Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешені жаңа инвестициялық жобамен толығады. Ұлан ауданының Таврия ауылында жылына 150 миллион дана жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіруге қауқарлы құс фабрикасының құрылысы басталды.
Жобаға 5,5 миллиард теңге инвестиция салынып, жүзден аса тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өңірдің жұмыртқамен қамтамасыз етілу деңгейі өседі. Бұл ішкі нарықтағы сұранысты толық өтеуге, сондай-ақ отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашпақ.
Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларымен сабақтас. Президент отандық өндірісті өркендету мәселесін экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Бұл ретте жаңа өндіріс орындарын ашу тек өнім көлемін арттырумен шектелмейді. Ол импортқа тәуелділікті азайтуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлердің экономикалық дербестігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстанда қолға алынған инвестициялық жоба осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Құрылыс алаңында өткен капсула салу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов инвестициялық жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау – облыстың экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі.
Бүгінгі шара – Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз үшін инвестиция тартумен қатар, оның нақты нәтижесін көру маңызды. Яғни, жаңа өндіріс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, өңір экономикасына үлес қосуы керек. «Altai Qus» жобасы осы міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз. Облыс әкімдігі өз тарапынан инвестициялық жобаларды қолдауға және олардың сапалы жүзеге асуына қажетті жағдай жасауға дайын, – деді ШҚО әкімі.
Шын мәнінде, мұндай инвестициялық бастамалардың мәні тек қаржы көлемімен немесе құрылатын жұмыс орындарының санымен өлшенбейді. Ең бастысы – өңірде жаңа өндірістік қуат қалыптасып, халық күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің отандық өндірісі ұлғаяды. Бұл импорттық өнімге тәуелділікті төмендетіп, ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, өндірістің дамуы ауыл шаруашылығы мен оған қызмет көрсететін салалардың өзара байланысын нығайтып, жергілікті экономиканың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында да агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту, азық-түлік өндірісін дамыту және фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселелеріне айрықша назар аударды. Президент инвестиция тиімділігі ең алдымен іске қосылған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және олардың экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, азық-түлік саласындағы отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өнім өндіру мен оны өткізуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты.
Инвестордың айтуынша, өндірісте заманауи технологиялар қолданылып, өнім көлемін ұлғайтуға басымдық беріледі. Жобаны жүзеге асыруға құйылатын жоспарлы қаражат сомасы 5,5 млрд теңгені құрайды. Жылына 150 миллион дана жұмыртқа және 400 тонна құс етін өндіріп, 150 тұрақты жұмыс орны ашу межесі тұр.
Айта кетейік, қазір облыстың тауық жұмыртқасына деген сұранысының 30 пайызы ғана жергілікті өндіріс есебінен өтеледі. Жаңа фабрика толық қуатына шыққан жағдайда бұл көрсеткіш 109 пайызға дейін жетпек. Яғни, өңір ішкі қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған өнімді сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік алады.
Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру тұрғысынан маңызды. Экспорттық бағыттың жолға қойылуы кәсіпорынның өндірістік қуатын тиімді пайдалануға, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өңірге қосымша табыс тартуға жол ашады. Осылайша, бір инвестициялық жоба бірнеше экономикалық міндеттің шешілуіне ықпал етпек.
Жоспарға сәйкес, құс фабрикасы 2027 жылы пайдалануға берілуі тиіс.