Жаңалықтар

ШҚО-да көкөніс өсіруге жеңілдетілген несие беріледі

Өңірдегі ірі шаруашылықтар көкөніс өсіруге қызығушылық танытпай отыр
ШҚО-да көкөніс өсіруге жеңілдетілген несие беріледі
Фото: basta.kz 06.03.2023 04:08 489

Шығыс Қазақстанда көкөніс өсіруге жеңілдетілген несие беріледі, деп хабарлайды El.kz Altaynews-ке сілтеме жасап.

Облыстағы көкөніске деген қажеттілік жеке қосалқы шаруашылықтар есебінен жабылып отыр екен. Биыл шығыста 10 мыңнан астам гектар алқапқа көкөніс дақылдарын егу жоспарланған.

Облыс екіге бөлінгенге дейін көкөністердің басым үлесі  қазіргі Абай облысы аумағындағы  шаруашылықтарда егіліп келгенін білесіздер. Сондықтан біз биылдан бастап облыста көкөніс өсіру көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Алайда облыстағы ірі шаруашылықтар тарапынан көкөніс дақылдарын өсіруге қызығушылық болмай отыр. Облыста көкөніске деген қажеттіліктің бәрі жеке қосалқы шаруашылықтар есебінен жабылып отыр, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова.

Ал көкөніс өсірушілерге мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын субсидия, несиелер беріледі. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштар сеуіп, гербицид сияқты өсімдікті зиянкестерден қорғау дәрілерін пайдаланған көкөніс, өсімдік өсірушілерге оларды сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызын қайтарып береді. Тұқым сатып алушыларға  да субсидия қарастырылған. Ауыл тұрғындары, шаруашылық иелері өздерінің жерлерінде, бау-бақшаларында көкөніс өсіру үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені кепілдік қоя отырып ала алады. Мұндай несиені мал өсіру мақсатында да алуға болады.

ШҚО-да осы мақсаттарға биыл 755 миллион теңге бөлініп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы қазір бұл қаржыға қосымша 1 млрд 245 млн теңгеге өтінім беріпті. Қазіргі күні ауыл округтерімен осы жеңілетілген несиелерді игеру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға