Жаңалықтар

ШҚО-да 160 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады

ШҚО-да 160 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 07.09.2024 19:38 285

Шығыс Қазақстан облысында биыл 160 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ШҚО Жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы ауылшарушылығы мақсатында қолданылмай бос жатқан жерлерді қайтару жұмыстары басталғанда бір жыл ішінде 100,6 мың гектар жер қайтарылған. 2023 жылы жер иелері өз еркімен 125,7 мың гектар жерді қайтарды. Ал, осы жылы 160 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында жыл басынан бері 58 мың гектардан астам жер қайтарылды. Бұл жылдық жоспардың 36%-ын құрайды. Ең көп жер қайтарғандар Күршім (14,8 мың га), Алтай (3,9 мың га) аудандарында және Өскемен қаласында (408,4 га) тіркелді, - дейді басқарма басшысы Надежда Михейлис.

Жер кодексіне сәйкес жер иелері учаскелерді мақсатты түрде пайдалануға міндетті. Әйтпегенде, олар мәжбүрлеп алынуы мүмкін. Жерді пайдалану талаптарын бұзғаны үшін жер иелеріне айыппұлдар салынып, салық ставкалары 20 есеге артады.

«Басты кедергілердің бірі – жер иелерін анықтау. Көбінесе олар шетел асып кетеді немесе байланысқа шықпайды», - дейді ШҚО бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Сейсенғазы Чукаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға