сөз сөйлеп, алдыңғы қатарда голливуд жұлдызы Will Smithпен бірге отырдым. Тіпті оған қазақтың шапанын жабу да бұйырды. Сонымен қатар жуырда Дубайдағы жеке премиум ұшақтармен айналысатын Jetex компаниясынан ұсыныс түсті. Бұл — әзірге ең ірі келісімшартым», — деген еді Дастан наурыз айының басында.
«Сәтті ұстап қалу керек»
Халықаралық жобаларға қарамастан, Дастанның негізгі жұмысы Қазақстанда жалғасып жатыр. Локация таңдауда оған жазылушылары жиі көмектеседі.
«Әр жердің өз “алтын сәті” бар. Мысалы, Алматы облысындағы көкнәрдің гүлдеуі, ШҚО-дағы күнбағыстың жайқалуы немесе Индердегі тұзды көлдің ерекше күйі. Көлдің тереңдігі бір сантиметр ғана, үстімен жүгіріп өтуге болады. Бірақ мұндай әсер белгілі бір уақытта ғана байқалады», — дейді ол.
Дастанның айтуынша, Қазақстанның туристік әлеуеті әлі толық ашылмаған.
«Әр өңірдің өзіндік сұлулығы бар. Мен бәрін көрсеттім деу — жалған. Шын мәнінде, бұл шамамен 30 пайызы ғана», — дейді блогер.
Мысал ретінде ол Алматы облысындағы 180-ге жуық көлді атайды. Оның ішінде көпшілікке тек бірнешеуі ғана белгілі.
Сондай-ақ Маңғыстау өңірінің де әлеуеті жоғары екенін айтады. Соңғы ашқан жерлерінің бірі — Талдықорған маңындағы Үшкөл локациясы. Ол жерге жету үшін 6–8 сағат жол жүру керек, бірақ визуалды әсері Исландиямен тең дейді блогер. Негізгі мәселе — инфрақұрылым мен логистиканың әлсіздігі.
«Қазақстандағы ең әдемі жер деп мен Катонқарағайдағы Мұзтауды (Белуха) айтар едім. Ол жаққа тек тікұшақпен немесе атпен 15 сағат жүріп жетуге болады», — дейді ол.
Қазір Дастан жалғыз жұмыс істемейді. Оның командасында алты адам бар: видеографтар, монтажерлер, менеджер мен ассистент.
«Алғашқы жарнамалық табыс түскенде команда жасақтай бастадым. “Білім-Инновация” қорында жүргенде мыңға жуық адамға видеотүсірілімді үйреттім. Кейін солардың ішінен ең мықтыларын таңдадым», — дейді ол.
Дастанның есебінше, техника мен командаға 10 миллион теңгеден астам қаражат кеткен. Монтажға арналған қуатты компьютердің өзі шамамен 3 миллион теңге тұрса, камера — 2 миллион теңге. Бұған объективтер мен өзге жабдықтар кірмейді.
«Бір жылдың ішінде 12 дрон сындырдым. Бір дронның орташа бағасы — миллион теңге. Оның ішінде 2 миллиондық та, 500 мыңдық та модельдер болды», — дейді блогер.
Жасанды интеллект — жаңа бәсекелес
Дастан қазіргі кезеңді өзінің «прайм-таймы» деп атайды. Алайда оның айтуынша, әдемі визуалға негізделген контент жасаушылар үшін жасанды интеллект үлкен қауіпке айналып барады.
«Қазір көп адам видеоларыма сенбейді, нейрожелі жасаған деп ойлайды. Бұл біздің индустрия үшін үлкен сынақ. Алдағы екі-үш жылда адамдарды таңғалдыру әлдеқайда қиын болады. Бұрын видеоларым миллиондаған қаралым жинаса, ол ерекше кадрлар мен шынайы эмоцияның арқасы еді. Ал қазір жасанды интеллект кез келген дүниені жасай алады. Егер жаңа тренд немесе мүлде жаңа бағыт ойлап таппасақ, бұл саланың болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін», — дейді ол.
Дастанның айтуынша, халықаралық аудиторияның Қазақстанға қызығушылығы артқаннан кейін 2025 жылы Das Tour туристік компаниясы іске қосылған.
«Мақсатымыз — Қазақстанды тек ел ішінде емес, бүкіл әлемге таныту және шетелдік туристерді тарту. Біз тікұшақпен, жол талғамайтын көліктермен және ұзақ ат маршруттарымен саяхат ұйымдастырамыз», — дейді блогер.
Сонымен қатар ол мобилография бойынша оқу курстарын өткізіп, алдағы уақытта деректі жобалар мен жеке YouTube арнасын іске қосуды жоспарлап отыр.